«Ерлі-зайыптының бақытты болуы – өз қолында»

Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова

Бүгінде ер-азаматпен иық тірестіріп, биліктің биік шыңын бағындырып, әр салада белсенділік танытып, қызмет атқарып жүрген нәзікжандылар аз емес. Сондай әйелдердің бірі — Шымкент қаласының тұрғыны, Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова
Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова

Жиырма жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Сәкен мен Гүлсара 2 қыз, 1 ұл өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты отбасылардың бірі.

Мен көп балалы отбасында өсіп-өндім. Жанұямызда 4 ұл, 3 қызбыз. Мен отбасымыздағы 3-ші баламын. Әкем Сәрсенбай өте қатал кісі болатын. Сол кісінің қас-қабағына қарап өстік. Ол кісі балаларына «ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Арларыңды да, қолдарыңды да таза ұстаңдар» деп отыратын. Сол кісінің сөздерін санамызға сіңіріп өстік. Ата-анамыздың тынымсыз адал еңбегінің нәтижесі болса керек, жоқшылық пен тапшылық көрмедік. 1985 жылы мектепті тәмамдап, Ресейдің Иваново облысы Кинешма қаласындағы Экономикалық институтқа оқуға түстім, – дейді Гүлсара Сәрсенбайқызы.

1989 жылы оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлсара елге оралып, Шымкент қаласындағы «Заря» аяқ-киім өндірістік бірлестігіне есепші болып жұмысқа орналасады. 1990 жылы «Жорға» ауылшаруашылық ғылыми-өндірістік фирмасына есепші, 1992 жылы Еңбекші аудандық атқару комитетінің шаруашылық бөліміне есепші болып жұмысқа тұрады. 1993 жылы тұрмысқа шыққан кейіпкеріміз үлкен бір әулеттің келіні атанады.

39-004

24 жасымда үлкен бір шаңырақтың келіні атандым. Атам Қазығұрт ауданы, Жылыбұлақ ауылының белгілі азаматы. Ол кісінің есімі — Оңғар. Енемнің аты – Сайлау. Ол кісі 9 құрсақ көтерген Батыр ана. Менің жолдасым Сәкен ата-енемнің тұла бойы тұңғыштары. Оның артынан ерген 5 інісі мен 3 қарындасы бар. Келін болып түскенімде қатты қиналдым,- дейді кейіпкеріміз алғашқы келін болып түскен кезін еске алып. – Сәлем салу, есік алдын сыпыру мен үшін қиын болды. Әлі есімде, ауылда тұрған кезімде көрші-қолаң, ағайын-жұрт, бала-шағаның барлығына жаппай сәлем салатынмын. Кейде бір адамға күніне бірнеше мәрте сәлем салған кезім де болған. Үйде жүрген кезімізде анам «Түз – ердікі, үй – әйелдікі. Үйде жылылық болса ғана түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану — міндет» деп отыратын. Біз де өз кезегінде анамыздың сөзіне құлақ түріп, барған жерімізге тастай батып, судай сіңдік. Қайынінілерім мен сіңлілеріммен, келіндеріммен де тату-тәтті тұруға тырыстым. Өкінішке орай қара шаңырақта көп тұрғанымыз жоқ. Өйткені, Сәкеннің де, менің де қызметім қалада болғандықтан ата-енем еншімізді беріп, бөлек шығарды.

Он жыл бойы қарапайым маман болып қызмет еткен Гүлсара Сәрсенбайқызы 1998 жылы Шымкент қаласы әкімшілігінің өнеркәсіп, көлік және байланыс басқармасының, 1999 жылы Шымкент қаласы әкімшілігінің көші-қон және демография басқармасының, 2005 жылы Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас есепшісі қызметіне дейін көтерілді. 2007 жылы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы болып тағайындалған Гүлсара Тәшімова, 2013 жылдан бастап Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары.

Жиырма жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Сәкен  мен  Гүлсара  2 қыз, 1 ұл өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты отбасылардың бірі
Жиырма жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Сәкен мен Гүлсара 2 қыз, 1 ұл өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты отбасылардың бірі

Өмірден түйгенім көп. Қандай шешім болса да алдымен өзіме келіп тірелетін болғандықтан, жан-жақты ойланып, сол нәрсенің дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін ғана бір тоқтамға келемін. Қызметке ерте араласқандықтан болар қызметкерлермен тіл табысып, ортақ бір мәмілеге келіп, жұмыла жұмысқа кірісу маған еш қиындық туғызған емес. Айналамдағы қызметкерлердің көбі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен адамдар. Осы салада тәжірибелі жас мамандарға жол сілтер ағаларымызбен қандай күрделі мәселе болмасын бірге ақылдасып, ортақ шешім қабылдап отыруға тырысамын. Қызметтің ауыр жүгі өз арқамда болса да, шешім қабылдауда тығырыққа тіреліп көрген емеспін. Дәл қазір өзімді бақытты әйелмін деп айта аламын. Өйткені, ибалы келін, адал жар, аяулы ана, қадірлі ене атанып отырмын. Қосағым Сәкен екеуміз балаларды өсіріп, қызды ұзатып, өмірдің ағымынан қалыспай келе жатырмыз. Кезінде анам отбасы құндылығы жайлы бізге қандай өсиет айтса, бүгінде мен қызым Айданаға «Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс – тіршілік әкеледі. Отбасының іргетасы ер азамат пен әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Отбасын құрғанда ерлі-зайыпты өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін бойына сіңіре білу керек», деп өз ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Айдана тұрмысқа шықпаған кезінде маған үй шаруасында көмектесетін. Жұмыстан шаршап келгенімде, кешкі ас дайын, төсегім салулы тұратын. Балтырым сыздаса да қызыма уқалатып, бір марқайып қалатынмын. Енді үйде жұбайым, ұлым үшеуміз ғана. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, банкі жауып, қазы айналдырамын. Шынын айту керек, мен үй бикелері секілді түрік, кәріс телехикаяларын көрмеймін. Оған уақытым да жоқ. Қолым қалт етсе, тәтті тоқаш пісіріп, үй шаруасымен айналысқанды жөн көремін.

Ойымша ерлі-зайыптылар өздерін қаншалықты бақытты сезінгісі келсе, соншалықты бақытты болу олардың өз қолдарында. Ал, жанұядағы жылулықты сақтау, әйелдің мойнына жүктелген парыз, – дейді кейіпкеріміз.

Билік басындағы бикеш Гүлсара Сәрсенбайқызының өмір тағылымы, отбасылық жағдайы, тәлім-тәрбиесі осындай.

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Қызметте үй шаруасында бар ауыртпашылықты арқалап жүрген әйелдер жайында айтар ойыңыз, ортаға салап тақырыбыңыз болса, хат жазып, пікір білдіріңіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ