Оқырман сауалына жауап

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Жолдасыммен 2004 жылы ажырастым. Арада екі баламыз бар, Ажырасқан кезде үйді дауласпаған едік, сол жылдары үй енемнің атында болатын. Кейін енем қайтыс болды, содан жолдасым үйді өз атына аударып алды. Біз ажырасқан соң ол үш баласы бар келіншекке үйленген-ді. Мен енді екі баламмен пәтер жалдап жүрмін. Білейін дегенім, күйеуімнің үйін дауласуыма бола ма?

Жауап: 

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 33-бабының 1-бөлігіне сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Сонымен қатар осы Кодекстің 35-бабы бойынша ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі болып табылады және бірлескен ортақ меншікке жатпайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1061-бабына сәйкес заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады.

Сондай-ақ мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады.

Яғни бірінші кезектегі мұрагерлер тірі болған жағдайда мұраға құқығы мұра қалдырушының немерелеріне өте алмайды.

Жоғарыда көрсетілгеніне байланысты Сіз бұрынғы күйеуіңізге бұл үй үшін дау айта алмайсыз.

Сұрақ:

– 2007 жылы маған жер телімі берілген болатын. Барлық құжаттарды рәсімдегеннен кейін мен ол жерде фундамент құйып тастағанмын. Жақында жерімді барып көрейін десем, танымайтын біреулер там соғып, жерді қоршап алған. Менің жерімде не істеп жүрсіңдер десем, олар бұл жер біздікі деп, жердің құжаттарын көрсетті. Сонда бір учаскені бірнеше адамдарға бере ме?

Жауап:

– Сіздің жеріңізде салынған құрылыстың заңдылығын анықтау үшін Сіз жердің орналасқан мекенжайы бойынша жер қатынастарын реттейтін бөлімге, мемлекеттік жер кадастр мекемелеріне өтінішпен жүгіне аласыз.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 167-бабына сәйкес жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады.