«Отбасым – халық алдындағы менің айнам»

Жанат Тажиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы

Шымкент қалалық білім бөлімін төрт жылдан бері басқарып келе жатқан Жанат Тажиеваны танып-білмейтін адам аз шығар. Жауапты қызметтегі оның табысы мен жеткен жетістігі көпшілікке белгілі. Ендеше, елге етене таныс биліктегі бикештің бұл жолы отбасы жайлы сыр шертпекпіз.

Жанат Тажиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы
Жанат Тажиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы

Жанат Арысбекқызы бүгінде жұбайы Орал Даукенов екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі. Қыздары ана жолын қуып, ұстаздық мамандықты меңгерсе, отбасының еркесі Нұрбек биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге енді ғана қанат қақпақшы. Үлкен қызы Дана отбасылы, облыстың мәдениетін басқарып отырған Күлия Айдарбекованың келіні.

– Ең бірінші кезекте Орал екеуміз балаларымыздың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып, «үлкенге ізет, кішіге құрмет» деген ұстаныммен оларды мейірімділікке, ізеттілікке, қыздарымызды инабаттылыққа тәрбиеледік. Қатарынан кем қылмай өсіруге тырыстық. Алайда орынсыз ысырапшылдық, бей берекет ақша жұмсау деген түсінік оларда жоқ. Әрбір нәрсені қадірлей білуге , қанағатшыл болуға балаларымды үйретіп келемін. «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер» демекші, әркімге өз баласы жақсы болып көрінеді емес пе (күлді). Дегенмен, олардың бағасын білім берген ұстаздары, өзінің ортасы бере жатар. Бірақ, осы күнге дейін балаларым атыма еш кір келтірген емес. Ұл-қыздарымның барлығы да мектепті үздік бітірген. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Мен өз балаларымды, жұбайымды, ең бастысы отбасымды мақтан тұтамын, — деді Жанат Арысбекқызы жанұясы жайлы сыр шерте отырып.

Мемлекеттік қызметте жүріп, ауыр жүкті арқалағанмен Жанат Тажиева өз сөзінде отбасы бақытын бәрінен үстем қоятындығын айтады. 27 жылдан бері педагогика саласында үлгілі қызмет атқарып жүрген қаланың бас ұстазы отбасындағы бала тәрбиелеу ісінде қинала қоймасы анық. «Халықтың баласымен бірге, өзімнің ұл-қыздарымды да саналы тәрбиемен сусындандыра алдым деп айта аламын» деген Жанат Арысбекқызы өзінің көпбалалы отбасында тәрбиеленгені бала тәрбиесіне көп көмегі тигенін жеткізді.

– Мен үшін отбасы мен қызмет екі бөлек мемлекет іспеттес. Әрқайсысының өз қағидалары мен дәстүрлі ұстанымдары бар. Ал осы екі бірдей мемлекетті бір-бірімен байланыстыра білу, екеуінің де мақсат-мүддесін орындай білу – аса жауапты міндет. Осындай жауапкершілікті мейірлене атқара отырып, бүгінгі қоғамға өз үлесімді қосып келе жатырмын деп ойлаймын. Өйткені, отбасым – менің халық алдындағы айнам. Осы айна арқылы өзгеге үлгі бола білу керекпіз, – деп саналы ойларын жеткізді Жанат Арысбекқызы. — Шындығын айтқанда, мен «кухняға» көп уақытымды бөле бермеймін. Қызметте жүрген соң үй тірлігінен де алыстап кетеді екенсің. Сондықтан, мықты аспазшымын деп мақтана алмаймын (күлді). Оның үстіне ерте тұрмыс құрған соң, қыздарым ерте бойжетіп менің асханадағы орнымды өздеріне жүктеп алды. Екеуі де өте пысық, барлық тағамды дәмді етіп жасайды. Сондықтан мен «кухнядағы» тірлікке көп араласа бермеймін. Ал айында-жылында үйге «уборка» жасағанда, «тас-талқанын» шығарамын. Заттардың орнын ауыстырып, үйді мұнтаздай етіп ұстауға әуеспін.

Жанат Арысбекқызы бүгінде жұбайы Орал Даукенов екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі
Жанат Арысбекқызы бүгінде жұбайы Орал Даукенов екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі

Бала тәрбиелеу, отбасы құндылығын сақтау – әр әйелдің мойнына жүктелген міндет. Мемлекеттік қызметте жүріп, өз отбасына жеткілікті уақыт бөлуге әйел адамның мүмкіндігі жете ме? Бұл сұрақтың жауабын іскер азаматша былай жеткізді: «Біздің қайта келмес алтын уақыттарымызды әрдайым тиімді пайдаланғанымыз жөн. Сондықтан да отбасыма әрдайым көбірек уақытымды бөлуге тырысамын. Қызмет өз орнымен, ал жанұя бақыты бөлек ұғым. Ол бізге мәңгіге керек. Мен атақ-даңқ қуған жан емеспін. Орынтаққа жайғасып, халық басқару менің негізгі мақсатым емес. Ең бастысы тәуелсіз еліміздің дамып-өркендеуіне өзіндік үлесімді қоссам деймін».

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы – Отаннның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. Осы тұрғыда да Жанат Тажиева өз ойын түйіндей кетті: «Отбасының тірегі ер азамат болған соң, әрдайым ол кісіні құрмет тұтамын. Отбасындағы ынтымақ пен ауызбіршілікті сақтауға бірлесе атсалысамыз. Сонда ғана береке мен бірлік бізге серік болады деп айта аламын. Әйел адам екінші сатыда тұру керектігін жақсы білем. Сондықтан да Оралдың қабылдаған шешімі мен айтқан ақылы ешқашан ескерусіз қалған емес. Бізге қарап балаларымыз бой түзейді. Сол үшін оларға әрқашан үлгі болуға тырысамыз».

Бүгінде гендерлік саясатты қолдап отырған ел Үкіметі басшылық қызметтерде әйелдердің отырғанына көп көңіл бөлуде. Алайда биліктегі бикештердің көпшілігі үлкен жауапкершіліктің үдесінен шыға бермейді. Десек те миллионға жуық тұрғыны бар Шымшаһардың білімін басқарып отырған Жанат Арысбекқызының қызметтегі жетістігіне ешкімнің шүбәсі болмас. Алайда іскер азаматша гендерлік саясатты толығымен қолдай бермейтіндігін жеткізді.

– Ана ретінде үлкен мекеме тізгінін қолға алу мен үшін қиындау. Әрине, маған бұл жауапты іс тапсырылған соң, ынта-шынтаммен халықтың сенімін ақтағым келеді. Және осы мақсатта аянбай жұмыс атқарып та келем. Алайда әйелдердің билікке көп араласуын қаламаймын. Одан да ер азамат басшылық жасайтын мекемедегі жауапты бір бөлімнің жұмысын әйелдер атқарса жөн болар еді, — дейді Ж.Тажиева. – Негізі кішкентай кезімнен көшбасшылық қасиетім болатын. Мектепте озат оқыдым, 11 жыл бойы сыныпта топ басшы болдым. Кез келген іс-шара, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатынмын. Бастауыш сыныптарда оқып жүргенімде ауданымызға Асанбай Асқаров келді. Сол кісінің алдына шығып, жаңа мектеп сұрағаным әлі есімде (күлді). Міне, қазір сол кезде салынған жаңа мектепте бізден кейінгі ұрпақтар білім алып жатыр. Мұның барлығы әрине, балалық шақтың жарқын естеліктері ғой. Дегенмен, сол кезден бастап ұйымдастырғанды, басқарғанды жақсы көретінмін. «Алды болма көз тиеді, соңы болма сөз тиеді» деп жатады ғой, мен бұған келіспеймін. Мен әрдайым өзімнің адал еңбегіммен алдыңғы қатарларда болғым келеді. Өзіме жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарғым келеді.

Әңгіме барысын өзінің арманымен аяқтаған Жанат Тажиева «Армансыз адам-қанатсыз құспен тең. Әрбір адамның өзінің ішкі арманы, алға қойған мақсаты болады. Менің бірінші арманым – еліміздегі тыныштық, бейбітшілік. Ең бастысы еліміз тыныш, халқымыз аман болғанын қалаймын. Екіншіден – жұбайым екеуміз ұл-қыздарымыздың қызығын көріп, немере, шөберелеріміздің қызықшылығына тоймай бақытты ғұмыр кешсек деймін», – дейді.

Даналықтың мектебі болған ата-бабаларымыз:«Адамның басшысы ― ақыл, шолушысы-ой, жетекшісі-талап, қорғаушысы-сабыр, сынаушысы-халық, таусылмайтыны-арман, ең қымбаттысы-ар сақтау, бәрінен ардақтысы-өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі-сыйластық», – деген екен. Шындығында да, отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек. Абзалы отбасындағы ауызбіршілік пен татулықты сақтай білуді қоғамға қосқан өзіндік үлесі деп түсінсе екен әрбір жан. Сонда ғана мемлекетіміздің іргесі берік, әрбір шаңырақта шат-шадыман күлкі болары хақ.

Гүлнұр Сәтбаева