Қошқар ата өзенінің бастауы бітелуде

Жұмыстар қараша айында аяқталады

«Бұлақ көрсең, көзін аш!» Шымкенттіктер Қошқар ата өзенінің маңына жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмыстарына наразы. Айтуларынша, өзеннің бойына жағалай төселіп жатқан тас ондағы жүздеген бұлақтың көзін жауып жатыр. Қазірдің өзінде өзендегі су деңгейі азайып, шипалы судан ем алушылардың қатары  сиреп кеткен. «Дәл осындай қарқынмен кете берсе, болашақта табиғи бұлақтан айрылып қалуымыз мүмкін» деп дабыл қағады табиғат жанашырлары.

Қошқар ата өзені маңында көріктендіру жұмыстары басталғалы бері қала тұрғындарының біразының тынышы кеткендей. Осында шомылуға келген сайын табиғи бұлақтардың бұғатталып жатқаны олардың жанын ауыртады.

Алтынбек Төлепбеков, қала тұрғыны: «Қошқар ата өзенінің бойын көріктендіруге ақша бөлінді дегенде біз қуандық. Бірақ мынадай тірлік істеуге болмайды ғой. Қошқар атаның көзін таспен жауып жатыр. Бұл —  қорқынышты».

Өзен жағасының қазіргі көрінісі
Өзен жағасының қазіргі көрінісі

Жұрттың алаңын туғызған мына габион тастар. Жағалау жемірілмес үшін темір торға толтырылып, тас төселіп жатыр. «Бұлақтың көзін бітеп, су деңгейінің төмендеуіне осы жасанды жағалау себеп болуы мүмкін» дейді шипалы судан ем алушылар.

 Аппаз Раев, мердігер компанияның прорабы: «Бұлақтың жабылуы да, балдырлардың тұрып қалуы да мүмкін емес нәрсе. Бұл тастардың арасынан таза бұлақтың суы аққан соң, бұлақтан балдырлар ағып шықпайды. Балдырлар шығатын болса, ортадан шығуы мүмкін. Бірақ оны механикалық жолмен өзіміз 2 жыл көлемінде тазалап отырамыз».

Осылайша мердігерлердің сөзіне сенсек, жасанды жағалау, керісінше, пайдалы екен. Габион тастар сүзгі қызметін атқарып, шипалы судың мөлдірлігін қамтамасыз етеді.

 Айдос Исмаилов, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы: «Бұлақтың көзін жаппайтындай жоба жасалған. Егер біз жағалауды бетондайтын болсақ, сонда бұлақтың көзін жауып қалуы мүмкін еді. Әрине, экологияны қорғауда да тиісті жұмыстар атқарылған. Экология басқармасындағылар бас жоспармен келісіп, бізге бекітіп берген».

Көріктендіру жұмыстары жоспар бойынша желтоқсан айының басында аяқталуы тиіс. Ел арасында «Көзіне тас түскен бұлақ суалып қалады» деген наным бар. Айта кетейік, әлемде қақ ортасынан өзен ағатын санаулы ғана қала бар. Енді Шымкент сол тізімнен шығып қалмаса игі.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=_NpGDKmr9U4[/youtube]