Шымкент қаласы бойынша 2013 жылдың 6 айында 19 630 азаматтық хал актісі тіркелсе, оның ішінде тегін, есімін, әкесінің атын өзгерту бойынша – 175, құжаттағы қатені жөндеу бойынша — 164 акті бар.
Өгей әкенің тегіне жазылуға бола ма? Кәмелет жасына толған баламның тегін өзгертсем деп едім. Құжатымда әкемнің аты дұрыс жазылма-ған. Редакциямызға оқырмандардан жиі түсіп жатқан осындай сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әбдрахман Абдуллаға жолыққан едік.
– Шымкент қалалық АХАТ бөлімі халыққа некені қию, бұзу, тууды және өлімді тіркеу, әкелікті анықтау, бала асырап алу, тегін, есімін, әкесінің атын өзгерту сияқты қызмет түрлерін ұсынады. АХАТ бөліміне тегін, есімін, әкесінің атын өзгерту үшін күнделікті оншақты адам келеді. Бірі ұлттық дәстүрге байланысты тегін ауыстырса, енді бірі өгей әкесінің тегіне жазылуға өтініш білдіреді. Сондай-ақ, құжатындағы қатені жөндетіп, жаңа құжат алғысы келетіндер де осы бөлімнің қызметіне жүгінеді, — дейді Әбдрахман Абдулла (суретте).
Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу «Неке және отбасы» заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы» Ережеге сәйкес жүргізіледі. Яғни, Қазақстан Республикасы азаматының 16 жасқа толғанда тегін өзгертуге құқы бар. Әбдрахман Абдулланың айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тегін өзгерту баланың ата-анасының өтініші арқылы іске асырылады екен. Бұл шараны өтініш берушінің тұрғылықты жеріндегі АХАТ органдарында жүргізіледі. Аты-жөнін өзгерту туралы өтінішті қарау оны берген күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмейді. Тек жекелеген жағдайларда ғана аталған мерзім әрі кеткенде бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Ататегін өзгерту туралы акт жазбасы жүргізілгеннен кейін, туу туралы акт жазбасына өзгерту енгізіліп, өтініш иесіне қайталама туу туралы куәлігі және тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы құжат беріледі. Азаматтардың тегі өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және ресми тілде жазылады. Сонымен қатар, тегі мен әкелерінің аттарын жазу кезінде – ов, — ев,- ова,- овна ,- ович жұрнақтары алып тасталып, оның орнына «ұлы», «қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады. Ал, егер өтініш берушінің құжатында тегі көрсетілмесе, ондай жағдайда өтініш берушінің әкесінің аты тегі ретінде жазылады, – дейді Әбдрахман Абдулла.
Сондай-ақ, мұндай өтініштерді АХАТ органында орындау мүмкін болмаған жағдайда, сот шешімі арқылы жүргізіледі екен. Осыған байланысты барлық мәселелер еліміздің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес, АХАТ немесе сот органдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.
Маман-дардың айтуынша, туу туралы куәлікте кеткен қатені жеке құжат аларда түзетуге де болады екен. Ол үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша АХАТ органының қызметіне жүгінеді. Арыз АХАТ органына берілген күннен бастап бір ай мерзімде қаралады. Қатені дәлелдейтін себептер болған жағдайда бір айдың ішінде арызданушының өтініші қанағаттандырылады. Яғни, акт жазбасына түзету енгізіліп, арызданушыға жаңадан туу туралы куәлік табыс етіледі. Жаңадан берілген куәліктің негізінде құжаттандыру бөлімі арқылы жеке куәлік алуға болады. «Адамның жеке басындағы құжаттар туу туралы куәлігі негізінде берілетіндіктен, ең бірінші кезекте туу туралы куәліктің қатесіз, дұрыс толтырылғаны абзал. Азаматтың жеке куәлігінде кеткен қате түзетілгеннен кейін, оған тиісті басқа құжаттары да жеке куәлік негізінде түзетілуі тиіс. Мысалы, азаматтың тіркеу кітабы, СТН, ӘЖК, еңбек кітапшасы, т.б.», – дейді мамандар. Аталған құжаттарға түзету енгізу, жеке куәліктің және акт жазбасына түзету енгізілгендігі жөнінде АХАТ органы берген анықтама немесе тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлігі негізінде құжат беретін тиісті мекемелерде жүргізіледі екен.
Тегін, атын, әкесінің тегін өзгерту үшін қажетті құжаттар тізімі:
– азаматтарды тіркеу кітабы (үй кітапшасы, мекен-жай анықтамасы;
– Т.А.ӘТ өзгерту туралы өтініш;
– жеке басты куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;
– жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
– өмірбаян;
– 3Х4-тегі 2 сурет;
– мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек;
– (некеде тұрса) некеге тұру туралы куәліктің түпнұсқасы;
– (некеде тұрса) некеге тұру туралы куәліктің көшірмесі;
– әкелікті орнату жөніндегі куәліктің түпнұсқасы (егер де балаларға байланысты әкелікті орнату рәсімделсе);
– әкелікті орнату жөніндегі куәліктің көшірмесі (егер де балаларға байланысты әкелікті орнату рәсімделсе);
– (неке бұзылса) некені бұзу туралы куәліктің түпнұсқасы;
– (неке бұзылса) некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі;
– егер де балаларға байланысты асырап алу рәсімделсе) ұлды(қызды) асырап алу жөніндегі куәліктің түпнұсқасы;
– (егер де балаларға байланысты асырап алу рәсімделсе) ұлды(қызды) асырап алу жөніндегі куәліктің көшірмесі;
– (егер де бұған дейін Т.А.ӘТ өзгертілген жағдайда)Т.А.ӘТ өзгерту туралы куәліктің түпнұсқасы;
– (егер де бұған дейін Т.А.ӘТ өзгертілген жағдайда)Т.А.ӘТ өзгерту туралы куәліктің көшірмесі;
– туу туралы куәліктің түпнұсқасы;
– туу туралы куәліктің көшірмесі;
– (егер де балалары болса) туу туралы куәліктердің түпнұсқасы;
– (егер де балалары болса) туу туралы куәліктердің көшірмесі.
(Жалғасы бар…)
Ескерту:
16 жастан асып, кәмелет жасына толған, өгей әкесінің атына немесе ұлттық дәстүрге байланысты тегін, есімін, әкесінің атын өзгерту үшін мемлекеттік баж салығы – 3462 теңге болып бекітілсе, туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу – 865,50 теңге тұрады. Ал, анықтамаға – 519,30 теңге төленеді.