«Үй бикесінен артықшылығым – қызметім ғана»

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың билікке келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Десек те, кейіпкеріміз біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдей білді. Іскерлігімен елге етене таныс, билік басында жүрген бикештің отбасы жайында сөз қозғамақпыз.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова

Гүлжан жолдасы Қайрат екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Үлкен ұлы қызметте. Екінші ұлы жоғарғы оқу орнында оқыса, үйдің кенжесі, ерке қызы мектеп оқушысы.

– Өз басым көпбалалы отбасында өсіп-өндім. Жанұямызда 5 ұл, 5 қызбыз. Мен отбасымыздағы 6-шы баламын, – дейді Гүлжан Мамытқызы балалық кезін еске алып. – Ата-анамыз біздің бойымызға адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып, «үлкенге ізет, кішіге құрмет» деген ұстаныммен мейірімділікке, инабаттылыққа баулыды. Сондықтан да болар, барлығымыз биік жетістікке жеттік. Мектеп қабырғасында жақсы үлгеріммен, тәртібіммен ұстаздардың көзіне түстім. Барлық мәдени іс-шараларға қатысып, озат оқушы болуға тырыстым. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты мектепті тәмамдаған соң, жоғары оқу орнына түсе алмадым. Дегенмен, үйде қол қусырып отырған жоқпын. Ата-анама қайтсем көмегім тиеді деп жүріп, Отырар ауданындағы автотранспорт мекемесіне кассир болып жұмысқа орналастым. Жұмыс істеп жүрсем де, білімімді жетілдіруге уақыт таба білдім. Сөйтіп, араға бір жыл салып, Алматы қаласындағы Халық шаруашылық институтына оқуға түскенмін, – дейді ол.

1987 жылы оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлжан Құрманбекова облыстық қаржы басқармасының жолдамасымен Отырар аудандық қаржы бөліміне жетекші маман болып жұмысқа орналасады. Іскерлігімен басшылықтың көзіне түскен жас маман аз уақыттың ішінде бас маман, бас ревизор қызметіне дейін көтеріледі. 1990 жылы тұрмысқа шығып, үлкен бір әулеттің келіні атанады.

– Әке-шешем «Қыз бала – жат жұрттық» деп отыратын. Анам бізге «жас қыз ертең-ақ бойжетіп, балиғатқа толып, бір үйдің келіні атанады. «Келіннің аяғынан…» деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәрбие алған қызбала барған жеріне «судай сіңіп, тастай батып», ауыл-аймаққа қадірлі болуы керек» деп үнемі ақылын айтып отыратын. Анамыздың «қыз баласы ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойымызға дарыта білуінің арқасында бір әулеттің абыройлы келіні атандық. Сол шаңырақтың түтінін түтетіп, керегесін кеңейту – үлкен жауапкершілік», – дейді Гүлжан Мамытқызы.

Кейіпкеріміз отбасы құндылығын бірінші орынға қояды. «Жаңа шаңырақтың табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабаларымыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпағын өрбітіп-өркендетіп, кеңейтуші ырысы, құт-берекесі санаған. Егер жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын былай қойғанның өзінде үйі, қазан-аяғы мұнтаздай таза болып, өзі он саусағынан өнері тамған ісмер, бармағынан бал тамған аспаз болса, ондай келіні бар үй көпке – үлгі, ауылға – сыйлы болады. Үлкендер құрмет тұтып, жастарға үлгі етеді. Келін – бір шаңырақтың шырағы. Ағайын-туманың ортасында берекесін асырып, жаманын жасырып, жақсылығын елге паш ететін де – бір өзі. Жас келіннің көтерер жүгі қашан да ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайынсіңлі, қайыніні, абысын-ажынмен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолы», – дейді Гүлжан Құрманбекова неке және отбасы мәселесіне өз ойын білдіре келіп.

Гүлжан жолдасы Қайрат екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы
Гүлжан жолдасы Қайрат екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы

– Ұлдарым әлі үйленген жоқ. Десек те, отау көтеріп, бір шаңырақтың отағасы атанатын жасқа жетті. Кезінде мені ата-енем алақанына салып, әлпештеп, еркелетіп, қыздарындай қарады. Үйдің тірлігіне араластырмауға тырыс-ты. Мен де өз кезегімде ата-енемді қадірлеп, сыйладым. Өкініштісі сол, ата-енеммен көп тұрғанымыз жоқ. Жұбайым екеуміздің қызметіміз Шымкентте болған соң, ол кісілер еншімізді беріп, бізді бөлек шығарды. Сөйтіп, 1992 жылы қызметімізге байланысты Шымкентке қоныс аударып, қаржы бөліміне жұмысқа орналастым. Арада екі жыл өткен соң, енем бақилық болды. Артынша көп ұзамай атам да қайтыс болды. Әлі есімде марқұм атам: «Біз қанша жерден келін деп айтқанымызбен, келін деген – бір әулеттің әлпештеп өсірген аяулы қызы. Өскен-өнген жері қандай болса, алған тәрбиесі, көрген өнегесі де сондай болмақ. Келіннің жаңа жерге келуі, сол ортаға үйренісуі, көп жағдайда, сол үйдің мүшелеріне де байланысты. Келген күннен құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытып, білместігіне кешіріммен қарап, ол келіннің әулетке сіңіп кетуіне жағдай жасау керек» деп отыратын, дейді Гүлжан Құрманбекова.

Он екі жыл бойы қаржы бөлімінің жетекші маманы болып қызмет еткен Гүлжан Мамытқызы 2004 жылы бөлім бастығының орынбасары, 2007 жылы бөлім бастығы қызметіне тағайындалады.

– Мен басшылық қызметке кіріскен кезімде, экономика мен қаржы бөлімдерін біріктіру жөнінде қаулы шықты. Сол қаулының негізінде екі бөлім біріктіріліп, экономика және қаржы бөлімінің бастығы болып тағайындалдым. 2012 жылдың мамыр айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Халық арасында басшы әйел үй шаруасымен айналыспайды, бала тәрбиесінен қол үзеді деген теріс пікір қалыптасқан. Бәлкім, жұрт мені де ақсаусақ деп ойлайтын шығар. Дегенмен, мен өзімнің әйелдік міндетім мен аналық парызымды еш ұмытқан емеспін. Мен де үй шаруасымен айналысамын, жұмыстан кейін дүкенге соғып, үйге қажетті заттарымды сатып аламын. Қызым екеуміз ас бөлмеде ас әзірлейміз. Ыдыс-аяқ, киім-кешекті де өзім жуамын. Банкі жауып, ет сүрлеп, қазы айналдырамын. Қарапайым үй бикесінен артықшылығым – тек қызметім ғана. Ата-анамнан алған тәрбиемді өз балаларымның бойына сіңіруге тырысамын, – дейді басшы әйел.

Билік басындағы бикеш Гүлжан Құрман-бекованың отбасылық өмірі, тәлім-тәрбиесі осындай. Билікке де, үй-шаруасына да үлгеріп жүрген кейіпкерімізге қызыға қарадық.

Айжан Ермекқызы