Апатты мектептер алаңдатып отыр

Бірқатар мектептердің сиқы осындай

Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Алайда облыс мектептерінің барлығы білім күніне сақадай сай болмай тұр. Тіпті апатты деп танылған жарамсыз мектептер де бар. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков осы мәселе төңірегінде қала, аудандық білім бөлімдері басшыларын жинап, келелі жиын өткізді.

Жиында талай түйткілдің түйіні тарқалды
Жиында талай түйткілдің түйіні тарқалды

Жоспарға сәйкес 25 тамызда барлық мектептер оқу жылына толық дайын болуы қажет. Алайда әлі атқарылмаған тірліктер мен толып жатқан кемшіліктер үмітті ақтамай отыр. Әсіресе, Арыс, Сайрам, Төлеби аудандары дайындық жұмыстары бойынша көш соңында қалып қойған. Ал түрлі сылтаулармен нақты жауаптан жалтарған аудан, қалалық білім бөлімдерінің басшылары межеленген мерзімге дейін кем-кетікті түзейміз деп отыр.

Бірқатар мектептердің сиқы осындай
Бірқатар мектептердің сиқы осындай

Сондай-ақ, облыс мектептері төтенше жағдайларға толық дайын емес болып шықты. Өрт-техникалық тексеру нәтижесінде 1006 мектептің 138-і өртке қарсы талаптарға сай емес болса, 696 нысанға автоматты дабыл қаққыш орнату қажет екен. Сондай-ақ, көпшілігінде өрт сөндіру жүйелерін сумен қамтамасыз ету нормаға сай емес. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарын әсіресе апатты мектептер алаңдатып отыр. Кінәні өзгеден іздеуге құмартқан білім бөлімдерінің басшылары «алдын ала ескертсеңіздер екен бұдан былай, біргелесіп жұмыс жасайық» деген ұсыныс айтады. Алайда, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тексеруді қаңтар айында да жүргізген екен. «Қыста айтылған ескертпелер осы күнге дейін орындалмаған. Енді келіп біздің қызметкерлерді кіналауда» деген Уәлихан Ережепов нақты іске көшсек дейді.

Уәлихан Ережепов, ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: «Биылдың өзінде 1580 объект тексеріліп, 906 мектеп директорына әкімшілік шара қолданылып,айыппұл салынды. Кемшіліктер толып жатыр. Ал қалған жабылады деген мектептердің шаруасы әбден біткен, оны жаппау қылмыспен тең».

Оқу ошақтарының қысқа дайындық жұмыстарында да жағдай мәз емес. Мектепті қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша Ордабасы мен Отырар аудандары тапсырманы небәрі -14 пайызға ғана орындапты. Тіпті кейбір мектептер жанар-жағармай тасымалдайтын мекемелермен әлі күнге келісімшарт та жасаспапты. Ал жоспар бойынша 1 қыркүйекте барлық білім ошақтары қысқа толық дайын болуы қажет.

«Жылда атқарып жүрген тірліктеріңіз ғой. Неге уақытылы аяқтамайсыздар. Тапсырманы 100 пайызға атқарған аудандардың сіздерден не артықшылығы бар? Бос сылтауды көбейтпей, тезірек аяқтаңыздар» деп ашуға булыққан Сәкен Әсембекұлы, бөлім басшыларының міндетін тағы еске салып өтті.

Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Сакен Қаныбеков директор ауыстыру мәселесін қатты сынға алды. «Жаңа оқу жылы болса таяп тұр, сіздер әлі директор ауыстырумен айналысып әлексіздер. Одан өзгеріп жатқан нәтижені көргеніміз шамалы. Жаңа директор ұжымды да жаңалайды, сомен жүресіздер жарты жыл ырың-жырың боп». С.Әсембекұлының бұл сөзі негізінен Созақ ауданына қатысты айтылды. Дегенмен, түсінген жанға «қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» кейпі еді бұл.

Жаңа оқу жылына мектептердің мардымсыз дайындығы сөз болған жиында облыстық білім басқармасының мамандары 25-тамызға дейін кемшіліктерді түзеп, тапсырманы толық орындаймыз деп отыр. Өз баяндамасында дайындығы нашар мектептерді тізбектей кеткен ОББ бастығының орынбасары Нышан Байғұтов бізге берген сұхбатында осылай деді.

Апатты мектептеріміз бар, олар ыңғайластырылған бірнеше ғимараттарда орналасқан. Алайда олардың қазіргі жағдайы 1-қыркүйекте жұмысын бастауға еш кедергі келтірмейді.

Жиын барысында құрылысы жүріп жатқан жаңа мектептер жөнінде проблемалар айтыла қоймады. Жалпы, 1-қыркүйекте облыс аумағында 22 білім нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ACh1ijdVj74[/youtube]