Біздің облыстағы жалғыз моноқала – Кентау екені белгілі. Халқының саны 80 мыңға жеткен шаһар бүгінде ептеп дами бастаған. Кентау ең алдымен өндірісшілердің қаласы ретінде елге танымал. Атына заты сай жерасты байлығы мол, қазыналы өңір. Сол үшін де ол республикадағы 27 моноқаланың қатарына қосылды. Қала басшылығы бұдан әрі өндірістің тасын өрге домалатып, өркендеген өңірге айналуды мақсат етіп отыр.
Елбасының өзі осы моноқалаларды дамыту бағдарламасын тікелей бақылауында ұстап отырғаны белгілі. Бағдарлама екі кезеңге бөлінген. 2013-2015 және 2015-2020 жылдарға дейін. Пилоттық жоба ретінде былтыр Кентауға 241 000 000 теңге қаржы қарастырылыпты. Оған қаланың жауапты шенеуніктері абаттандыру жұмыстары, алаңшаларды талапқа сай жасау сияқты көзге көрінетін істер атқарған. Кентау — орта деңгейдегі қала. 2020 жылға дейін бағдарлама бойынша жоғары санатқа кіруге талпынып отырмыз дейді қала әкімі. Ол үшін кешенді бағдарлама да түзіліп қойған.
Кентау – өндірісшілердің қаласы. Сондықтан өндірісті өркендету керек. Оған қаланың инфрақұрылым мүмкіндігі де жеткілікті. Қала әкімі Бақытбек Байсалов Трансформатор зауытының жанынан 814 млн теңгеге бағаланған жоба дайындағандарын айтады. Болашақта ол жерде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақшы. Бұдан басқа 41 гектар жер бөліп, индустриялды аймақ ашылған. Оған индустриялды аймақтың инфрақұрылымын, логистикасын дайындап, тың жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік жасалады екен.
Қаланың инфрақұрылымын жақсартуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 2 млрд 332 млн теңгесін 2014 жылы газдандыруға бағытталмақ. Жобалық сметалық құжаттары дайын көрінеді. Сараптамадан өтіп келгеннен кейін, алғашқы сатыларын дайындай береді. Тұрғын үй мәселесі бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы қолға алынған. Биыл 60 пәтерлі тұрғын үй салынады екен. Жоспар бойынша алдағы бес жылдың ішінде 10 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға бермек ойлары бар. Әкімнің айтқандарына сенсек, алдағы 4-5 жылдың ішінде Кентау қаласында тұрғын үй мәселесі толық шешіледі.
– Қазір құны 6 млрд теңгеден асатын 7 жоба бар. Оған 356 адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Талпынып отырған жеке шағын кәсіпкерлердің саны да артқан. Бұл бағытта арнайы жеңілдікпен құны 1 миллиардтан асатын 22 жоба дайын тұр. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қаламызда бөлімшесі бар. Солар арқылы бұл 22 жоба мақұлданды. Мұны бір деп қойсақ болады, – дейді Кентау қаласының әкімі Бақытбек Байсалов. – Екіншіден, Кентаудың айналасында жерасты байлығы жетеді. Сонымен қоса түрлі 136 млн тонна қалдықтар бар. Сол қалдықтарды да кәдеге жарату керек. Бұл алдымен экологиялық жағдайды жақсартуға, екіншіден экономикалық тұрғыдан пайда көруге және жаңа технологияны тартуға мүмкіндік туғызады. Бұл үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет. Егер Үкімет бізге сол қалдықтарды зерттеп, анықтап берсе, ертең біз инвесторларға мынадай өнім алуға болады деген сияқты ұсыныс айтар едік. Жасыратыны жоқ, бұл жұмыс баяу жүріп жатыр қазір. Содан кейін теміржол мәселесін шешуіміз керек. Өндіріс жүргенде тасымалдаудан қиындық болмауы тиіс. Кеңес дәуірінен қалған, жылына 4 млн тонна жүк таситын теміржолымыз бар. Бірақ, ол жекенің қолында. Қазір олармен келіссөз жүргізудеміз.
Кентаудың жылыту қазандығын-дағы апатты бүкіл республика біледі. Тығырықтан әупірімдеп шыққан шаһар басшылығы келесі маусымға дайындықты бастап кеткен. Расын айту керек, ол жерде 1958 жылы салынған қазандықтар тұр. Әбден тозған. Шығыны көп. Қаржыны көп қажет ететін көрінеді. Әкімдіктегілердің алдағы уақытта газбен жылытатын жаңа технологиялы қондырғы орнатсақ деген ойы бар.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ