Шымқаладан аттанған бақша өнімдері керуені 2 мың шақырымнан артық жолды артқа тастап, Мәскеуге жетті. Сапалы әрі бағасы қалта көтерер өнімнің ішінде қауын, қарбыз, жүзім, пияз, қырыққабат, сәбіз сияқты көкөніс, жеміс-жидектер бар. Азық-түлік өнімдері өз алдына, қазақтың төл өнері — қолөнер бұйымдары да жәрмеңкенің жомарттығын танытты. Ресей астанасына жеткізілген өнімнің жалпы салмағы — 300 тонна. Шымкенттік кәсіпкерлерге Мәскеудің орталығынан, әйгілі «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі» алдынан арнайы орын берілді.
Жәрмеңкеге жергілікті тұрғындар жеткілікті жиналды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан сауда-саттық орнына келгендер өнімнің сапасы мен бағасына тәнті болды. Дәмі тіл үйірер «Жұлдыз» қауынының келісі 30-40 рубльге сатылды. Дегенмен, бақша өнімін көтере сатып алып, оны әрі қарай қымбат сатқан делдалдар да болды. Мұндай алыпсатарлардың айласының алдын алу үшін жәрмеңке алдағы уақытта жалғасады дейді мамандар.
Олег Сосковец, ресейлік тауарөндірушілер одағының президенті: «Біздің ойымызша, Қазақстанда мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп, заңдық тұрғыдан әкімшілік кедергілер жойылған. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, салық жеңілдіктері, несиені субсидиялау — осыған дәлел. Бұл шетелдік инвесторлардың да үлкен қызығушылығын туғызуда».
Жәрмеңке соңы бизнес-форумға ұласты. Шараны сол елдегі Қазақстан елшілігі ұйымдастырды. Онда Оңтүстік Қазақстан облысының экспортты дамытуы мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен айтылды. Айта кетейік, айтулы басқосуда 10-нан астам келісім-шартқа қол қойылды. Бұған қоса ресейлік кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысында энергетика, жылумен қамту, жол құрылысы салаларында жұмыс істеуге құлық танытып отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0sR7dAib6QM[/youtube]