Қазығұртта судың бағасы 70 пайызға қымбаттады

401
Қазығұрттықтар енді суды бұрынғыдан да үнемдейді

«Судың да сұрауы бар». Енді бұл мақалды Қазығұрт ауданының тұрғындары жиі қайталайды. Себебі ауданда судың бағасы 70 пайызға қымбаттады. Жерлестеріміз бүгінге дейін судың әрбір текшеметрі үшін 43 теңге төлеп келсе, қыркүйек айының 1-нен бастап 81 теңге төлейді.

 

Қазығұрттықтар енді суды бұрынғыдан да үнемдейді
Қазығұрттықтар енді суды бұрынғыдан да үнемдейді

 Бұл шешім жергілікті халықты абдыратқаны рас. Сексеннің сеңгіріне шыққан Пәти әжей немерелерін тіршілік көзін үнемдеуге үйретуге мәжбүр. Себебі су бағасының қымбаттауы көпбалалы отбасына әжептеуір салмақ салғалы тұр.

Пәти Құралбаева, Ашбұлақ ауылының тұрғыны: «80 теңге деген өте қымбат қой, бізде зейнеткер адамбыз, зейнетақыны алсақ, суға төлесек, басқаға төлесек, өзіміз не ішіп-жейміз?! Балалардың бәрінің жұмысы жоқ».

Су бағасының қымбаттауы, әсіресе, аулада азын-аулақ мал ұстап, есік алдына егін салатын ағайынды абдыратқаны сөзсіз. Арықтағы ағын судан баяғыда қағылған тұрғындар үшін құбырдағы су — жалғыз тіршілік көзі.

Судың бағасын қымбаттатып отырған аудандық «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылығы бұл қадамды мекемені бұған дейін басқарғандардың салғыртығымен байланыстырады. Айтуынша, сол басшылар мекемені 33 миллион теңгеге қарызға батырып кеткен. Қарыздан құтылудың жалғыз жолы — судың тарифін көтеру болып тұр.

Октябрь Сәбитов, «Таза су» МКҚМ басшысы: «Судың қымбаттау себебі — бұл мекеме өзінің қаржылай жағдайын өзі қамтамасыз ете алмайды. Үнемі жүргізілетін жөндеу жұмыстарымыз бар, жалпы көлемі 2-2,5 миллион теңге айлық жалақымыз бар, қолданатын электр энергиясы бар дегендей. Және бұған қоса 700-800 мың теңге салық төлейміз. Соның барлығын қаржылық жағынан қамтамасыз ете алмағаннан кейін, біз осындай ұсыныспен шығып, су ақысын қымбаттаттық».

Осылайша аталған мекеме Қазақстанның табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігіне ауызсу қызметіне қатысты жаңа тарифтік сметалық құжаттар жолдады. Енді бұл құжат бекітілсе, тұрғындар судың әрбір текшеметріне 30 теңгеден төлеп, қалған соманы мемлекет өтейді. Айта кетейік, бір ғана Қазығұрт ауданында 64 елдімекен бар, бүгінде соның тек 27-і ғана тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілуде. 15 ауылдың халқы белгіленген кестемен су ішеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nK-JVzvMZ68[/youtube]