Алайда Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жарамсыз деп танылған мектептер 1 қыркүйекте жұмыстарын жалғастыратын болды

Облыстың бірқатар мектептері апатты жағдайда. Жаңа оқу жылына дайын еместері тағы бар. Алайда Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жарамсыз деп танылған мектептер 1 қыркүйекте жұмыстарын жалғастыратын болды. Кем-кетікті түзеу мерзімі 1 қарашаға дейін ұзартылған.

Облыстың бірқатар мектептері апатты жағдайда. Жаңа оқу жылына дайын еместері тағы бар
Облыстың бірқатар мектептері апатты жағдайда. Жаңа оқу жылына дайын еместері тағы бар

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков осы мәселе төңірегінде қала, аудандық білім бөлімдері басшыларын жинап, келелі жиын өткізді.

Жоспарға сәйкес 25 тамызда барлық мектептер оқу жылына толық дайын болуы қажет. Алайда әлі атқарылмаған тірліктер мен толып жатқан кемшіліктер үмітті ақтамай отыр. Әсіресе, Арыс, Сайрам, Төлеби аудандары дайындық жұмыстары бойынша көш соңында қалып қойған.

35-021

Сондай-ақ, облыс мектептері төтенше жағдайларға толық дайын емес болып шықты. Өрт-техникалық тексеру нәтижесінде 1006 мектептің 138-і өртке қарсы талаптарға сай емес болса, 696 нысанға автоматты дабыл қаққыш орнату қажет. Сондай-ақ, көпшілігінде өрт сөндіру жүйелерін сумен қамтамасыз ету нормаға сай келмейді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарын өрт қауіпсіздігі сақталмаған мектептер алаңдатып отыр. Кінәні өзгеден іздеуге құмартқан білім бөлімдерінің басшылары «алдын ала ескертсеңіздер екен бұдан былай, бірлесіп жұмыс жасайық» деген ұсыныс тастады. Алайда, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары дәл осындай тексерудің қаңтар айында да жүргізілгенін айтады. «Қыста айтылған ескертулер осы күнге дейін орындалмаған. Енді келіп біздің қызметкерлерді кінәлауда. Сол кезден кем-кетікті түзетсек, жағдай осылай болмас еді» деген Уәлихан Ережепов «нақты іске көшсек» дейді.

Алайда Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жарамсыз деп танылған мектептер 1 қыркүйекте жұмыстарын жалғастыратын болды
Алайда Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жарамсыз деп танылған мектептер 1 қыркүйекте жұмыстарын жалғастыратын болды

– Биылдың өзінде 1580 нысан тексерілді. 906 мектеп директорына әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынды. Кемшіліктер толып жатыр. Ал қалған жабылады деген мектептердің шаруасы әбден біткен, оны жаппау қылмыспен тең, – дейді ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы У. Ережепов.

35-022

Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Бақытжан Запаровтың айтуынша, облыс бойынша өрт қауіпсіздігіне сай емес 213 мектеп анықталған, оның 112-іне соттың шешімі шығып үлгеріпті. Дайын емес мектептердің тізімін Сайрам ауданы бастап тұр, онда 69 мектеп мұндай талаптарға сай емес болып шығыпты. Төлеби де қара тізімнен қалыспаған, ондағы 40 мектепте өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған.

35-023

35-024

 

 

Оқу ошақтарының қысқа дайындық жұмыстарында да жағдай мәз емес. Мектепті қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша Ордабасы мен Отырар аудандары тапсырманы небәрі 11-14 %-ға ғана орындапты. Тіпті кейбір мектептер жанар-жағармай тасымалдайтын мекемелермен әлі күнге келісімшарт жасамаған. Ал жоспар бойынша 1 қыркүйекте барлық білім ошақтары қысқа толық дайын болуы қажет. «Жылда атқарып жүрген тірліктеріңіз ғой. Неге уақытылы аяқтамайсыздар. Тапсырманы толық атқарған аудандардың сіздерден не артықшылығы бар? Бос сылтауды көбейтпей, тезірек аяқтаңыздар» деп ашуға булыққан Сәкен Әсембекұлы, бөлім басшыларының міндетін тағы еске салып өтті.

Кем-кетікті түзеу мерзімі  1 қарашаға дейін ұзартылған
Кем-кетікті түзеу мерзімі
1 қарашаға дейін ұзартылған

Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Сакен Қаныбеков директор ауыстыру мәселесін қатты сынға алды. «Жаңа оқу жылы болса таяп тұр, сіздер әлі директор ауыстырумен айналысып әлексіздер. Одан өзгеріп жатқан нәтижені көргеніміз шамалы. Жаңа директор ұжымды да жаңалайды, сонымен жүресіздер жарты жыл ырың-жырың боп». С.Әсембекұлының бұл сөзі негізінен Созақ ауданына қатысты айтылды. Дегенмен, түсінген жанға «қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» кейпі еді бұл.

Жаңа оқу жылына мектептердің мардымсыз дайындығы сөз болған жиында облыстық білім басқармасының мамандары 25 тамызға дейін кемшіліктерді түзеп, тапсырманы толық орындаймыз деп отыр.

35-025

– Апатты мектептеріміз бар, олар ыңғайлас-тырылған бірнеше ғимараттарда орналасқан. Алайда олардың қазіргі жағдайы 1 қыркүйекте жұмысын бастауға еш кедергі келтірмейді, – дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Нышан Байғұтов.

Ал құрылысы жүріп жатқан жаңа мектептер жөнінде проблемалар айтыла қоймады. Жалпы, 1 қыркүйекте облыс аумағында 22 білім нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

35-026

ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы берген мәліметтері бойынша, барлық оқу ошақтары білім күнінде жұмыстарын жалғастыратын болды. Экономикалық соттың ұйғарымымен сот шешімі шыққан мектептердің кемшілігін түзеу мерзімі тағы 2 айға ұзартылыпты.

Гүлнұр Сәтбаева