Д.Сатыбалдының әкім болғанына – 100 күн

Бауырлары жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын, үйленген, отбасында 3 қыздың әкесі екенін де осы жолы білдік

Қыркүйектің 3-і күні Дархан Сатыбалдының Шымкент қаласына әкім болып тағайындалғанына 100 күн толды. Елде жоқ осы бір үрдісті соңғы жылдары әсіресе, әкімдіктегілер дәстүрге айналдырып алғаны рас. Бірі – осы даталы күнге орай қайырымдылық акциясын өткізсе, енді бірі – БАҚ-ты жинап, сұхбат береді. Көз көріп, көңіл үйренген әдіс.

Әкім бола салысымен ел есінде қалғаны – Дархан Амангелдіұлы өзі бастап қалалық әкімдіктегі шенеуніктерді ертіп, қан құю орталығына барды
Әкім бола салысымен ел есінде қалғаны – Дархан Амангелдіұлы өзі бастап қалалық әкімдіктегі шенеуніктерді ертіп, қан құю орталығына барды

«Шымкенттің имиджін өзгертудің қажеті жоқ»

Десек те, лауазымды орынтаққа жайғасқан азаматты жақынырақ танып білуге «жүз күндіктің» тигізер септігі жоқ емес. Сонымен, біз білмейтін, Оңтүстікке есімі онша таныс емес Дархан Сатыбалды 100 күнде не атқарды? Ел оны қандай басшы деп бағамдап жатыр? Осыған тоқталайық.

Әкім бола салысымен ел есінде қалғаны – Дархан Амангелдіұлы өзі бастап қалалық әкімдіктегі шенеуніктерді ертіп, қан құю орталығына барды. Қан тапсырды. Қан берді. Шымкенттіктерге қан сыйлады. «Қан шығарды». Қадамын қайырымды істен бастағанына жұрт сүйсініп қалған.

Ал жалпы алғанда бұл әкімнің атқарғанынан, атқарары көп сықылды. Себебі, бұған дейін қаланы түгел шарлап, қай жерде не барын, әсіресе қаланың қысқа дайындығын жіті тексеріп қайтқан қала басшысы алдағы күнге мықтап жоспар түзе білгендей. Көпшілік бұл әрекетін «жас келсе-іске» деген, «жас болған соң да қимылы ширақ, көп нәрсе тындыратын азамат сияқты» деп жүр. Қаншалықты тындыратындығын алдағы қыс көрсетіп береді, әрине. Айтпақшы, Дархан Сатыбалдының еңбек жолында Астана қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын басқарғаны айтылады. Әрине, жарты жыл көп уақыт емес, дегенмен Астанадай нән қаладан жинаған тәжірибесі аз болмауға тиіс. Сонымен…

Миллионер қала

Облыс әкімінің алдына қойылған Елбасы тапсырмасы – Шымкентті «миллионер қала» ету. Жаңа әкімнің де ең басты ісі осы тапсырманы жүзеге асыру. Былтыр ел Үкіметінің №1134 Қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының жаңа Бас жоспарына сай қалада құрылыс жұмыстары қарқын алған. Шаһарды көріктендіруге қатысты бұрынғы жобаларға көптеген өзгерістер енгізіліп, архитектуралық жобалар мақұлданған. Қала тұрғындарының қатары да артып отыр. Осыған байланысты бірінші кезекте жеке үй салуға жер учаскесін беру мәселесі тоқтатылып, көпқабатты тұрғын үйлер салуға басымдық берілуде.

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, Бас жоспарға сәйкес Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарынан қалаға жақын, барлығы 36 елді мекен қала құрамына енгізілген. Осылайша қала аумағы 17 мың гектар жерге ұлғайтылды.

Дархан Сатыбалдының еншісіне тиіп отырған мәселе – осы жұмыстарды кезең-кезеңмен іске асыру. Яғни, бірінші кезеңде – Сайрам ауданынан 29 елді мекенді қала құрамына енгізу жоспарға алынса, екінші кезең аясында – Ордабасы, Төлеби аудандарынан 7 елді мекен қарастырылған. Шымкенттіктердің саны 2015 жылға қарай – 1 млн болса, 2025 жылы 1 млн 200 мыңды құрайды деп жоспарланып отыр.

«Ал қалаға қосылған ауылдардың коммуналдық жағдайы: су, жарық, газ, жол мәселелері тиісті жоспарға сәйкес толықтай жүзеге асырылады», – дейді қала әкімі.

Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығының  құрылысы толық аяқталса, облыс орталығы бас қала – Астанадан айнымай қалатындай
Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы толық аяқталса, облыс орталығы бас қала – Астанадан айнымай қалатындай

Астанадан айнымай қалады

Иә-иә, Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы толық аяқталса, облыс орталығы бас қала – Астанадан айнымай қалатындай. Сондағыдай зәулім үйлер, әсем ғимараттар бізде де болады.

Қазір Бас жоспарға сай осындағы бес нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, облыстық әкімдік ғимаратының кіреберіс алаңы мен ғылыми-әмбебап кітапхана, орыс драма театры, облыстық конгресс холл және халықтық шаруашылық жетістіктер көрмесі. Ғылыми-әмбебап кітапхана мен орыс драма театры нысандарының құрылысын аяқтап, іске қосу жұмыстары бірінші кезекте тұр. Сонымен қатар, жалпы қаланың құрылысы жеке инвестициялар арқылы қарқынды жүргізілуде. Желтоқсан көшесі мен Байтұрсынов көшесінің қиылысында бес жұлдызды «RIXOS» қонақ үйі салынып жатыр. Қонаев даңғылы бойында көпқабатты тұрғын үйлер кешенінің құрылысы бой көтеріп, аяқталуға жақын. Бұл нысандар соңғы үлгіде, заманауи талаптармен салынып, Шымкенттің сәулеттік келбетін көтереді.

Қала көшелеріндегі оң жақ бұрылыстардың құрылысы жалғасуда
Қала көшелеріндегі оң жақ бұрылыстардың құрылысы жалғасуда

155 көше жөнделмек

«Биыл қаладағы 155 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 33-інде жұмыстар аяқталды. Бұл жоспар жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі оң жақ бұрылыстардың құрылысы жалғасуда. Мұндай жол бұрылыстарының тиімділігі Астана қаласында дәлелденген. Аталған тәжірибе ендігі кезекте Шымкент қаласына енгізілмек. Жоба бойынша жуырда 51 бұрылыстарды салу жоспарланып отыр»,-дейді қала әкімінің баспасөз қызметі берген мәлімет. Олай болса Дархан Сатыбалды қаланың көшелерін ретке келтіруді де өз жоспарынан ұмыт қалдырмаған болып отыр.

Дархан Сатыбалды қаланың көшелерін ретке келтіруді де өз жоспарынан ұмыт қалдырмаған болып отыр
Дархан Сатыбалды қаланың көшелерін ретке келтіруді де өз жоспарынан ұмыт қалдырмаған болып отыр

Апта сайын рейд

Қалалықтарды жолаушы тасымалымен айналысатын көлік компанияларының жұмысы көптен бері толғандыруда. Қалаған кезінде жолақыны көтере салатын компанияның әзірге жолкіреге сай қызмет көрсетіп отырғаны байқалмайды. Енді міне, Дархан Сатыбалдының бастамасымен Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын бақылау мақсатында әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері кешкі сағат 20.00-21.00 аралығында тұрақты түрде рейдтік шара өткізілу қолға алынған.

Бауырлары жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын, үйленген, отбасында 3 қыздың әкесі екенін де осы жолы білдік
Бауырлары жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын, үйленген, отбасында 3 қыздың әкесі екенін де осы жолы білдік

Дархан Сатыбалды кім?

Өмірбаянынан анау айтқан ерекше ақпаратты білу қиын. Тек кезінде ҰҚК-де қызмет атқарғаны ғана есте қалатындай. Басқасының барлығы «Шымкент қаласының әкімі болуға әу бастан-ақ дайындалған кадр» дегізе қоймасы анық.

«Шымкентті басқару қиын, оған әбден ысылған маман керек» дейтіндердің де аузына осы жолы құм құйылғандай. Себебі, аты беймәлім азаматты Оңтүстікпен тек туған жері ғана байланыстырады. Сарыағаш ауданы, Абай ауылының тумасы. Үбірлі-шүбірлі 7  балалы отбасында ер жеткен Дархан Сатыбалды әлі де болса жұртқа жұмбақ жан.

Өткен аптада қала әкімі белсенді жастармен кездесті. (Бүгінгі қоғамда «блогшылар» тым белсенді болып кетті ғой). Сол «блогер» жастармен болған басқосуда әкім мырза өзінің ақжарқын мінезімен танылды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға еркін жауап бере отырып, «Шымкенттің имиджін еш өзгертудің қажеті жоқ. Шымкент деген бренд. Ескі стереотиптер жойылған. Қала жақсы қарқынмен дамып келеді. Адамдары да қонақжай, кішіпейіл. Қала басшысы ретінде емес, бұл пікірімді қала тұрғындарының бірі ретінде айтып отырмын. Шаһарымызға келген адам оған анық көз жеткізеді» деп өз ойын бүкпесіз ақтарып салған.

– Мектепте өте жақсы оқыдым. Сабақтан 4 алған күндері әкем менімен сөйлеспей қоятын. Жоғары оқу орнын бітіріп, жастайымнан еңбекке араластым. Жалпы, болашақта үлкен қызметтерді атқарам десеңіздер, білім мен еңбектеріңізге сеніңіздер. Басқа сіздерге ештеңе көмектеспейді, – дейді Дархан Амангелдіұлы.

Бауырлары жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын, үйленген, отбасында 3 қыздың әкесі екенін де осы жолы білдік.

Түйін:

Шымкент – облыс орталығы ғана емес, көрші мемлекеттермен шекаралас жатқан өңірдің бас қаласы ретінде де дәулетіне сәулеті сай болуға тиісті стратегиялық шаһар. Дос көріп сүйсінетін, дұшпан көріп күйінетін қала болмағы керек. Ал сол көп керектіні жүзеге асыратын Дархан Сатыбалды сынды әкімдер. Солай боларына сенейік.

Ж.ШАЛАБАЕВА