Осылай болуы мүмкін. Себебі бәсекелестікті қорғау агенттігі, Елбасының тапсырмасымен, баспана бағасының қымбаттауына қатысты кең ауқымды зерттеуді бастады. Агенттік мамандары тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және құрылыс нарығындағы бәсекелестікті дамыту бағытында ұсыныстар әзірленіп, тұрғын үй бағасының көтерілу себептеріне талдау жүргізуде. Талдау қорытындылары қараша айына дейін әзірленіп, Елбасының назарына ұсынылады.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, құрылыс компаниялары өздерін айыпты санап отырған жоқ. Олар бар кінәні құрылыс материалдарын өндірушілерге және жеткізушілерге аударуда. Жан-жақты зерттеуде құрылыс материалдары саласы да қамтылмақ. Бұл мәселе бүгінде халықты қатты толғандыруда. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мамандары құрылыс материалдары нарығының тұтастай алғанда, тұрақты екенің алға тартады. Бірақ жекелеген өнім түрлеріне баға өсуде. Мәселен, кірпіш бағасы – 13,9 %-ға, цемент – 8,7 %-ға, темір бетон – 8,3 %-ға қымбаттады. Ал қиыршық тас, тұрба-құбыр, жылу-изоляциялық материалдар құны төмендеуде. Жалпы алғанда, бұл нарық – бақылауда деп сендіреді агенттіктегілер. Айтқандай, сала мамандары жақында ғана цемент өнімдері нарығына талдау жүргізіпті. Олардың мәлімдеуінше елемізде 10 цемент зауыты бар көрінеді. Зерттей келе агенттік қызметкерлері «бағаның өсуі маусымдық сипат алып отыр» деген байлам айтады. Яғни жазға қарай құрылыс бар жерде қыза түседі ал қажетті материалдар құны басқа маусымдағыға қарағанда едәуір өседі. Бұл ретте бағаға ықпал ететін үш негізгі фактор бар. Біріншіден, — шикізат құнының қымбаттауы, екіншіден — негізгі құралдарды жаңарту үшін инвестициялық қорларды қалыптастыру қажеттілігі. Үшіншісі – маусымға байланысты субъективті себеп. Яғни, цемент зауыттары құрылыс қарқынды жүретін кезде барынша мол табыс тауып қалу үшін жазда өз өнімдерінің бағасын көтереді. Бұл ретте қолдан жасалған тапшылық туады. Бүгінгі таңда бірнеше ірі цемент зауытына қатысты тексеріс жүруде. Соның қорытындылары бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады!» деп шегеледі монополияға қарсы орган жетекшісі Б.Қуандықов. Айта кетейік, агенттік тергеу жүргізе келе, бірнеше цемент зауытының өзара ымыраласып, баға саясатын келіскен түрде жүргізіп отырғандығын, сөйтіп, елдегі осы өнім құнын көтергендерін анықтапты.
Мақпал РЫСБАЕВА