«Қылмыссыз балалық шақ»

Оқушылар акцияға жақсы дайындалған

Шымкентте «Қылмыссыз балалық шақ» акциясы өтіп жатыр. Бұл іс-шара он күнге жалғасады. Мұндағы мақсат — өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беру, жат қылықтардан аулақ болуды үйрету. Бұл бағыттағы кездесулер қаладағы № 58  және 72  мектептерде өтті.

Оқушылар акцияға жақсы дайындалған
Оқушылар акцияға жақсы дайындалған

Жиынға кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар да қатысты. Тәртіп сақшылары жеткіншектер арасында жиі кездесетін жайттарды саралап, оны заң бойынша түсіндірді. Бір айта кетерлігі, оқушы ұл-қыздардың қоғамдағы қылығына кім жауапты деген сауалға ортақ жауап бірден табылмады. Ұстаздар жасөспірімдердің тәртіпсіздігіне оқушылардың ата-анасын кінәлі десе, ата-аналар өз перзенттерінің түздегі әрекетіне мектеп басшылығы жауапты дегенді айтады.

Қалай дегенмен де, статистика мәліметтеріне сүйенсек, жеткіншектердің қатысымен жасалатын қылмыс саны азаймай отыр. Осы тұста ересектер міндетті бір-біріне сілтеп жүргенде жастар өз бетімен кетіп қалу қаупі бар.

Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін оқу жылының басынан әрбір мектепте психологтар жұмыс істеп жатыр. Олар оқушылармен семинар өткізеді, әр оқушымен жеке әңгімелеседі. Одан қандай нәтиже шығатыны — алдағы уақыттың еншісінде. Ал әзірге қолға алынған іс-шара 27-қыркүйек күні үлкен шерумен қорытындыланады.