«Ас атасы — нан». Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың бірі — созақтық Сайраш Ескебаева. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы несиеге алған 3 миллион теңгеге ол «Ыстық нан» атты наубайхана ашты.
Әрекет түбі – берекет. Мемлекеттен көмекке келген қаржыға осылайша қажетті құрал-жабдықтар алынды. Қосымша ауылдың үш тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер үшін берекелі болған жұмыспен қамту бағдарламасы бағаны тұрақтандыру саясатына да септігін тигізуде.
– Өзге дүкенде 50 теңгеден алатын нан бұл жерде 35 теңгеден сатылады. Әрі ыстық, әрі жұмсақ, – дейді Шолаққорған ауылының тұрғыны Жанат Әленова.
Аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған наубайханада кондитерлік өнімдер де шығарылады екен. «Берекелі кәсіптің — берері көп» деген осы.
– «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасына үлкен рахмет. Қазіргі таңда алған несиемізді дер кезінде құйып отырмыз. Жұмысшылардың да жалақысы уақытылы берілуде. Жемісін көрген кәсібімізді ары қарай дөңгелете береміз, – дейді жеке кәсіпкер Сайраш Ескебаева.
Созақ ауданына қарасты ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамту мақсатында осы жылдың сегіз айында 12 адам несие алған. Оның бірі – Артур Мырзашев. Ол автокөлік жөндеу орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев кешегі аптада Созақ ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты. Сапар барысында арнайы басқосу өтіп, онда ел игілігіне бөленіп отырған «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының Созақ өңірінде жүзеге асырылуы талқыланды. Әли Бектаев, әсіресе, ауыл әкімдерін белсенділік танытуға шақырды.
Артур Мырзашев, өзін-өзі жұмыспен қамтушы:
– Бұған дейін үйде машина жөндейтінмін. Жұмыспен қамту бағдар-ламасы арқы-лы оқу курсынан өтіп, 2 млн теңге несие алып, машина жөндеу орталығын аштым. Автокөлікке қажетті барлық қызметтерді жасаймыз.
Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары:
– Созақ ауданында жұмыс жақсы деп айтуға болады. Әсіресе, шағын несие беру кезінде халықтың көңіл күйі жақсы. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.