Қозы мен Баяндай қол ұстасқан ғашықтар «Сүйікті мен сүйкімді» облыстық байқауда бақ сынады. Сайыста үміткерлер серіктеріне сезімін ғана білдіру шарт емес, бұған қоса көпшілік алдында өнерлері мен білімін көрсете білуі керек. Биыл екінші рет қолға алынған өнер додасындағы таныстыру бөлімінде тапқырлық танытқандар да аз емес.
Наурызбек Қабылбекұлы, үміткер: «Мен таныстыруымды әзіл-қалжыңға толы етіп жаздым және осында бүгін оқып шықтым. Бәрі тамаша болды деп ойлаймын, ойымдағыдай оқып шықтым ғой. Бәрінен бұрын жастардың яғни, біздің сахнаны жандандыруымыз маңызды. Бұл менің қолымнан келетініне сенімдімін. Бұған қоса жүлдеден үмітім бар».
Ғашықтар қойылымы да сахналанды. Бозбаланың бойжеткенмен танысу сәті ерекше әсер сыйлады баршамызға. Ал сайыста Отырар ауданының намысын замандастарымыз Талғат пен Ләззат қорғады.
Талғат пен Ләәзат: «Ия, қобалжу бар әрине. Бірақ жеңістен көрінеміз деген үмітіміз де жоғары болып тұр. Соншама уақыт дайындалдық, енді соны көрсете білуіміз керек».
Үміткерлердің өнерін 3 адамнан құралған қазылар алқасы бағалап отырды. Төрешілер құрамында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім бастығы Д.Дүйсебаев, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы З.Үсіпахметов, «Жастар дауысы» газетінің бас редакторы А.Дадабаев болды.
Арайлым Бауыржан, көрермен: «Әділ бағалап жатыр депа ойлаймын. Қазіргі ғашықтарды көріп риза болып отырмын. Салт-дәстүр мен тарихты ұмытпайды, онысы өздеріне жарасып-ақ тұр. Қызыға да қызғана қарайтын замандастарымыздың болғаны қандай жақсы! Барлық үміткерлер бір-бірінен басым түсіп жатыр. Сондықтан кімнің жеңіске жетерін де топшылай алмай отырмын».
Ал ұйымдастырушылар 12 жұп қатысқан байқауға облыстағы тек жүзден жүйрік танылғандар жолдама алды деп отыр.
Ханай Әшірбеков, ОҚО «Жастар орталығы» МКМ директоры: «Биыл 2-ші рет ұйымдастырып жатырмыз. Алдын «Қозы көрпеш — Баян сұлу» байқауында әр ауданда жеңіп шыққан таланттар қатысып отыр. Сондықтан мұндағы әрбір үміткер жеңімпаз деп білемін».
Көрермендер де қазақтың Жібегі пен Төлегенінің бүгінгі ізбасарлын көріп мәз-мейрам. Тапжылмай кешті тамашалап отырды. Сонымен Оңтүстік өңірінің аудан-қалаларынан сүйіктісі мен сүйкімдісі анықталды.
Бас жүлдені (компьютер) мақтаралдық замандастарымыз Бауыржан Бакиров және Ақшолпан Әбибуллаева жеңіп алды. Бірінші орыннан (ноутбук) Отырар ауданының ғашықтары Талғат Дүйсембиев пен Ұлдана Әшірбекова көрінді. Ал екінші орынды (үй кинотеатр) Сарыағаштың серісі Нұрлыбек Сауырбаев пен аруы Ғазиза Ізтай иеленді. Үшінші орын (теледидар) Төлебидің үміттері Нұрхан Базарбай мен Айгерім Құлумбетоваға бұйырды. «Жарасымды жұп» (теледидар) аталымына Арыс ауданынан арнайы келген өнерпаздар Қалдыбек Көпжан мен Айтолқын Сарыпбекова лайық деп табылды.
Ал «Көрермендер көзайымы» аталымы Сайрамның серісі Мырзасейіт Ыбырай пен сұлуы Елігай Ахунбабайға берілді. Облыстық «Жастар орталығы» МКМ басшылығының айтуынша, «Сүйікті мен сүйкімді» байқауына облыстық бюджеттен 500 мың теңге қаржы қаралыпты. Ұйымдастырушылар келер жылы жалғасын табады деп жоспарлап отыр.