Тұрғындарға "екі күн сусыз қалсаңыздар, ештеңе етпейді" деген жұмысшылар құбырларды бұзып тастаған

«Хамза» шағынауданында тұратын 150 отбасы сусыз қалды. Есептеуіш құралдарын жаңаламақ болған газ саласының мамандары абайсызда орталық су жүйесін бұзып алған. Құбырлардан атқылаған су жергілікті халықты әбден әбігерге салды.

Тұрғындарға "екі күн сусыз қалсаңыздар, ештеңе етпейді" деген жұмысшылар құбырларды бұзып тастаған
Тұрғындарға «екі күн сусыз қалсаңыздар, ештеңе етпейді» деген жұмысшылар құбырларды бұзып тастаған

 Жаңалау жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларға тұрғындар «Су арнасы — Маркетинг» мамандарымен келісіп алуды ұсынған. Алайда, бұл кеңеске құлақ түрген жан болмапты. Тұрғындар ақырында жол азабын да тартып, ауызсудан да айрылды.

 «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің жаңалау жұмыстарына тек хамзалықтар ғана емес, Гастелло көшесінің де тұрғындары наразы. Асфальт жолға қолдары әрең жеткен тұрғындар енді астаң-кестеңі шығып жатқан көшелерден көлікпен де жүре алмайтын жағдайға жеткен.

 Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары модернизациялау жұмыстарының жыл соңына дейін жалғасатынын айтады. Заманауи талаптарға сай газ тарату жүйесін қалыптастыру — уақыт талабы. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырсақ та жерді қазудан басқа амалымыз жоқ дейді.

 «ҚазТрансГаз Аймақ»АҚ бас маманы Роберт Пак: «Біздегі көшелер тар, экскаватор сыймайды. Былтыр газды жеткізе алмай қиналғанбыз, тұрғындардан көп шағым түскен. Сондай жағдайлар орын алмас үшін қалай да жаңа жүйеге ауысуымыз керек».

Сала мамандары бұзылған жолдарды жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң тақтайдай етіп тегістеп беруге уәде беріп отыр. Алайда, құбырлардан атқылаған судың шығынын кім төлейтіні әзірге белгісіз.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=2uZshLpK2hs[/youtube]