Жартытөбедегі ағайынның айтар уәжі көп

ҚР Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков
ҚР Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков
ҚР Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның фракция мүшесі Ұ.Сәдібеков Созақ ауданының халқымен жүздесті. Жартытөбе ауылдық округіне қарасты үш елді мекеннің тұрғындары ауыл клубына жиналып, бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Ауылдың жағдайымен таныспақ болған депутат мырза осы төңірекке қатысты қордаланған түйткілдерге қанық болды жиында.

Табиғи газдың жырынан бастаған халық жайылымның жоқтығын да ойға салды. Дегенмен, газ мәселесіне еттері үйреніп кеткен жартытөбелік ағайындар ең болмаса отын мәселесін шешсеңіздер дейді. Өйткені, айнала біткен ағаш пен жыңғылды жағып біткен тұрғындар енді отынға зәру. Ал таза ауыз судың «барынан жоғы» деп, краннан аққан кермек су ішпек түгілі, кір жууға жарамайтындығын айтып ашынады олар. Экологиялық апатты аймақта тұрып, уранның зардабын жұтып жүрміз деген зейнеткерлер, зейнетақыға үстемеақы қосылса екен деген үміттерін де жасырмады депутаттан.

Мұнда жаңадан туылып жатқан нәрестелердің көпшілігінің денсаулығында ақау бар
Мұнда жаңадан туылып жатқан нәрестелердің көпшілігінің денсаулығында ақау бар

Расында, экологиялық жағдайдың нашарлығынан мұнда бұрын мыңдап жүретін ақбөкендердің бүгінде бірі де қалмапты. Ал жаңадан туылып жатқан нәрестелердің көпшілігінің денсаулығында ақау бар көрінеді. Сонымен қатар, «Ауылшаруашылық саласына бөлінетін субсидия мен несиеге қол жеткізу біз үшін мұң болды» деп жаттанды түйткілді көтерген ауылдағы ағайынның мұнысы тағы орынды.

Айтуларынша, мәдениет саласы да тоқырап тұр екен. Аққолтық елдімекенінде не кітапхана, не ауылдық клубтың жоқтығын айтқан халық, балалардың болашағынан алаңдайды. Ал, Бабата ауылындағы клуб құлайын деп тұрған сыңайлы. Тағысын тағы біраз проблема айтылып, ұсыныс та ұмыт қалмады. Айтуын айтты-ау, оны тыңдайтын не ауыл әкімі, не аудан әкімі болмады ол жиында.

Созақтықтар таза ауыз судың «барынан жоғы» деп, краннан аққан кермек су ішпек түгілі, кір жууға жарамайтындығын айтып ашынады
Созақтықтар таза ауыз судың «барынан жоғы» деп, краннан аққан кермек су ішпек түгілі, кір жууға жарамайтындығын айтып ашынады

Тек Астанадан келген Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков халықтың мұңын тыңдап, тек өздерінің құзырына тиістілерін ғана депуттар арасында көтеретінін тілге тиек етті. Уәде бермеді, тек уақыт еншісіне қалдырды. Және көп мәселенің аудан әкіміне тиісті екендігін алға тартты.

Міне, жартытөбелік ағайынның жағдайы мәз емес. Бірақ, мұндай мәселелерді бүгінде өзекті деуден қалдық. Өйткені, жоғарыдағы мырзалар үшін бұл майда-шүйде тірлік саналар. Дегенмен, шөлейт аймақта өмір сүріп отырған халық үшін күнделікті күйбең тіршілігіне бұл мәселелердің әжептеуір әсері бар.

Ілияс Омарбеков, Созақ аудандық мәслихатының депутаты: «Аққолтық елді мекенінде 1975 жылы салынған ескі мектеп бүгінде балаларға тарлық етуде. Бұрын ол сол кездегі бала санына лайықталып қоралардың есебінен әйтеуір тұрғызылған. Оның үстіне мектептің техникалық жағдайы заман талабына да сай емес. Сондықтан бізге жаңа мектеп салуға көмек берсеңіздер екен».