Облысымызға белгілі азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Ерлан Нұрмаханов 5 қыркүйек күні 40 жасқа толды. Іскерлік қасиетімен көзге түскен Ерлан Нұрмаханов артта қалған 40 жылда талай белесті бағындырып отыр. Бизнестегі алғашқы қадамын газет сатудан бастаған азамат бүгінде «ERNUR корпорациясы» ЖШС-нің директоры.
Құрамында баспахана, 35 дүңгіршегі, 3 көтерме сауда дүкені бар корпорациядан 12 түрлі газет-журнал басылып шығады. «Мұндай жүйе тіпті Қазақстанда жоқ» деп мақтанып айта алады ол. Өйткені мақтауға тұрарлық. Жеке редакциялар, баспаханалар, газет тарататын фирмалар бар, бірақ бір жерде шоғырланып, кластерлік жүйемен дамыған дәл мұндай мекеме расында жоқ. Бүгінде бұл ұжымда 500-ге жуық адам қызмет етеді. Замандастарынан оқ бойы озық тұрған Ерлан Зайыпұлы тың жобаны қалай жүзеге асырғандығы туралы ой бөліскенде оның бойынан біліктілікті аңғару қиын емес.
– 1994 жылы баспа өнімдерін альтернативтік таратуды қолға алып, шағын мекеме құрдық. Тұп-тура үш жыл өткеннен кейін мекеменің құлашы кеңейіп, 1997 жылдан бастап газеттер ашуды қолға алдық. Және де баспа өнімдері мен кеңсе тауарларын сататын көтерме, бөлшектеп сату дүкендері ашылды. Уақыт өте келе заман талабына сай келетін газет-журнал сататын дүңгіршектер санын арттыруға да белсене кірістік. Тынымсыз еңбек етудің арқасында осы мақсаттағы межеге қол жеткіздік. Газет сатумен қатар, оны шығаруды қолға алып, биік белестерді бағындырып, сындарлы сәттерді бастан өткеріп жатқан сол жылдары біз өз жұмысымызға көңіліміз толып, тоқтап қалған жоқпыз. Керісінше, бұдан да үлкен белестерді бағындыруды көздедік, – дейді ол.
Ерлан Зайыпұлының халық қалаулысы болып жүргеніне де біраз жыл. Сайлауда басым дауыс жинап, екі рет облыстық мәслихатқа депутаттық мандатты жеңіп алған. Өзі сайланған округ пен туған өлкесі Бәйдібек ауданының біраз мәселелерін шешуге мұрындық бола білді. Тізбектей берсең өте көп. Ең бас-тысы – халықтың көңілінен шықты. Алғысын алды. Құрметке бөленді. Бұл – үлкен жеңіс. Елдің перзенті, халықтың азаматы болу – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Жемісті істерінің нәтижесі ретінде Ерлан Нұрмаханов марапатталып жатты. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл» медальдары, ҚР Президентінің Алғыс хаты, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің грамоталары – осының дәлелі.
Ерлан Зайыпұлының меценаттығын да көпшілік жақсы біледі. Ол жетім балалар мен қамқорсыз қалған қарттарға үнемі көмек қолын созып, қамқорлық танытып келеді. Сондай-ақ, қайырымды жан мешіт-медреселерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтуды да әдетке айналдырған.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Жасы қырықты алқымдаған кейіпкеріміздің әлі де талай асуды бағындыратынына сенім мол. Еңбекқорлығы мен іскерлігі оған осы жолда күш берері сөзсіз. Ендеше, Ерлан Нұрмахановты туылған күнімен құттықтай отырып, еңбегінің жемісті болуын тілейміз, біз де!
Гүлнұр СӘТБАЕВА