Таяуда Сарыағаш аудандық прокуратурасымен жергілікті атқарушы органдар қызметінде «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен заңдылығына және бюджеттен бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуына тексеру жүргізілді.
Бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы № 93 қаулысымен бекітілген «2002 — 2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасының талабына сай ауыл халқын ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жалпы сумен жабдықтау деңгейін 80%-ға дейін арттыру бекітілген. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы «2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекіту туралы» №570 Қаулысының талабына сай, орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуді ауылдық елді мекеннің 80%-ын қамтамасыз ету бекітілген. Алайда, тексеру көрсеткендей осы мемлекеттік бағдарламалар аясында жергілікті атқарушы органдардың елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Мысалы, «Ауызсу» бағдарламасы аясында 2010 жылы 8 елді мекендегі жалпы құны 586 миллион теңгеге салынған 8 нысанда жер астынан шыққан судың кермектенуінен бүгінгі таңға дейін халық таза су тұтына алмауда. Яғни, Сарыағаш ауданы аумағындағы Жолбасшы, Ақжар, Біртілек, Көлтоған, Тасқұдық, Шайхана, Аманкелді және 28 гвардияшылар ауылдарында жаңадан салынған су беру нысандарының суы ішуге жарамсыз. Дайын нысандар бола тұра жергілікті атқарушы органдар тарапынан екі жарым жылдан астам мерзім ішінде бұл мәселені шешуге бірде-бір әрекет жасалмаған. Тек, 2013 жылы ғана аудан әкімдігімен Жолбасшы, Ақжар, Шайхана, Аманкелді, Біртілек ауылдарын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 40 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Алайда, қалған үш ауылды (Тасқұдық, Көлтоған және 28 гвардияшылар) ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мүлдем назардан тыс қалған.
Сондай-ақ, тексеру көрсеткендей 186 млн теңгеге салынған 3 нысанда мүлдем су көзі жоқ болып шыққан. Мәселен, мердігер мекеме «Комп-АС» ЖШС-мен Игілік ауылында 82,7 миллион теңгеге салынған құбырларда су көзі болмаған және қазіргі таңда нысанды іске қосуға ешқандай мүмкіншілік жоқ. Сол себептен Игілік ауылының тұрғындары осы күнге дейін ауызсумен қамтамасыз етілмей отыр.
Жергілікті атқарушы органдар 2007-2010 жылдарында салынған нысандарға су көзін қосу мақсатында бірде-бір шаралар атқармағаны анықталды. Бұдан бөлек, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында да бірқатар заңсыздықтар орын алған. Атап айтсақ, бағдарлама бойынша 2011-2013 жылдар аралығында 700 миллион теңгеден астам қаржыға салынған 5 нысанда орталықтандырылған су магистралі құрылысы жүргізілмеуіне байланысты 5 елді мекенге осы күнге таза ауызсу берілмеуде. Негізі Ынтымақ, Төңкеріс және Құрама елді мекендерінде салынған су құбырлары ауыл жанынан өткізуге жоспарланған магистралды су құбырына қосылып, аталған ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету қажет еді. Алайда, магистралды су құбырының құрылысы осы күнге дейін басталмағандықтан, аталған ауылдарға су берілмеуде.
Жалпы, тексеру қорытындысымен аудан аумағында «Ауызсу» және «Ақ бұлақ» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыға салынған 16 нысан пайдаланбай жатқаны анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жойып, алдағы уақытта болдырмау мақсатында аудан әкімі атына, ал, заң бұзушылықтарға кінәлі тұлғалардың тәртіптік жауапкершіліктерін шешу мақсатында ОҚО бойынша тәртіптік кеңес төрағасының атына ұсыныстар енгізіліп, қазіргі таңда бұл мәселе қаралу үстінде.
Балабек Асанбеков, Сарыағаш ауданы прокурорының аға көмекшісі, 2-ші сыныпты заңгер