Қазақ тілін кері тартқан – заңдағы шикі баптар

Себебі орыстілді қоғамнан қазақша бірдеңе сұрау қиынның қиыны. Орыстың тілін білмегеннен кейбір жұмыстарға орналаса алмай жүргендер қаншама
Себебі орыстілді қоғамнан қазақша бірдеңе сұрау қиынның қиыны. Орыстың тілін білмегеннен кейбір жұмыстарға орналаса алмай жүргендер қаншама
Себебі орыстілді қоғамнан қазақша бірдеңе сұрау қиынның қиыны. Орыстың тілін білмегеннен кейбір жұмыстарға орналаса алмай жүргендер қаншама

Күні кеше елге танымал «Жұлдыздар отбасы» журналының редакторы Жарылқап Қалыбай ағамыз орыстілділіктен қатты зардап шекті. Жалғыз Жарылқап емес, қазақ тілін қадірлейтіннің бәріне үлкен психологиялық соққы болды.

Қазақ елінде жауыр болса да айтып, көтеріп тұрмасаң болмайтын бір тақырып бар. Ол – қазақ тілінің тілім-тілім болған аянышты күйі. Аянышты екенін қадірлі оқырман сіз бізден жақсы білесіз. Себебі орыстілді қоғамнан қазақша бірдеңе сұрау қиынның қиыны. Орыстың тілін білмегеннен кейбір жұмыстарға орналаса алмай жүргендер қаншама. Толтырылатын құжаттардан бастап, қоғамдық көліктердегі кондукторға дейін орыстың тілінде қақсайды. Жердегі былай тұрсын, әуедегі алып лайнерлеріміз де қазақ тілін менсінбей жүр.

Естіген боларсыз, «Скат» әуе компаниясының ұшағымен Түркиядан елге қайтып келе жатқан Жарылқап Қалыбай жолсерікке мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрайды. Ол орыс тілінде сөйлеп, қазақша жақ ашпаған. Ал ана тілінде сөйлеуді сұраған Жарылқап мырзаны ұшақтан түскенде полицейлер қарсы алып, хаттама толтырады. Сөйтіп, қоғамдық тәртіпті бұзды,  бұзақылық жасады деген айыппен 3 күнге қамауға алуға үкім шығарды. Бұл қазір елдегі шулы мәселеге айналып отыр. Ұлтшыл, қазақшыл азаматтар қазақ тілін құрмет тұтқан қандасын қалайда ақтап алу үшін барын салуда.

Бажайлап қарасақ, бұлай мазаққа ұшырауымыздың себебі, өзіміз шығарған заңның салақтығы мен солқылдақтығынан орын алып отыр. Тіл туралы заңымызды бір шолып өтсеңіз, осыған куә боласыз. Бұл заң өз саласы бойынша реттеуші факторға айналудың орнына шиеленіс тудырушының рөлін атқарып жүр. Неліктен? Себептер ретінде заңға тілдік, заңдық және қисындық тараптан талдау жасап көрейікші.

Белгілі заңгер Аймаңдай Асқанбайдың айтуынша, заңның қазақ тіліндегі  бас тақырыбы орыс тіліндегі «тілдер туралы» деген нақты ұғымды тарылтып, жекеше түрде «тіл туралы» деген түсінікпен шектелген. Жекеше түрде ауызекі нұсқада «су», «жер» секілді жалпылама сипатта айтылатын  жағдайдың нақты жайттарды реттейтін заң шеңберінде қолданылуы қисынсыз, қате екені ескерілмеген. Өйткені, бұл заң бір ғана қазақ тілін қолдануды емес, елдегі ондаған заңдарды қолдану мәселесін реттейтін акт ретінде орын алған. Сондықтан заң атауының қазақша нұсқасы орысшасына кереғар, дүдамал сипатта көрініс табатын көрінеді. Сондай-ақ, көптеген заңгерлер «Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң қарауды қамтамасыз етедi» деген сөйлемдегі «осы» сөзі өз орнында емес, оның орнына қазақ тілінің қалыптасқан стиліне сәйкес «бұл» сілтеуіші қолданылуы керек. Бұл – заңжобаның орысша әзірленіп, шала аударылғанының бір көрінісі. Қазақстан заңдарындағы орыстың «настоящий» сөзін «осымен» баламалау заңнамалық құжаттарда тілдік сауатсыздық болып қалыптасып отыр»,-дейді.

Қазақ тілінің кері кетуіне бірден-бір кінәлі – мемлекеттік ұйымдар.

Тіл туралы заңды ақтарып отырып, мынаған да кезігесіз: «Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы заң реттейтiн мәселе болып табылады. Осы заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi». Келтірілген тармақта «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасындағы» ел азаматтарының 95%-ға дейін мемлекеттік тілді білу талабы мен межесі өзара қайшы келетінін байқау қиын емес. Себебі, мемлекеттік тіл мәртебесі мына тармақта көрсетілгендей қазақ тілінің мемлекет пен азаматтар арасындағы емес, 1-сөйлемде көрсетілгендей «Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланыс-ты туындайтын қоғамдық қатынастар» реттелетін ғана заңдық норма.

Ата заң мен осы заңдағы қайталанған тармақ нақтыланбағандықтан, орыс тілінің де мемлекеттік мәртебесін жасырын түрде айшықтап тұрғандай әсер қалдырады. Және де, осыдан Конституцияның 7-бабының 1-ші және 2-ші тармағы бір-біріне қайшылықта екенін байқайсыз.

Азаматтардың мемлекеттік тілді 100 немесе 90%-ының біліп-білмеуі мемлекеттік органдардың жұмыс тілі болып табылатын қазақ тілінің дамуына ешбір қатысы жоқ біле білсек. Бұл – мәселені қасқана бұрмалауға келіңкірейтін сияқты. Бұл – мемлекеттік органдардың өз міндеттері болып табылатын  талапты, азаматтарға ысырып салу көрінісі. Өз бетімен күн көріп жүрген азаматтардың мемлекеттік органдардың жұмысына да, тіліне де қатысы жоқ шынын айтқанда. Аталмыш жәйт, қазақ тілінің кері кетуіне бірден-бір кінәлі – мемлекеттік ұйымдар.

Заңның тағы бір бабына тоқталсақ.

4-бап. «Қазақстан Республи-касының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi». 

Бұл тармақта көрсетілгендей, мемлекеттік тіл – азаматтардың мемлекетпен, басқа да ұйымдармен, өзара қатынас құралы емес, ондай талап көрсетілмеген, тармақтағы пайым – қазақ тілінің ресми қатынастарды реттейтін тіл, яғни, ресми тіл екендігі, ең әуелі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар тілі екендігі. Осы бапта тағы мынадай сөйлем бар: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республика-сының әрбiр азаматының парызы» делінген. Шын мәнінде бұл заңға сай емес, декларативтік сөйлем. Ол талап ретінде ешкімге де қолданыл-майтыны белгілі. Себебі, парызды орындау әркімнің өз шаруасы, өз еркі. Оның есесіне келесі сөйлем мына талаптан тұрады: «Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;…» Бұл тармақ бойынша елдің кез келген азаматы аталған мемлекеттік органдарды наразылықпен жауапқа тартуға әбден мүмкіндігі бар. Бірақ азаматтардың (тіпті, мемлекеттік қызметтегілердің де) мемлекеттік тілді білуге міндеті айқындалмағаны анық көрініс береді.

5-бап. Орыс тілін қолдану.

«Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады».

Келтірілген баптың күші мемлекеттік тілге қатысты айтылған 4-баптың күшімен пара-пар. Екі бапта да қазақ пен орыс тілдерінің ресми түрде қолданысы ғана нақты айтылған, бірақ азаматтардың қазақ тілін де, орыс тілін де білуге міндеті көрсетілмеген. Алайда, Конституцияның 7-бабының 2-тармағының бұл заңда да қайталануы артық және де «ресми түрде» ұғымы анықталмағандықтан, «орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей немесе мемтілдің орнына қолданылады» деген ұғым қоғамда қалыптасып отыр.

Шындығында бұл Ата заң мен осы заңдағы қайталанған тармақ нақтыланбағандықтан, орыс тілінің де мемлекеттік мәртебесін жасырын түрде айшықтап тұрғандай әсер қалдырады. Және де, осыдан Конституцияның 7-бабының 1-ші және 2-ші тармағы бір-біріне қайшылықта екенін байқайсыз. Оны реттейтін «Мемлекеттік тіл туралы» заң Конституциялық кеңес ұсыныс етсе де, қабылданбаған. Заң шығару тәжірибесі мен теориясы бойынша бір заңның бабы екіншісіне қайшы не астыртын қайшылықта болмауы керек! Жоғарыдағы жәйтты қарапайым ұғыммен былай түсіндіруге болады: «жұбайдың досы  оның зайыбына (әйеліне) деген жұбайлық міндетін орындауға зайыптың күйеуімен тең құқылы» секілді сорақы мәнге ие. Бұл ұғым заңдалса, елде көпжұбайлықты астыртын заңдастыру актысы ретінде қабылданар еді. Заңгерлер Конституциялық бұл қайшылықты жоюдың бір мүмкіндігі: Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы етістікті ең болмаса «қолданылуы мүмкін» деген міндетті емес нұсқамен алмастыру керек дегенді айтады. Мойындау керек, орыс тілінің мәртебесі жоқ, бірақ «ресми түрде» деген тіркесті қазақтілді азаматтар «ресми тіл» деп қабылдап жүр.

8-бап. Тілдердің қолда-нылуы.

«Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады».

Жоғарыда келтірілген мемле-кеттік тілдің қолданым аясы осы тармақта тағы бір нақтыланып тұр, бірақ елде ұйымдастырылатын халықаралық шаралардағы қолданысы айтылмаған. Ендеше елде болып жатқан талай шараларға қазақ тілі есіктен де сығалай алмауы әбден мүмкін, оның есесіне мәселен, Астанадағы кезекті бір халықаралық отырыс шүршіттің тілінде де  өтуіне мүмкіндік бар деген сөз. Осы тармақтың «орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп қайталануы Ата заңдағы орыс тілінің астыртын мәртебесін бекітіп тұрғаны анық. Тағы бір ескеретін жәйт, аталмыш заңдағы негізгі ұғымдар тізбегінде «ресми түрде тең қолданылады» деген ұғымның анықталмағандығы. Сол себепті, бұл ұғым «ресми түрде мемлекеттік тілдің орнына қолданылады» деген пайымды заңды етіп тұр.

Бұл талдама –  жай ғана үстіртін әрі ішінара қарап шыққандағы ахуал. Қазір азаматтардың барлығы да құқықтық тұрғыда сауаттана бастағанын ескерсек, ерте ме, кеш пе, заңдағы ақаулар түзелуі керек.

Түйін: 

Біздің ойымызша, қызмет көрсетуші мекемелердің қызметкерлері қазақ тілін білуі міндетті болғаны жөн. Әуе жолы, темір жол, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметтеріне тек қана мемлекеттік тілді жақсы меңгерген азаматтар алынуы тиіс. Себебі, оларға күні қараған адамдар орыс тілін білмеуі әбден мүмкін. Олар қазақ тілін білмегені үшін жапа шекпеуі тиіс. Мемлекеттік және соған теңестірілген қызметтердің қазақ тілін меңгеру дәрежесі заңмен анықталуы керек. Себебі әрбір жолсерік пен өртсөндірушінің маңына тілмәш қосып беретіндей бай мемлекет емеспіз.

 Дәурен ӘБДІРАМАНОВ