Қалалықтарда қайызғақ көп болады

Шашы түгелдей түсіп қалған адамды "Тазбас" деп жүрсек, оны медицина тілінде алопеция деп атайды екен

Ғылым қарқынды дамыған заманда келбетімізге көрік қосу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барамыз. Соның бірі – шашымыздың түсі мен қалпын өзгерту. Тіпті, ер-азаматтарымыздың өзі шашын бояп, химиялық жолмен бұйралап жатады. Алайда, сұлулықтың соңынан қуып жүріп, шаш пен бас терісінің зақымданғанын байқамай да қаламыз.

Шашы түгелдей түсіп қалған адамды «Тазбас» деп жүрсек, оны медицина тілінде алопеция деп атайды екен

Ғылымда шаш пен бас терісі ауруларын зерттейтін сала – трихология, ал сала маманы дәрігер-трихолог деп аталады. Бүгінде бұл салаға әлем елдері айрықша назар аударып отыр. Өйткені, бүгінде экологиялық және түрлі себептерге байланысты шаш пен бас терісі ауруына шалдыққандар саны күн санап артып отыр. Әрі тазданған басына шаш өсіруге талпынғандардың да қатары көбеюде.

Облыстық тері-венерология диспансерінің дерматовенеролог-дәрігері Ғалия Құдабаева

Облыстық тері-венеро-логиялық диспансерінің дерматовенеролог-дәрігері Ғалия Құдабаеваның (фотода) айтуынша, шаш және бас терісі ауруларына қайызғақ, себорея, псориаз, фурункулез, склеродермия, қызыл жегі, ментагра, микозы, трихотилломания, шаш өзегінің аурулары мен шат түсінің бұзылуы, педикулез, алопеция жатады. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, қала тұрғындары көбіне қайызғақ, себорея, алопеция сынды ауруларға шағымданатын көрінеді. Осындай диагноздармен ауруханадағы әрбір дәрігерге күніне 2-3 науқас келеді екен.

Қайызғақ – шашты дұрыс күтпегеннен, ағзадағы зат айналымының бұзылуынан, жүйке жүйесінің зақымдануынан және дәрумендердің жетіспеушілігінен пайда болатын тері ауруы. Ұсақ, кебектеніп қабыршақтанған құрғақ қайызғақ, көбінесе, бастың төбе бөлігіндегі шаш арасында немесе жеке ошақ түрінде (маңдай, құлақ қалқанының сыртында, т.б.) байқалады. Аурудың бұл түріне шалдыққандардың шашы қиылғыш келеді, көп түседі. Таз болып қалу қаупі де бар. Мамандардың айтуынша, бас терісіне ауа өткізбей, соның салдарынан шаштың әлсіреуіне әкеп соқтыратын қайызғақтан жер бетінде әрбір үшінші адам зардап шегеді екен. Қайызғақты кетірудің бірнеше жолы бар. Ол – ең алдымен, толыққанды демалыс пен дұрыс тамақтану. Ащы, тұзды, майлы және қуырылған тағамдарды тұтынуды азайту. Сол сияқты көмірсуға бай өнімдерді, яғни тәттілер мен ұннан жасалған тағамдарды да аз жеген абзал. Оның есесіне ас мәзірінде сүт өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді көптеп жеген жөн. Тағы бір айта кететін жәйт, қайызғақ жұқпалы болып келетіндіктен, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажет. Яғни шаш күтіміне арналған құрал-жабдықтарды жеке өзіңіз пайдаланғаныңыз дұрыс.

Себорея – шаштың түбіндегі тірі жасушалардың бұзылып, май бездерінің дұрыс жұмыс істемеуі нәтижесінде туындайтын тері ауруы. Себореяның бірнеше түрі бар: майлы, құрғақ, аралас. Ауру көп жағдайда бет, иек, мұрын, маңдай, сонымен қатар бастың шашты бөлігінде, кеуде және арқа тұсында байқалады. Себореяға шалдыққан жандардың шашы тез майланады. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, науқас медициналық тексерістен өтпей, өз бетінше емделсе, уақыт өте келе шаштың түсіп қалуы ықтимал екен.

Қазақ шашы түгелдей түсіп қалған адамды «Тазбас» дейді, ал оны медицина тілінде алопеция деп атайды екен. Алопеция – шаштың түсуі. Мамандардың айтуынша, асқазан-ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да – шаштың сыпырылып түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса, экология, шашты дұрыс күтпеу, күйзеліс, инфекция да әсер етеді. Адамның шашы күндігіне 50 ден 80 талға дейін түседі екен. Оның орнына жаңадан шаш өсіп шығады. Алайда патологиялық ауытқуларда шаш өспейді. «Ерлердің – 96%-да, әйелдердің 79%-да шаш түсуі өте жиі байқалады. Әйелдер үшін шаштың көп түсуі – косметикалық дефект болғанымен, психологиялық дискомфорт, яғни неврозға ұрындыратын төте жол», – дейді мамандар.

Трихолог маман алдына келген адамның физиологиялық жағдайын жіті тексеріп шығып, шаштың түсіп, таздануының себебі мен ауруға шалдығу себептерін анықтап алған соң ғана, ем тағайындайды. Ем бір немесе екі жылмен шектелмейді екен. Науқас кем дегенде екі-үш жыл емделеді. Ғалия Абдурахманқызының айтуынша, мұндай диагнозы бар науқастар емханаға жатқызылмайды. Емделу кестесі мен дәрі-дәрмегін алған науқас үй жағдайында емделеді. Өйткені, шаш пен бас терісінің ауруы күрделі процесс болып саналады. Мамандар аталмыш аурудан 100% жазылып кеткен жан жоқ екендігін айтады. Сондай-ақ, олар түбімен түсіп қалған шашты қайта өсіріп шығаруға да болатынын айтады. Алайда, ол шаштың да түсіп қалмайтынына мамандар кепілдік бере алмайды. Статистикаға жүгінсек, бүгінде елімізде ерлердің – 60%-ы, әйелдердің 37%-ы тазданудан зардап шегеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ