Өрт сөндірушілерді сотқа бермек

276
"Семья" сауда орталығының қазіргі көрінісі

Сайрамда өртке оранған сауда орталығының басшылары жергілікті өрт сөндірушілерді сотқа бермек. «Олар өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарағаны үшін заң алдында жауап беруі тиіс» дейді орталық әкімшісі Сухраб Ергешов. 

"Семья" сауда орталығының қазіргі көрінісі
«СемьЯ» сауда орталығының қазіргі көрінісі

Сухраб Ергешов, «СемьЯ» сауда орталығының әкімшісі: «Біздің өкпеміз жергілікті өрт сөндірушілерге болып тұр. Олар келгенде ұялы телефон сататын бутик жанып жатқан. Жарықты сөндіру керек деп күтіп отырды. Алдын алып, үлгермегені үшін фактілерді жинап, сотқа береміз. Бір бутиктің кесірінен бүкіл сауда орталығы жанып кетті. Сол үшін барлық фактілерді жинап, сотқа береміз «.

 Айта өтейік, өткен аптаның жұмасында Ақсукенттің дәл ортасындағы сауда орталығынан өрт шығып, үш қабатты ғимарат толықтай жанып кеткен болатын. Салдарынан жүзге жуық кәсіпкер нәпақасынан айрылса, аудандық телеарнаның техникасы мен он жылдық мұрағаты күлге айналды. Таңғы сағат бестерде алаулаған өртті ауыздықтауға үш сағаттай уақыт кетіпті. Ал өртсөндірушілер тілсіз жауды бірден ауыздықтай алмауын хабарламаның кеш түскенімен түсіндіргісі келеді.

 Арман Әсібеков, төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы: » Өрттің шыққаны туралы хабарлама тым кеш  түсті. Өрт екі сағаттан артық лапылдап жанып жатқан. Бірінші өрт сөндіруші бригада барып жеткенде бірінші қабат қызыл алауға оранған. Сондай-ақ, екінші қабатты да шарпып үлгерген».