Ұлы Отан соғысының жаңғырығы әліге дейін естіледі. Жаңалығы да таусылар емес.
75 жастағы Байсапаров Аралбай әкесі Байсапар Көбетаевтың денесі жерленген жерді тапты. 70 жылдан кейін 21 жасар немересі Бекетті ертіп (суретте), әке қабірінің басына барып, құрбандық шалып, құран бағыштап қайтты.
36 жастағы Байсапар Көбетаев майданға 1942 жылдың сәуірінде аттанды. Соғыс даласына кеткен жарын күтіп, елде балаларымен Тәті ана қалды. Аралбай ол кезде 4 жаста болатын. Арада жыл өткен соң, 1943 жылдың шілдесінде есіл ердің ұрыс даласында қаза тапқан хабарын жеткізген қара қағаз келді.
Содан бері үш ширекке таяу уақыт өтті. Қан майданда көз жұмған жауынгер-әкесінің қайда жерленгенінен бір мағлұмат тапқан Аралбай ақсақал осы тамызда Ресейге барды. Байсапар Көбетаев – Орлов облысы, Мценск ауданы, Тельченский ауыл кеңесіне қарасты Калинеева атты ауылдағы бауырластар қабіріне қойылыпты.
– Жалпы Мценск ауданы маңында мұндай бауырластар қабірі өте көп. Кезінде қиян-кескі ұрыс қимылдары жүрген аймақ қой. Әкем жатқан қабірде 1040 марқұмның сүйегі жатыр. Барлығының есімдері ескеркіш тақтаға жазылып қойылған. Арасында 76 қазақстандық бар. Оның 7-еуі осы Оңтүстік Қазақстан облысынан аттанғандар екен. Әкем соғысқа аттанғанда 4 жастамын, келбеті есімде қалмапты. Бауырластар қабіріне барғанда көз жасымды тия алмадым. Әкемнің аты-жөні ойылып жазылған ескерткіш тақтаға қолымды тигіздім. Елден алып барған бір уыс топырақты әке қабіріне қойдым. Ол жақтан да топырақ алып келіп, анам жатқан мазарының жанына көмдім, – дейді редакцияға келген Аралбай қарт.
Ол кісі аталмыш бауырластар қабіріне жерленген барлық қазақстандық жауынгерлердің тізімін алып келіпті. Артында қалған ұрпағы мен туған-туыстары іздеп жатса, бір пайдасы тиіп қалар деген үмітпен оңтүстіктен аттанған жеті жауынгердің аты-жөндерін жеке-жеке көрсетті. Біз де сол тізімді жариялауды жөн санадық. Артында қалған ұрпағы болса Мценск ауданындағы бауырластар зиратында бірінің әкесі, бірінің туысы жатқанын білгені орынды.
Жәнібек НҰРЫШ