«Оңтүстік Рабат» ұсынады:Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Мен жұбайыммен заңды түрде ажыраспақшымын. Бізде ортақ мүлік – 3 бөлмелі пәтер бар. Мүлікті бөліскенде әр қайсымызға теңдей бөліне ме, әлде балалардың кімде қалатынына байланысты ма?

Жауап: 

– Егер ортақ мүлікті бөлу мәселесі жөнінде дау тумайтын болса, онда Сіздердің келісіміңіз бойынша бөлінуі мүмкін. Мұндай жағдайда ортақ мүліктегі әр-қайсыңыздың үлес мөлшерін жұбайыңызбен бірге келісім арқылы айқындайсыздар. Мұндай келісім міндетті түрде нотариатты куәландырылуы тиіс.

Ал дау туған жағдайда ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың осы мүлiктегi үлестерiн айқындау сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

«Неке (ерлі-зайыптылық)және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 38-бабына сәйкес егер ерлі-зайыптының арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде олардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.

Сонымен қатар, егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн негiзге ала отырып және (немесе) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы.

Сұрақ:

– Біздің бір қызметкеріміз өз жұмысына немқұрайлы қарайды. Қазіргі таңда өз қызметін тиісті дәрежеде орындамай жүргені үшін оған тәртіптік шара көрмекшіміз. Тәртіптік шара қолданудың тәртібін айтып бересіз бе?

Жауап:

– Тәртіптік жаза қолданудың тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 73-бабына сәйкес төмендегідей:

1. Жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Қызметкердің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы тәртіптік жаза қолдануға кедергі жасай алмайды. Қызметкер аталған түсініктемені беруден бас тартқан жағдайда тиісті акт жасалады.

2. Жұмыс беруші тәртіптік жазаның түрін айқындау кезінде жасалған тәртіптік теріс қылықтың мазмұнын, сипатын және ауырлығын, оны жасаудың мән-жайларын, қызметкердің оның алдындағы және одан кейінгі тәртібін, еңбекке деген көзқарасын ескеруге тиіс.

3. Әрбір тәртіптік теріс қылығы үшін қызметкерге бір тәртіптік жаза ғана қолданыла алады.

4. Жұмыс берушінің қызметкерге тәртіптік жаза қолдану туралы актісі:

1) қызметкердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі;

2) қызметкер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттер атқару уақытына жұмыстан босатылған;

3) қызметкер демалыста немесе вахтааралық демалыста болған;

4) қызметкер іссапарда болған кезеңде шығарылмайды.

5. Тәртіптік жаза қолдану туралы акт ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойғызып хабарланады. Қызметкер жұмыс берушінің актісімен танысқанын қол қойып растаудан бас тартқан жағдайда, тәртіптік жаза қолдану туралы актіде ол туралы тиісті жазба жасалады. Қызметкерді жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану туралы актісімен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда жұмыс беруші актіні қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.