Облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі А.Мырзахметов қала аралаудан соң өткізген актив жиынында осылай деді. «Қала-ауыл емес. Ауылшаруашылығы, мал-шаруашылығымен айналысудың қажеті жоқ мұнда. Коммуналдық қызмет түрлерін сапалы ету, саланың қордаланған проблемасын шешуге мән беру керек»,-деген облыс әкімін жиналғандар іштей қуаттап-ақ отырды.
Еліміздегі үшінші қала мәртебесіне ие шахарда әлі де болса ретке келтіруге тиісті шаруа шаш-етектен. Облыс әкімі өз сапарында «Шымкент-Ташкент» тас жолы бойында салынып жатқан «Оңтүстік» суаққысының құрылысымен танысып, қаладағы ауызсу мәселесіне байланысты туындаған түйткілдерді шешу бойынша мамандардың пікірін тыңдады. Нысанның жалпы құны 1 617,4 млн теңгені құрап, оның ішінде биылғы жылға бөлінгені – 1 089,1 млн теңге. Жобаны Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Тұр-Ахмет» ЖШС-і жүргізуде. Жобаға сәйкес 11,3 шақырымды құрайтын су құбырлары тартылып, 2 су сорғыш стансасы, 4 резервуар салынып, 4 насос орнатылады. Нәтижесінде 118,1 мың тұрғын ауызсумен қамтылып, орталықтандырылған су жүйесі қаланың «Сәуле», «Бадам», «Забадам», «Қазығұрт», «Құрсай», «Ақтас», «Карл Маркс» шағынаудандарын қамтитын болады.
«Ақтас» демекші, Асқар Мырзахметов бұл шағынауданның тынысымен арнайы танысты. Жарығы жиі сөнетін елді мекенде жалпы қаланы электр энергиясымен қамту мәселелері қозғалып, бірнеше тиімді жобалар ортаға салынды. Тұрғындары жыл сайын артып келе жатқан қаланы электр қуатымен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып келе жатқаны да шындық. Бұл жөнінен кеңінен түсінік берген облыс әкімі электр қуатын үнемдеу технологиясын ендіруге ден қою керектігін айтты.
Естеріңізде болса, Бадам өзені бойын абаттандыру, демалыс аймағына айналдыру жобасын Асқар Исабекұлының өзі ұсынған болатын. Сол идеяның қалай жүзеге асып жатқанын осы жолы облыс басшысы арнайы барып көрді. Су құбыры мен көпірдің құрылысын жүргізу барысымен танысқан әкімнің алдынан қорғасын зауытының қалдықтарын жою мәселелері қайта шықты.
Шахар шаруашылығында шешімін күткен бірқатар мәселе «Тараз» шағынауданын да айналып өтпейді. Мұнда әзірге газ және кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл сайын қыста жылудың жырын алдымен бастайтын «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары екені белгілі. Облыс басшысы осындағы жылу насос стансасының құрылысымен танысты, қаланың жылу беру маусымына дайындығы жөнінен тиісті қызметкерлердің есебін тыңдады.
– Тұрғындар жылудан қағажу көрмеуі керек. Сосын қалада назар аударатын тағы бір мәселе, сыртқы жарнама мәселесі, – дей келе, облыс әкімі қала орталығындағы коммерциялық нысандардың сыртқы жарнама мәселесіне де тоқталды.
– Шымкенттің кескін-келбетін көркейту керек. Шетелге бармасаңдар да, Астанаға барып жүрсіңдер ғой, – дейді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. – Қарамайсыңдар ма? Біздегі кей ғимараттардағы сыртқы жарнама қалай болса солай, ала-құла, көшенің ортасына дейін шығып кетеді. Бұл не масқара?! Осыларды тез арада түзету керек.