Өткен аптада Ақсу-кент ауылының тұрғындары аудан әкімдігіне жиналып, дау көтерді. Олар бір жер телімін бірнеше азаматқа шешім шығарып берген ауылдың, ауданның бұрынғы әкімдерін кіналайды. Бұл әсіресе 2010 жылдан бері басталған заңсыз шешімдердің анықтала бастағанын көрсетеді.
Айта кетейік, Сайрам ауданының орталығы болып табылатын Ақсукент ауылының жер аумағы 3075 га-ны құрайды. Ауылда 40 мыңға жуық тұрғын бар. Күн санап қатары көбейіп жатқан тұрғындардың тығыз орналасуы да біраз мәселені күрделендіретіні бар. Содан да болса керек, 2008 жылдан бастап ауылдың әкімі біртіндеп бос жатқан жерді тұрғындарға бере бастайды. Жер телімін беру жөніндегі шешімі заңды болса мейлі ғой. Бір жер телімін бірнеше адамға қатар беріп, шешім шығарғаны қай сасқаны деп ойлайсың?! Осылайша 1200 дей адамға жер телімін бөліп беру жөнінде шешім шығарған. Тіпті арасында бір адам бірнеше жерге ие болғаны да бар. Осының өзі-ақ «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің болғанын дәлелдеп тұрған жоқ па? Бірақ, «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» сол кездегі басшылар бұл даудың кейін бас көтерерін білмеді деу қисынсыз щығар.
Әйткенмен, сол заңсыз шешімдердің орын алып жатқанын құқық қорғау органдары неге қадағаламаған деген ой келеді. Бар мәселе тұрғындар дау көтеріп, ауданның қазіргі әкіміне «жерімізді заңдастырып бермесең орныңды босат!» деп дүрсе қоя бергенде барып, заңсыз әрекеттер анықтала бастағаны қалай?! Көші-қон полициясы Ақсукенттен жер теліміне ие болғандардың 190-ны тіпті Сайрам ауда-нының азаматы еместігін, осы аудан тұрғыны ретінде тіркелмегендігін айтып, ауызды аңқитып отыр. Ауданда туып-өсіп, ұлтарақтай жер ала алмай жүрген талай азаматтың сорын қайнатқан сол кездегі әкімдер сонда сырттан келгендерге қалай жер берген? Мұны тағы да қайталап айтамыз, құқық қорғау органдары неге байқамаған?
Қазір анықталып жатқандай жер алғандардың тіпті кейбірінде жеке басын анықтайтын куәліктің (төлқұжаттың) болмағаны да күдік тудырып отыр.
Кешегі аптада осы даудың мән-жайын анықтау, даурыққан жұртты сабырлыққа шақыру мақсатында Сайрам ауданына облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастаған арнайы жұмысшы топ барып қайтты. Мәселе шешіле бастағандай. Аудан әкімі У.Қайназаров дау көтергендердің арасынан, аса мұқтаж азаматтарға үш күн ішінде жер телімін беруді уәде етті. Алайда жер учаскесіне тек 1100 адам ғана қол жеткізбекші. Ал заңсыз шешім 5328 азаматқа шығарылғандығын ескерсек, барлығының бірдей жер теліміне ие болу мүмкіндігі жоқ.
Дегенмен бұл тақырыптың тұздығы енді басталғандай. Сол солақай шешімді шығарған әкім-қаралар қазір қайда жүр? Қандай қызмет атқарып отыр? Қадағаламаған құқық қорғау органдарының басшылары ше? Олар 5-6 жыл бұрынғы заңсыз әрекет үшін неге жауапқа тартылмайды? Бізге белгілісі, бұл заңсыздыққа себепкер азаматтар қазір де мемлекеттік қызметте отыр. Олар бұрынғы қылмысы үшін неге заң алдында жауапкершілікке тартылмайды?
Осы жағын арнайы құрылған жұмысшы топ назардан тыс қалдырмаса игі.