Қоғамдық қабылдауға 10 адам келді

«Дәрігердің кесірінен ұлым мүгедек бола жаздады». «Нұр Отан» партиясына арызданып келген тұрғындардың бірі осылай деді. Айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы ахуал ақша қыстырмасаң, тірлігің бітпейтін жағдайға жеткен.

Қоғамдық қабылдауға 10 адам келді
Қоғамдық қабылдауға 10 адам келді

Сайрам ауданындағы Қарасу ауылының тұрғыны Гүлзира Сармұрзаева жергілікті аурухананың травматолог дәрігеріне өкпелі. Айтуынша, дәрігердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауының кесірінен оқыстан құлап қалған баласының басына қан ұйып қалып, оған ота жасауға тура келген. Кешіктіріліп берілген жолдаманың кесірінен ұлым мүгедек болып қала жаздады дейді ол.

Гүлзира Сармұрзаева: «Балам үш күн бойы үлкен адамдар секілді жылаған кезде жанымды қоярға жер таппай кеттім. Ал травматолог Тәжиевтің алдына барғанда «балаңыздың жағдайы жақсы, ми шайқалу деген осындай болады» деп, шығарып салды. Егер дер кезінде рентгенге түсіру үшін облыстық ауруханаға жолдама берген кезде, балам осындай жағдайға түспес еді. Оған ота жасалмас еді.  Ол дәрігер тексеру комиссиясының мүшелеріне «жолдаманы мен келген күні бердім» деп айтып жатқан көрінеді. Бірақ, онысы — өтірік. Өйткені, жолдаманы үш күннен кейін бергенін растайтын құжаттарым бар.»

Келіншектің айтуынша, жолдама үшін дәрігер ақша дәметіп, сол себепті кешіктіріпті. Осындай арызын денсаулық сақтау басқармасының басшысына жеткізген Гүлзира Сармұрзаева дәрігерге шара көрілсін деп келіпті. Және аталған дәрігерге шағымданушылар тек бұл емес көрінеді.

Жұмағали Исмаилов мәселенің ақ-қарасын айыру үшін арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Егер аталған дәрігердің айыбы нақтыланса, оның жазасын құқыққорғаушылар береді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=JBARTKM9K1M[/youtube]

Бұл күні денсаулық сақтау басқармасы басшысынан жұмыс сұрай келгендер де болды. Сөздеріне сенсек, қазір аталған салаға жұмысқа тұру үшін қалтаңыз қалың болуы шарт. Әйтпесе, барлық жерде — «Қорқыттың көрі». Осы секілді арыз-шағымдарды тыңдаған Жұмағали Исмаилов келушілерге бар мәселені заң аясында шешіп беруге уәде етті.