Биыл студенттер жатақханасының ақысы қымбаттаған жоқ

440
Студенттер жатақханасына қабылдау науқаны жүріп жатыр
Студенттер жатақханасына қабылдау науқаны жүріп жатыр
Студенттер жатақханасына қабылдау науқаны жүріп жатыр

Жаңа оқу жылы. Студенттік шақ. Жатақхана өмірі. Бұл — жоғары оқу орнына түсіп, студент атанғандарға таныс ұғымдар. Кейбір студенттерге жатақхана екінші үйіне айналғаны қашан. Ал енді біріне таңсық болатыны жасырын емес.

Сондай қуанышты жастардың бірі — Асыл Тоқтарәлі. Биыл жоғарғы оқу орнының табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бойжеткенге жатақхананың рұқсатнамасы да табысталды. 16 жасар ару сонау Қытайдан арнайы келіпті. Енді елдегі қандастарымен етене араласқысы келеді екен.

Бөлмелестерімен танысқан Асыл бірден-ақ шүйіркелесіп, жатақханаға жайғасты. Енді олар бір үйдің қыздарындай тұратын болады. Біріне-бірі сұрақ қойып, қызықты әңгімелер, бастан өткерген оқиғаларымен бөлісіп жатыр. Түс ауа кешкі тамаққа қамдана бастады. Міне, осылайша жатақхананың қызық әрі шыжыққа толы өмірі басталып кетті.

Асыл Тоқтарәлі (суретте сол жақта) бөлмелестерімен танысып жатыр
Асыл Тоқтарәлі (сол жақта) бөлмедегі қыздармен танысуда

 Асыл Тоқтарәлі, студент: «Мен студент болғанымды енді сезініп отырған сияқтымын. Қобалжып, толқып та отырмын. Ата-анама деген сағыныш та басталып кетті. Қасымдағы қыздарды да онша тани бермеймін, мен үшін бәрі жаңалық. Көптеген аға-әпкелерімнен естуші едім, жатақхана өмірі өте қызық деп. Бір жағы сол үшін, ал екіншіден мұнда пәтерді жалдау ақысы қымбат екен. Оған қарағанда жатақхананың бағасын қалта көтереді. Студент болдым екен деп ата-анама көп салмақ салғым келмейді. Сондықтан жатақханада тұруды жөн көрдім.»

Қалта демекші, биыл студенттер жатақханасының бағасы өзгеріссіз. Сол 17 500 теңге күйінде қалып отыр. Айта кету керек, биыл да жатақханаға сұраныс жоғары. Дәлізде ұзын-сонар кезек. Кейіпкеріміз тұрақтаған жатақхананың меңгерушісі — жастар арасында кеңінен танымал болған Әбіләкім ағай. Көңілді тапқырлап клубы ойындарында да әзілге жиі арқау болатын — осы кісі. Жылдар бойы жатақхана қадағалауын қолға алған ол, студенттер үйіне жайғасуға кімдердің құқылы екенін айтты.

Жатақханадағы кинозал
Жатақханадағы кинозал

Әбіләкім Нұрсұлтанов, жатақхана меңгерушісі: «Жатақханаға кез келген студенттің жайғасуына болады. Бірақ біз, біріншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан студентке, екіншіден жетім және тұл жетім студенттерге баса назар аударамыз. Ары қарай 1, 2, және 3-курс студенттері болып, кезегімен жалғасып кете береді. Негізі биыл жатақханаға сұраныспен келгендердің бәріне орын тауып беріп жатырмыз. Ал жатақханада менің рұқсатымсыз бір бөлмеден екінші бөлмеге ауысуға, рұқсатсыз бөлмелеріне бөгде адамды қондыруына, түнгі сағат 23:00-ден кешігіп келуге, жарыққа зиянды құралдарды қосуға, спирттік ішімдік ішуге, шылым шегуге қатаң тыйым салынады.»

Кітапхана, асхана, кинозал, ғаламтор бөлмесі… Мұның бәрі мемлекеттік ЖОО-на түскен жатақхана студентеріне арналып отыр. Сондықтан, сіздерге тек білім алу ғана қалды. Ендеше, іске сәт, студент!