Cезімге толы әнді әдеттегідей танымал әншілер емес, «Халқыма тағзым» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері орындады. Бұл әні олардың өнер жолына деген жолдамасын таразыласа керек. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнерлері телегей. Көрермендер осылай мойындап отыр. Сол таланттылардың қатарында 23 жасар Мақсат Таналбеков та бар. Арбаға таңылған күйі оның да жүрегін жабырқатады. Дегенмен бұл халі оның арманына кедергі емес.
Мақсат Таналбеков, әнші: «Мен «Өмір өзен ағады» деген әнді орындадым. Жаныма жақын ән, сондықтан емін-еркін, жұрт алдында қысылмай айтып шықтым. Ән айтып жатқанда көз алдыма өзімнің өмірім елестеді. Өмірмен күресіп жатқаным келді. Ештеңе етпейді, тек жеңіс қана бізді бақытқа сүйреп жүр. Менің арманым көп. Болашақта эстраданың жұлдызы болғым келеді. Әннің шыңына шығуды қалаймын. Былайша айтқанда, өмірімді өнермен байланыстыруды көздеймін».
Оңтүстіктің 2 миллиноннан астам тұрғыны бар екенін ескерсек, олардың 3,6 пайызын яғни 96 мың 171-ін мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды. Көрсеткіш тіпті республикалық деңгейден жоғары. Естеріңізге сала кетейік, «Халқыма тағзым» жарымжан жандардан құралған өнер ұжымы өткен жылы құрылған. Құрамында 31 адам қызмет етеді. Олардың діттегені — өнер өлкесінде өрлеп, қанаттарын кеңге жаю. Сол сенімі ғана өмірге деген құштарлық сыйлап жүр. Айта кетейік, биыл қоғам назарын қажет ететін жандарға облыстық және жергілікті бюджеттен 9 млн-ға жуық қаржы қаралып отыр. Ал 14-29 жас аралығындағы жарымжан замандастарымызға «Жас Отан» жастар қанаты қамқор болуға әлі де қауқарсызбыз деп ашынады.
Заңғар Үсіпахметов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы: «Біреуді жарылқау үшін бірінші өзің жарып тұруың керек та.
«Жас Отан» жастар қанатының бюджеті жоқ, бұл да қоғамдық бірлестік. Тек атқарушы хатшы ғана жұмыс істейді, қалғандары ерікті жастар, волонтерлер деп жүрміз ғой. Сондықтан біз қолымыздан келгенше, мүмкіндігінше көмектесіп жатырмыз. Демеушілер тарапынан мысалы, керек кезде демеушілер тауып беріп жатырмыз. Концерттерін өткізуге көмектесіп, қолдап жүреміз. Өкініштісі, әзірге осы ғана».
Жүрекпен сезіп, тағдыр толғауын арқау еткен жарымжан жандардың кешіне өнердегі достары да келіп, қолдау көрсетті. Бірі мың бұрала би билесе, екіншісі әуелете ән шырқады. Сахнаны тербеп, кештің сәнін кіргізді. Айтпақшы, «Халқыма тағзым» өнер ұжымы кештен жиналған қаржыны мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету орталығын ашу жолына жұмсамақ. Ендеше, іске сәт дейміз.