Біздің қоғамда СПИД-ке шалдыққан балалар қалай өмір сүріп жатыр? Ғасыр дертін жұқтырған жеткіншектерге көпшіліктің көзқарасы мен қарым-қатынасы қандай? «Вич індетін жұқтырған балалардың құқығын қорғау» тақырыбындағы семинар-тренинингке қатысушылар осы сауалдарға жауап іздеді.
Мектеп оқушыларының ғасыр дерті туралы бар білетіні — СПИД-тің соңы өліммен аяқталатыны ғана. Ал оның жұғу жолдары тұрмақ, анықтамасынан да бейхабар. Шәкірттерге аты суық дерт жөнінде хабардар ететін семинар сабақтар өтіліп-ақ жүр. Бірақ оқушылардың СПИД туралы түсінігі әлі де таяз.
Нұрила Миятбек, оқушы: «Сыныбымда СПИД-пен ауыратын бала болса, ол барлығының денсаулығына қауіп төндіреді. Себебі Спид басқа балаларға жұғып кетуі мүмкін».
Жанерке Баймұханбетова, оқушы: «Ондай сыныптасымыз болмай-ақ болсын. Ешқашан».
Қазіргі біздің қоғамда балалар тұрмақ, ересектердің өзі осы бір аты жаман ауруға шалдыққандарға үрке қарайды. Осының салдарынан Шымкентте ВИЧ індетіне шалдыққан оқушыларды мектептен қуу жағдайы да орын алған. Өткен жылы қаламыздағы жекеменшік гимназияның бірінің медбикесі мектеп директорына 2 бірдей баланың жағдайын жайып салған еді. Ал гимназия басшылығы бірден оқушыларды мектептен аластатты. Мұның соңы әлгі медбикенің үстінен қылмыстық істің қозғалуымен аяқталды.
Жанетта Жазықбаева, «ЖҚТБ-нан балаларды қорғау» қорының президенті: «Жалпы оқу жылының ішінде бірнеше ашық сабақтар өткізу керек. АИТВ, нашақорлық, ішімдік, темекі, салауатты өмір салтын насихаттау туралы жалпы оқушыларға айтып, жеткізіп, білім беру керек».
«СПИД-пен өмір сүретін балалардың құқығын қорғау» тақырыбындағы үгіт-насихат сабағында оқушыларға арнайы фильмдер көрсетілді. Айта кетейік, бүгінде облысымздағы СПИД-ке шалдыққан 228 баланың 190-ы қаламыздағы мектептерде білім алып жүр. Соның биыл 18-і 1-сыныптың табалдырығын аттады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iqYVBu2QmFE[/youtube]