АҚШ-та осымен оныншы рет өткізіліп отырған «Golden Gates» халықаралық жобасына биыл қазақстандықтар алғаш рет қатысты. Мұхиттың арғы бетінде өткен бұл ғаламат жобаның шақыртуына біздің шымкенттік әртістер ие болғаны көпшілікті қуантып отыр.
Олар Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары: күйші – Нұрбол Әлиев және қобызшы – Аида Жұманова. «Golden Gates» жобасының мақсаты-өзге елдердің ұлттық аспаптары мен халықтық шығармаларын Құрама Штаттар жұртына насихаттау, сол арқылы мәдени іс-тәжірибе алмасу. Шақырту алған өнерпаздар Нью-Йорктен бастап Калифорнияға дейінгі барлық штаттарды аралап, қайырымдылық концерттер өткізді. Яғни өз елінің атын танытып, өнерін насихаттау мүмкіндігіне ие болды.
1 ай бойына жалғасқан жобаның қатысушылары елге оралып, Отырар телеарнасының ғимаратында баспасөз конференциясын өткізді. Өзге елде қазақтың атын танытып, ұлттық аспаптарымызды насихаттаған Аида мен Нұрбол алған әсерлерімен бөлісті.
АҚШ-тың 22 штатында болып қайтқан қазақстандықтардың ұлттық аспаптарына таң қалғандар көп болыпты. Олар тіпті біздің өнерпаздарға өздерінде қалып жұмыс жасауға ұсыныс та айтқан көрінеді.
Айта кетерлігі, Ресей мен Грузия халқы америкалықтармен осы жоба арқылы он жылдан бері шығармашылық байланыста жұмыс жасап келген. Жоба жетекішілерінің айтуынша, біздің ел де енді бұл байланысты жалғастыруды үрдіске айналдырмақ.