Балабақшада бар жағдай жасалған ба?

Әр балаға кем дегенде 6 шаршы метрден тиесілі алаң болуы керек.

Шымкент қаласында 189 балабақша бар. Олардың 73-і мемлекеттік, 84-і жеке меншік. Ал, мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар саны – 32. Мектепке дейінгі жастағы 117 438 бүлдіршіннің 31 614-і бақшаға барады. «Бауыр етіміз – баламыз» күн сайын 7-8 сағатын балабақшада өткізеді. Таңертең тәрбиешінің қолына табыстасақ болды, «іс бітті» деп ойлайтынымыз рас. Күнделікті күйбең тірішілікпен жүріп, бүлдіршіндеріміздің қалай тамақтанып жатқанын, жатын-орны мен ойын алаңшасын бақылауға әрбіріміздің уақытымыз бола бермейді. Балабақшаның қызмет көрсету сапасын тексеру қалай жүзеге асырылады?

Әр балаға кем дегенде 6 шаршы метрден тиесілі алаң болуы керек.
Әр балаға кем дегенде 6 шаршы метрден тиесілі алаң болуы керек.

Қандай да бір қызмет түріне сұраныс көбейсе, тиісінше ұсыныс та артады. Сұраныс жоғарылаған сайын, ұсынып отырған қызмет түрінің сапа­сы кейінгі орынға шегеріле беретіні – экономикалық заңдылық. Бүгінде сұраныс жоғары болып отыр­ған қызмет түрлерінің бірі – балабақша қызметі. Мәселен, Шымкентте балабақша тапшы. Бүгінгі таңда қалада балабақша кезегінде тұрғандар саны 50 мыңнан асып жығылады екен. Ал мемлекеттік бақшадан тіпті дәмеленбейтіндердің санын ешкім дөп басып айта алмайды. Міне, қалада жеке меншік балабақшалардың көбейіп отырғаны сондықтан. Қайсыбір кәсіпкерлер тіпті, шағын орталықтарды көп қабатты үйлердің пәтерлерінен ашып алған. Ал ондай балабақшаларда балалардың ойнауына арналған ойын алаңдарының бол­майтыны айтпаса да түсінікті. Осылайша жеке ­мен­шік балабақшалардың қарапайым талаптарды орындамай жататынын былайғы жұрт та жақсы біледі. Отбасылық балабақша ашуға лицензия беруге «Мектепке дейінгі ұйымдарды құруға және ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту туралы» денсау­лық сақтау министрінің 2003 жылғы 25 шілдедегі №571 бұйрығы негіз бола алады. Ондағы санитарлық ережелер мен нормалар толық сақталған жағдайда және «Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Үкіметтің қаулы­сына сәйкес жүзеге асырылады. Қаулыға сәйкес, отбасылық балабақ­шалар санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және өрт қауіпсіздігі ережесіне жауап беретін екі-үш қабатты ғимараттарда ашылуы мүмкін. Отбасылық балабақшаны ұйымдастыру үшін бес балаға арналған (пайдалану алаңы 30 шаршы метр­ден кем емес) бір бөл­ме­лі пәтер немесе тұрғын үй, тоғыз балаға ар­нал­ған (пайдалану алаңы 50 шаршы метрден кем емес) екі бөлмелі пәтер немесе тұрғын үй, 13 балаға арналған (пайдалану алаңы 80 шаршы метрден кем емес) үш бөл­мелі пәтер немесе тұрғын үй пайдаланы­лады. Яғни әр балаға кем дегенде 6 шаршы метрден тиесілі алаң болуы керек. Ал пайда тапқысы келетіндер бұл талапты ескермейді. Лицензия алар тұста пысықай кәсіпкерлер тек құ­жат­тарды ғана талапқа сай «сайратып» қояды. Мәселен, құжат бойынша бес бала қабылдаймын деген балабақша иесі рұқсат алып алған соң, бес баланың орнына 10 балаға дейін қабылдай беретінін көріп те жүрміз. Мұндай жағдай мемлекеттік балабақшаларда да орын алатынына күмән жоқ. Міне, осы тұстан бастап санитарлық талап­тар мен ережелер бұзылады. Біріншіден, балалардың ойнайтын, жүріп-тұратын алаңы азаяды. Сосын тамақтанатын орын тарылады. Соның салдарынан ба­ла­лар кезек күтіп, уақытында тамақ іше алмайды. Мамандарының анық­тауын­ша, кейбір балабақшаларда тіпті тамақ сақтау талаптары да толықтай орын­дала бермейтін көрінеді. Санитарлық қадағалау саласының мамандары мемлекеттік немесе жеке кәсіпкерлік нысандарға жоспарлы тексерулер жүргізбес бұрын, алдын-ала бір ай бұрын жоспардан тыс тексерілетін болса, бір күн бұрын тексерілетіні жөнінде хабарлама беретінін айтады. Бұл талап орындалмаған жағдайда «кәсіпкердің жұмысына кедергі» келетін көрінеді. Бір ай — аз уақыт емес. Бұл аралықта нысан басшылығы тіпті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп үлгереді. Етек-жеңдерін жинап, тексеруге тас-түйін дайын отыратыны белгілі жәйт. Ал келесі тексерулерге дейін жан нәсіп…. Жаңа нысандарға тіпті жеңіл. Оларды алғашқы 3 жылдықта ешкім тексеруге ала алмайды. Кәсіпкер аяққа тұрып кеткенше ондай шараларға заң рұқсат бермейді. «Білім беру қызметіне қойылатын лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Заңнаманың шикі тұстары осы. Бақылаудағы нысандар әр жартыжылдықта жоспарлы немесе жоспардан тыс кешенді тексерумен қабылданғаннан кейін тіркелген кемшіліктер бойынша 1,10,20 сандық балмен бағаланып отырады. Мамандар тексеру жиілігін анықтап, жалпы балын шығарады. Егер тексеру барысында тіркелген кемшіліктер жалпы балдары 0-100 аралығында болса, жылына бір рет тексеріледі, 101-120 аралығында болса, жылына екі рет тексеріледі. Ал 120-дан жоғары болса ондай нысандар жылына төрт рет тексеруден өтуі тиіс.

Ал лицензия берер алдында балабақша­ның талаптар мен ережелерге сәйкестігі тексеріледі. Содан соң қалалық білім беру бөлімі қорытынды шығарады. Қорытынды негізінде сәйкес экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы лицензия береді.

38-053

Түйін: 

Байқап отырсақ, балабақша-лардағы ахуалды реттейтін заңнаманың қайсыбір тұстары кәсіпкерлердің пайдасына қарай ойысып тұр. Осындай олқылықтарды оңтайлы пайдаланатын бизнесмендер «ебін тауып, екі асап» қалуда. Осылайша балабақшаны шалабақшаға айналдырып алған пысықайлар күн санап сұранысы артып отырған бизнестің көрігін қыздырып жатыр.

Тексеру кезінде ас блоктарында құрал-жабдықтарды таңбалау талабының орындалмауы және тез бұзылатын тағамдардың дұрыс сақталмауы жиі тіркеледі
Тексеру кезінде ас блоктарында құрал-жабдықтарды таңбалау талабының орындалмауы және тез бұзылатын тағамдардың дұрыс сақталмауы жиі тіркеледі

…қалай таңдаймыз? 

Балабақша кезеңі — адам баласының алғашқы баспалдағы іспетті. Ата-аналар бұл жаңа кезеңге байыпты түрде, жауапкершілікпен дайындалуы қажет. Егер сіз балаңыздың балабақшаға мерекеге барғандай ризашылықпен баруын қаласаңыз, онда балаңыз үшін ең дұрыс балабақшаны таңдай білуіңіз керек. Ең дұрысы, балабақша туралы сәбиіңіз дүние есігін аша салысымен ойлану қажет. Ол үшін білім беру мекемесіне немесе өзіңіз тіркеуде тұрған жердегі ХҚО-ға өтініш жазыңыз. Дер кезінде кіріспесеңіз, таңдауыңыз болмай қалуы мүмкін. Сіздің өтінішіңіз мектепке дейінгі білім беру бөліміне тіркеледі. Балаңыз бақшаға кезекке тұрады. Кезек тәртібі бойынша, бос орын болған кезде, сіздің балаңыз топқа қабылданады. Ең қарапайым жолы – таңдау жасамас бұрын балабақша туралы барлық мәліметтерді біліп алу керек. Оны сіз балабақшаға балалары барып жүрген ата-аналармен сөйлесіп біле аласыз. Олардан балаларға деген күтім, балабақшаның жабдықталуы, тәрбиешілері туралы және одан да басқа мағлұматтарды білуге болады. Балабақшаның аумағы, балалар ойнайтын жері, қоршалған алаңы қаншалықты таза екеніне назар аударыңыз. Балабақшаның қызметкерлерімен, болашақ тәрбиешімен танысыңыз, дәрігерімен сөйлесіңіз. Меңгерушісінен қызметкерлер жайлы, балалармен жүргізілетін жұмыс туралы айтып беруін сұраңыз. Балаларды оқыту бағдарламасы топтағы бала саны, тамақтандыру мен ойыншықтардың сапасы балабақшаның санатына байланысты. Мемлекеттік балабақшаның басты артықшылығы – бағасының арзандығында. Республика аумағында бұл баға 7000-12000 теңге аралығында бекітілген. Сонымен қатар бірнеше жеңілдіктер қарастырылады. Мысалы, жалғызілікті аналарға, көпбалалы жанұяларға жеңілдіктер бар. Мемлекеттік балабақшаның кемшілігі – топтарда бала саны көп болады және әр балаға жеке көңіл бөлінбейді. Егер жанұяда жеке балабақшаның қызметтерін төлеуге қаражат жеткілікті болса, онда бұл кез-келген сәби үшін ең дұрыс таңдау. Үй (отбасылық) балабақшасы – бұл жеке балабақшаның бір түрі. Әдетте бұл жеке пәтердегі немесе жалға алынған ғимараттағы жақсы жабдықталған жатын орын және ойнайтын бөлме. Онда тәрбиеші, бала бағушы және аспаз жұмыс істейді; ал ересек топтағы балалар үшін шет тілдерінің, ән-күйдің және сурет өнерінің оқытушылары шақыртылады. Үй балабақшасының жақсы жақтары – бала санының аздығы (3-5 бала) дербес тамақтану мәзірі болады, балаларға барынша назар аударылады. Мұндай балабақшалардың қызметі өте қымбат, ал кей жағдайда ғимараты да тар болып келеді. Ата-аналардың балабақшаның жақсы-жамандығын анықтау критерийі әртүрлі. Бірақ қандай да бір критерий бойынша балабақша таңдағанда, «мектепке дейінгі білім беру стандартын» басшылыққа алыңыз.

Мақпал РЫСБАЕВА

Баян МҰСАЕВА
Баян МҰСАЕВА

Баян МҰСАЕВА, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы бойынша МСЭҚБ басшысының орынбасары:

– Жыл басынан бері аудан бойынша 31 балабақшада жоспарлы тексерулер жүргізілген. Оның 21-і мемлекеттік мекеме. Жоспардан тыс тексерулер де жүргізіліп отырады. Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша, яғни аурушаңдық жағдайда, арыз-шағымдары негізінде, құзырлы органдардың сұраныс талабына сәйкес тексерулер жүргізілуі мүмкін. Мамандар жоспарлы тексерулер барысында бірқатар кемшіліктерді анықтады. Қазіргі таңда балабақшаларға қатысты ең өзекті мәселе – ондағы балалар тығыздығы. Балабақшалардағы сыйымдылық дәрежесі бүгінде 1,4%-ға артып кеткен. Бұл мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығына қатысты болып отыр. Тексеру кезінде ас блоктарында құрал-жабдықтарды таңбалау талабының орындалмауы және тез бұзылатын тағамдардың дұрыс сақталмауы жиі тіркеледі.