Әділхан Мұратов есімді азамат ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың блогына хат жазып, басынан кешіп отырған тұрмыстық қиыншылықтарымен бөлісіпті. Ол Шымкент қаласында 2005 жылдан бері жанұясымен пәтер жалдап тұрып келеді екен. Екі қызы тұрмыста. Екі ұлы үйленген. Балаларының бәрі де пәтер жалдап тұрып жатыр. Өзі өмір бойы ұстаздық қызмет етіп келген. Әйелі мүгедек. Ардагер ұстаз осы ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің өтеуі ретінде және отбасындағы тұрмыстық ауыр жағдайларын ескере отырып мемлекет үй бере ме екен деген үміті мен тілегін қоса қабаттап жолдапты.
Әділхан ағай айтады: «Кезекте жоқпын. Оған өмірім жетпейтін сияқты. Үй салатын жерім де жоқ. Құда-жекжаттардан ұялып біттім. Сіздің азаматтығыңыз бен адамгершілігіңізге сене отырып, көмек беруіңізді сұраймын. Өткен жылы да жазған болатынмын. ОҚО әкіміне жібердік деген жауап алғанмын. Өкінішке орай, ешқандай көмек болмады. Алла жар болсын!», – депті ол.
Біз де өз кезегімізде ардагер ұстаздың қаншалықты үй алу мүмкіндігі барын мамандардан сұрастырып көрдік.
Гүлнар ӘШІРБАЕВА, Шымкент қаласы тұрғын үй секторының меңгерушісі:
– Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 67-74 баптарының талаптарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі. Ә.Мұратов бюджет қызметкері ретінде мемлекет тарапынан тұрғын үй алу үшін міндетті түрде тұрғын үй алу тізіміне тіркелуі қажет. Ол үшін отбасымен бірге Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы, иеліктерінде соңғы 5 жыл көлемінде тұрғын үйі болмауы қажет. Осы жағдайда ғана облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуына болады. Мекенжайы: Мәделі-қожа н/з үй, №1,2,3 залдар. Кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ.
Мемлекеттік пәтер алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
1 есепке алу туралы жазылған өтiнiш;
2 өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке куәлiктерiнiң не паспорттарының көшiрмелерi;
3 некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерiнiң қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәлiктiң көшiрмесi;
4 еңбек кiтапшасының кадр қызметi растаған көшiрмесiн немесе қызметтiк тiзiмiнен үзiндi;
5 аумақтық Әдiлет органының (өтiнiш берушiнiң және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерiнiң меншiк құқығында оларға тиесiлi үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтама; (соңғы 5 жылға)
6 басқа адамдар өтiнiш берушiнiң отбасының мүшесi деп танылған жағдайда өтiнiш берушiге оларды отбасының мүшесi деп тану туралы соттың шешiмiн ұсынады;
7 азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесiн (құжатты салыстыру үшiн) не тиiстi елдi мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросының анықтамасы;
8 өтiнiш берушiнiң (отбасының) азаматтардың осал тобына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын (Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі-101бөлме) не мемлекеттiк қызметшiнiң, бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң, әскери қызметкерлердiң, ғарышкерлiкке кандидаттың, ғарышкердiң жұмыс (қызмет) орнынан анықтама;
9 жалғыз тұрғын үйi авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергiлiктi атқарушы органдардың осы жағдайды растайтын анықтамасын тапсырады;
10 халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар (жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтiнiш жасаудың алдында отбасының әрбiр мүшесiнiң соңғы он екi ай iшiнде табысы туралы қосымша мәлiмет тапсырады;
11 қажет болған жағдайда өтiнiш бiлдiрушi денсаулық сақтау мемлекеттiк мекемесiнен жанұяда аурудың ауыр түрiмен ауыратын азаматтың бар екендiгiн растайтын анықтамасын ұсынады.