Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығында «Оңтүстіктің нвестициялық жобалары» атты соңғы, бесінші көрме өткізілді.
V инвестициялық жобалар көрмесінде Шымкент қаласындағы, Ордабасы және Сайрам аудандарындағы 30-ға жуық инвестициялық жобалар стендтерде көрсетіліп, өз кезегінде әр аудан әкімдері жобаларды таныстырып өтті.
Көрменің басты ерекшелігі – азаматтарға аудандардағы инвестициялық жобалар туралы мағлұмат беріліп қана қоймай, аудандардағы пайдалы қазбалар кені туралы толық ақпарат инвесторларға жария етілді.
— Оңтүстіктің инвестициялық жобалары көрмесі облыс аумағында кәсіпкерлік нысандардың көбеюіне ықпалын тигізіп отыр, — дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. — Бүгінгі күні ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер саны 101 жетті, бұл республика бойынша өтініш берушілердің 40%-ын құрап отыр. Былтыр бізге тек 102 өтініш келіп түсті. Сондай-ақ, көрме артықшылықтарын айтар болсақ, аудандардағы пайдалы қазбалар қорлары игеріле бастады. Мысалы, Бәйдібек ауданында «Травентин» кен орнын игеруге 7 кәсіпкерден өтініш түсіп отыр. Бүгінгі күні сол кен орнының аумағын индустриалды аймаққа айналдыру қарастырылып отыр.
— Бүгін облыстың инвестициялық жобалары көрмесінің соңғы жұмыс күні өткізіліп жатыр, – дейді ОҚО кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының директоры Нұржан Әлтаев. — Бір ай бойы апта сайын біздің орталықта инвесторларға тиімді әрі маңызды деген 30-40 жоба ұсынылған болатын. Өткен көрмелердегі жобаларға қызығушылық танытып, меморандумға қол қойған инвесторларға кәсіпкерлерді қолдау орталығы мен ауыл әкімдіктері тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде.
Мысал ретінде Түлкібас, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының әкімдіктерін айтар болсақ, кәсіпкерлерге жобаларды іске асыруға қажетті жер телімдерін бөлу туралы қаулылар шыққан болатын. Түлкібас ауданында 100 га аумақта бау-бақша отырғызылып, 5 га жерде жерқұлақ саңырауқұлағы өсірілетін болды. Түркістанда кәсіпкерлерге индустриалды аймақтан кірпіш зауытын соғуға, балық шаруашылығына арналған аймақ, шыны шөлмек шығаратын зауыт салуға жер бөлінген.
Бүгін кәсіпкерлерге Шымкент қаласы, Сайрам және Ордабасы аудандарындағы инвестициялық жобалар ұсынылды. Көрме қорытындысы бойынша инвесторлар мен әкімдіктер арасында 23 меморандумға қол қойылды. Олардың ішінде Шымкент қаласында жүн және жүн өнімдерін алғашқы өңдеу комбинатын құру, жабдықтау және ұйымдастыру жобасы, коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникасын жинақтау зауытын салу, пластикалық құбыр өндірісін дамыту, әйнекті қайта өңдеу өндірісінің кешенін ұйымдастыру, Ордабасы ауданында ауыз су және газдалған арнайы ыдысқа құю желісін салу, медициналық гипс өндіру, Бөржар және Теспе көлдерінің аумағында балық өндірісін және демалыс аймағын салу жобасы, Сайрам ауданындағы Қарасу ауыл округіне қарасты Мәртөбе ауылында 2 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма құрылысын ұйымдастыру, 320 орындық типтік «Бәйтерек» балабақшасын салу, балаларға арналған биопамперстер мен тағамдар шығаратын өндіріс орнын құру, т.б. жобалар бойынша келісімдер жасалып, іске асырылатын болды.
«Оңтүстіктің инвестициялық жобалары көрмесінің» қорытындысы бойынша жалпы құны 110,9 миллиард теңгені құрайтын 70 меморандумға қол қойылып, облыста 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда.