Коллектордан қорғана біл

Мамыр айының ішінде халықтың тұтынушылық борыш көлемі бірден 4,7%-ға, яғни 79 миллиард теңгеге  өскен
Мамыр айының ішінде халықтың тұтынушылық борыш көлемі бірден 4,7%-ға, яғни 79 миллиард теңгеге өскен

2013 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы есеп бойынша, қазақстандықтардың банк алдындағы тұтынушылық қарызы 1,7 триллион теңгеге жетіп отыр. Мамыр айының ішінде халықтың тұтынушылық борыш көлемі бірден 4,7%-ға, яғни 79 миллиард теңгеге өскен. Соның ішінде біздің облысымыздың қарызгерлері алған тұтынушылық несие көлемі 123,8 млрд теңгеге тең.

Орта статистикалық мәлімет қазақстандықтардың банк алдындағы тұтынушылық қарызы бір жыл ішінде 41%-ға өсіп, адам басына 66 мың теңгеден 94 мың теңгеге дейін жеткендігін айтады. Ең белсенді несие алушылардың легі – Алматыда. Орташа есеппен мегаполис мекендеушілерінің тұтынушылық несие көлемі 400 мың теңгеден асып жығылған көрінеді. Ол астаналық бір тұрғынға шаққанда 140 мың теңгені құрайды.

Тізімнің соңына бір сан жетпей оңтүстікқазақстандықтар орналасты. Мұндағы несие жан басына 42 мың теңгеден түскен.

Борышкердің өз пәтерін банкке бермей қоюына жәрдем болатын тәсілдер де жоқ емес. Егер банк сатылым кезінде қандай да бір қосымшаны бұзса, онда сатылым заңсыз деп танылады. Сотқа беріп, пәтеріңізді өзіңізде қалдыруға мүмкіндік бар.

Демек, қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі мол. Несиені алу бар да, оны өтеу бар. Сол төлем жасауда қиналатындар, кешіктіретіндер, жұмысынан айырылып төлей алмай қалатындар да көп. Сондайда банк борышкердің ісін коллекторлық агенттіктерге өткізіп жібереді. Қорқыта-үркіте, байбалам салып, заңын көтеріп, міндеттерді тізбелей жөнелетін коллекторларға қарсы борышкердің әжетіне жарайтын заңмен қорғалған әдістер де бар.

Коллекторлардың қызметі сол, ол — өтелмеген ақшаны өндіріп алу. Несие алушының заңды тұрғыдан сауатсыздығын пайдаланатын олар, қарызгерді басқарып, қолдарында ұстап алғысы келеді.

Берешек адамның ұялы, үй не жұмыс телефонына қайта-қайта қоңырау шалып, e-mail поштасы мен пошта жәшігіне хат жолдап, психологиялық шабуыл жасау арқылы тыныштық бермейді. Көптеген адамдардың жүйкесі шыдамай, сыр беріп қояды. Есте ұстарлық бір жайт, коллекторлар сіздің үйіңізге түнгі сағат 23:00-ден кейін телефон соға алмайды. Қорқытулар, түнгі қоңырау шалулар мен үйіңіздің кіреберіс алдынан тосып алып, қарызды өтеу жөнінде сарнай бастауы, мұның барлығы да заң бойынша бопсалау болып танылады. Осы үшін де сотқа шағымданып, коллекторлардан моральдық шығын өтеп алуға әбден болады. Ал, қорқытулардан тұратын телефон сөйлесулерін жазып алатын болсаңыз, бұл коллекторлардың үстінен қылмыстық іс қозғау үшін салмақты себеп бола алады. Және де коллекторлар сіздің жұмыс басшылығыңызға өтелмеген қарызыңыз туралы ақпар хат жібере алмайды. Оларға мұндай құқық берілмеген. Бұлай етсе, банктік құпияны бұзған болып саналады.

Есте ұстайтын бір нәрсе, коллектормен сөйлесіп отырған мезгілде, тыныштық сақтап, сабырлы болу керек. Аты-жөнін, қызметі мен жұмыс істейтін мекемесінің атын айтып, өзін таныстыруын сұраңыз. Арадағы әңгіменің диктофонға жазылып жатқанын ескертіңіз. Мүлкіңізді тек сот шешімімен, онда да тек сот орындаушыларының әрекетімен ғана алып қоятынын естен шығармаңыз. Сот шешімінсіз банк те, коллектор да дәрменсіз.

Дұрысы, банктегі несие қарызыңызды өтей алмайтындай жағдай туындай қалса, қаржылық хал-ахуаліңіз (мысалы еңбек биржасынан анықтама қағаз) туралы жазбаша түрде банкті хабардар еткен жөн. Банкке несиені өтеу бойынша жеңілдетілген шарттарды қарастыруға: пайыздық үстемені азайтуды, не пайыздық үстеменің үсті-үстіне жамала беруін тоқтата тұруды, немесе қарыз сомасын қайта есептеуді сұрап, өтініш беріңіз. Мұндай жағдайда, банк сізбен жеке кездесу жасап, мәмілеге келуге мүмкіндік бар. Және банкті өзіңіздің қаржылық хал-ахуаліңіз жайында құлағдар ету – іс сотқа өтіп кеткен жағдайда да жәрдем болады. Істі коллекторлардың қолына өтіп кетуіне дейін жеткізбеген абзал.

Айтпақшы, 2011 жылы ипотекалық несиелендіру мен банктік қарыз жөнінде келісім жасау туралы заңнамаға өзгертулер енгізілді. Банктер мұны білсе де, өз қарыз алушыларына бұл жайлы айта бермейді. Мысалы, сол өзгертулерге сәйкес өсімпұл мен айыппұл ретінде салынатын әр күндік айып ақша көлемі банктік қарыз бойынша жасалған келісімшарт негізінде алынған қаржының 0,5%-ынан және берілген қаражаттың 10%-ынан аспау керек. Мысалы, сіз банктен 200 000 теңге ақша алдыңыз делік. Банк сіздің тұрақты төлем жасамағаныңыз үшін, өсімпұл белгілесе де заң бойынша ол өсімнің көлемі жылына 20 000 теңгені құрайды.

«Жылжымайтын мүлік ипотекасы» туралы заңның 37-ші бабына батыл түрде сүйеніңіз. Заң бойынша, пәтеріңіз қарызды жаба алмаса да, сіздің банк алдында ешқандай да қарызыңыз жоқ.

Кей банктер мерзімі өтіп кеткен берешегі бар несие алушылардың қарызын коллекторлық агенттіктерге сатып жібереді. Ол кезде банктер өсімпұлдың өсіп кеткенін біле тұра қайта есептемейді. Банктерді де түсінуге болады, өсім көлемі неғұрлым үлкен болса, олардың да коллекторлық компаниядан алатын ақшасы көп болады. Коллекторлар да өсім ақшаны азайтуға мүдделі емес. Міне осы кезде борышкер үшін шырғалаң басталады. Коллекторлардан құлақтандыру келе қалса, олардан соншалық көп өсімді азайтуды сұрайды. «Біз мұны жасай алмаймыз, сіздің қарызыңызды бізге өткізген банкке барыңыз» деп жауап береді коллекторлар. «Біз сіздің қарызыңызды коллекторларға сатып жібердік, солар қайта есептесін» деп банк кері қайтарады. Шеңбер тарыла бастайды. Кей коллекторлық компания-лар қарыздарын қайта есептету үшін борышкерлерді банктің бас офисіне жібереді. Бас офис әдеттегідей, не Алматыда, не Астанада орналасады. Ондай жағдайда да батыл түрде сотқа шағым жасауға болады.

Қоңырау шалып, қоқан-лоққы жасағанына абыржып қалмаңыз, «Сізді сотқа береміз» десе, жайбарақ түрде: «Кәне, тезірек» деп жауап беріңіз. Банктер сотқа өткізуді әдейі барынша кешеуілдетеді, өйткені олар қарыз сомасының үстеме пайыз бен айыппұлдар есебінен таудай боп үйілуін күтеді. Азаматтық кодекстің «тұрақсыздық айыбын азайту» деген 297-бабы бар. Банктер естен тандырарлық айыппұлды айтып, қара бұлтты төндірсе, осы бапта жазылғанды қайталаудан танбаңыз. Онда: «Егер төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсім) несиегердің шығындарымен салыстырғанда көп болса, онда сот борышкердің өз міндеттерін орындауын және несие беруші мен борышкердің мүдделерін ескере отырып, тұрақсыздық айыбын (айыпұл, өсім) азайтуға құқылы» делінген.

Коллекторлар мен банктер қолданатын тағы бір әрекет, ол – Алматыда орналасқан аралық сотқа шағым жасау. Алматыдан 1000 шақырым жердегі елді мекенде тұратын тұрғын оңтүстік астанаға келе бермейтіні белгілі. Сондайда іс борышкердің қатысуынсыз қаралады. Осы жерде еске ұстарлық бір нәрсе, борышкер мен банк арасында істі сотқа беру жөнінде аралық келісім жасалған болу керек. Ал, мұндай келісім жасалмаған болса, онда іс соттың қарауына заңсыз берілген. Мұндай әрекет – сіз үшін тиімді болмақ.

Банктегілер өз клиенттеріне тағы бір құқықтың бар екендігін айтпай кетеді. Егер де кепіл мүліктің сатылатыны жөніндегі газет хабарламасына дейін, пәтерді сатып алатын адамды борышкердің өзі әкелсе, онда банкке ол сатып алуды кері қайтарып жіберу, қабылдамай қою құқығы берілмеген.

Борышкердің өз пәтерін банкке бермей қоюына жәрдем болатын тәсілдер де жоқ емес. Егер банк сатылым кезінде қандай да бір қосымшаны бұзса, онда сатылым заңсыз деп танылады. Сотқа беріп, пәтеріңізді өзіңізде қалдыруға мүмкіндік бар . Сотта келісімді жалған, не жарамсыз деп тануға қол жеткізуге, не кей қосымшаларына күмән келтіру бойынша өтініш жасауға болады. Келісім — сіздің қатысуынсыз, не қандай да бір қысымның негізінде жасалса, жалған деп есептеледі. Бастысы, мұны дәлелдеу. Ал, заңнамаға қарсы келетін қосымшалары бар банктік келісімдер жарамсыз боп танылады. Мысалы, сіз банкпен пәтеріңізді кепілге қою жөнінде келісім жасау барысында, мұны жұбайыңызға айтпасаңыз, банк оның келісімін талап етпесе, онда бұл шартты жарамсыз деп тануға негіз бар. Бұдан басқа, кепілдікке қойылған пәтерде балалар, не мүгедек жандар тіркелген болса, сот оларды пәтерден шығармауы мүмкін.

Жәнібек НҰРЫШ