Сот саласында қызмет еткеніне 40 жылдан аса уақыт болған Шара Бийсимбиеваның еңбек жолы қарапайым хат тасушыдан басталғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Одан кейін іс жүргізуші, кеңесші сияқты қарапайым қызметтерді атқарған қайсыбір тұста ол облыстық сотқа еден жуушы болып та жұмысқа орналасқан. 1975 жылы мектепті бітірген соң ҚазХТИ-дің силикат факультетіне оқуға тапсырады. Бір жағы отбасылық жағдайы келіңкіремей, бір жағы аттай қалап түскен мамандығы болмаған соң Шара Әбдешқызы бір жылдан кейін оқуын тастап, елге қайтады. Еңбекші аудандық халық сотында хат тасушы, содан кейін сот мәжілісінің хатшысы болып жұмыс істейді. Оң-солына қарап, болашаққа бет түзеген ол 1981 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетінің сырттай оқу бөліміне түседі. 1987 жылы аяқтап, Абай аудандық сотына судья болып сайланады. Шара ханым табаны күректей 21 жыл бойына осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді.
Қазір әл-Фараби аудандық сотында судья қызметін атқаруда. Төрт қызды өсіріп, тағылымды тәрбие беріп отырған кейіпкеріміздің басқа қандай қыры бар? Ол үшін дөңгеленген дүниенің мәнісі неде? Шара әлемінен сыр шертіп көрейік.
– Шара Әбдешқызы, былайғы жұрт судьяларды қатаң, мейірімсіз деп біледі. Бір адамның тағдырын шешіп тастап, түк болмағандай жүреді деп жазғыратындар да бар. Шынында судьялар сондай ма?
– Судья да адам. Біздің жанымыз ауыратын кездер де болады. Адамның тағдырын шешу – оңай іс емес. Осыдан біраз уақыт 18 жастағы жігіттің ісін қарадым. Өзі 10-сыныптан бастап намаз оқып, имандылыққа бет бұрған көрінеді. Бірақ, кейін нағашысының ықпалымен басқа бір теріс ағымға түсіп, соның нәтижесінде ол жігіт ұлттық, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттерді насихаттайтын жеткізгіштерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айып тағылып, сот үкімімен кінәлі деп танылған. Қылмыстық істі қарау барысында әлгі сотталған жігіттің анасы қарапайым мұғалім екендігі анықталды. Жігіттің түріне қарасаң – көзің тояды, өзі қазақтың сүйкімді жас жігіті. Тек теріс ағымда жүрген өз нағашысының арбауына түсіп қалғаны… Сотта сол жігіт айыбын мойындамады. Бірақ, мен өзім жігіттің жан дүниесімен өз әрекеттері үшін өкініш білдіріп тұрғанын сездім. Сол үшін тағайындалатын жаза жеңілдетіліп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
Сол бала тегі, көңілімнің түкпірінде қалып қойды… Былтырғы жылы қаншама жалындап тұрған жас жігіттер ұялы телефон ұрлағаны үшін сотталды. Биыл сәл де болса, мұндай қылмыстар азайған. Былтыр тым үдеп кетіп еді. Он екіде бір гүлі ашылмаған қаншама жас қыздар түрмеге тоғытылып жатыр. Бұрын әйелдер сотталып жатқанда судьялар – өзіміз «әйел басымен не күн туды?» деп таң қалатынбыз. Қазір сотқа ісі түсіп жатқандардың көбісі — нәзік жандылар, оның ішінде аяғы ауыр әйелдер бар, көпбалалы аналар қаншама?! Аяйсың. Бірақ, сен аяғанмен, заң аямайды…
– Судьяларға қоқан-лоққы жасайтындар да көп шығар?
– Иә, ондайлардың талайын көрдік. «Құртам, жоям» деп көзімізше қоқан-лоққы көрсетеді. Бірақ, оған түсіністікпен қарауға тырысамыз. Ашу үстінде айтылып жатады. Әрине, сотталушы – біреудің баласы, біреудің әкесі, біреудің қызы… Телефонмен қорқытатындар да көп. Мазаңды алады, кейде тіпті «қалай болар екен» деп ойланып та қаласың.
– Осындайда судьялардың қауіпсіздігі қаншалықты ескерілген?
– Қызметінің қиындығына қарай, судьялардың қауіпсіздігі жолға қойылады. Өз тәжірибемде ондай жағдайлар көп болды. Осыдан 3-4 жыл бұрын мен лаңкестікке (терроризм) қатысты істі қарадым. Сонда ҰҚК сарбаздары күзетте тұрған. Мұның барлығы судьяның қауіпсіздігі үшін, құжаттардың қолды болып кетпесі үшін жасалған шаралар. Қазір ондай саяси салмағы ауыр қылмыстар мамандандырылған сотқа жөнелтіледі.
– Расында да қызметіне қарай соттардың түрі де көбейген. Сонда да судьялардың жүктемесі жоғары күйінде қалып отырған сыңайлы.
– Ол рас. Қазір кәмелетке толмағандарға қатысты істерді арнайы ювеналдық сот, аса ауыр қылмыстар бойынша істерді арнайы мамандандырылған сот, әкімшілік құқық бұзушылықтарды мамандандырылған әкімшілік сот, ал қаланың үш аудандық соттары өздерінің аудандарында жасалған қылмыстық істер мен азаматтық істерді қарайды. Судьялардың жұмысы таңғы 8-ден басталып қара кешке дейін созылады. Ешкім бізге «ерте келіп, кеш қайт» демейді. Бірақ, үлгеру керексің. Себебі, жұмыс көп. Мысалы, бүгінгі кесте бойынша 4 отырысқа кіремін. Одан бөлек, мерзімінен бұрын босату, соттағы том-том санкцияларды қарап шығуым керек. Әрқайсысының бекітілген уақыты бар. Мерзімінде тапсырмасақ болмайды. Біздің аумақтың ерекшелігіне қарай, істердің көбі әл-Фараби аудандық сотында қаралады.Себебі, мемлекеттік органдардың көбісі, оның ішінде іс көп түсетін ІІД, облыстық қаржы полициясы, теміржол бізге қарайды. Қылмыс көп болатын кафе-ресторандар мен саябақтар осында. Аудандардағы істердің соңғы эпизодтарын да біздің судьялар қарайды.
– Судьялар жұмыс жүктемесіне шағынса да, материалдық жағдайы жаман емес шығар …
– Иә, бүгінде судьялардың материалдық жағдайы жақсы. Жаңадан сайланғандарға мемлекет үй де беріп жатыр. Қағаз-қаламымызға дейін алып береді. Баяғыда ондай заттарды өзіміз сатып алып, жұмыс істейтінбіз. Қазір жұмыс істеймін дегенге барлық жағдай бар. Бұрын сартылдатып машинкада отыратын едік. Бір әрпінен қате жіберсек, ұзын-сонар материалды қайта басып шығуға тура келетін. Қазір компьютер, интернет ондай жұмыстарды қысқартты. Қазіргілер осы мүмкіндікті пайдаланып, көп іздену керек. Бар нәрсенің қадіріне жете білген жөн.
– Былтыр 16 жасар қызды қағып кеткен полиция майоры Асқар Көлбаевтың ісін қарадыңыз. Амнистияның арқасында қылмыстық ісі қысқартылып, сот залынан босатылған Асқар Көлбаеқа қатысты шығарылған шешім қоғам наразылығын тудырды. Шыныңызды айтыңызшы, бұл шешім қаншалықты әділ шығарылды деп ойлайсыз?
– Көлбаевтың жолы болды. Жол апатын адам қасақана істемейді… Жұрт бұл жағдайды даурықтырып жіберді негізі. Біреулер тіпті «жүргізуші куәлігінен айырмапты» дегенді шығарды. Сол күні-ақ Көлбаев көлік жүргізу құқынан айырылған болатын. Менің басым екеу емес. Заң аясында ғана әрекет еттім. Жоғары сот өкілдері де бір емес, екі рет түсініктеме берді. Көлбаевтың ісі рақымшылық талаптарына толық келіп тұр.
– Жұрттың наразы болатынындай бар емес пе? Мас күйде көлік басқарғаны бар, қала берсе көлік жүргізу құқығынан небәрі 2-ақ жылға айрылды, майор шенінде қалды… Оның жанында ұсақ-түйек ұрлық жасап, ұялы телефон алғандар 3-4 жылға кесіліп жатыр. Мейлі, біздегі рақымшылықтың талабы солай шығар. Бірақ осы жағдайға судья емес, қарапайым адам ретінде қарап көрдіңіз бе?
– Көлбаевқа қатысты сұрақ маған көп түседі. Шыны керек, қазір осы тақырыпты талқылағым келмейтін жағдайға жеттім. Амнистияға ілініп, іс қысқартылды. Көлбаевтың бағы бар екен… Анасы айтпақшы, жолы болды… Басқа алып-қосарым жоқ.
– Жарайды, әңгімеміздің ауанын басқа арнаға бұрсақ, сот саласына келмегенде, кім болар едіңіз?
– Дәрігер болар едім. Бала кезімде дәрігер болуды армандағанмын. Ем-дом жасауға ебім бар. Тіпті мықты дәрігер болар едім деп айта аламын. Біздің үйдегілер ауруханаға жүгіре бермейді, жеңіл-желпі науқастанып қалса, өзім қарап, қолымнан келген шарамды жасаймын. Үйдегілердің біреуі сырқаттанып қалса, тамақтан болды ма екен, әлде мен тамақ жасап жатып қолымды жумай, микроб түсіріп алдым ба деп жиі алаңдайтыным бар. Өзімді отбасымның саулығына жауапты санаймын. «Ауру-астан» дейді ғой. Алдымен, тамақтың таза, құнарлы болуын қадағалаймын.
– Төрт қызыңыз бар екен. Олар немен айналысады? Жолыңызды қуды ма? Жалпы, отбасыңыз туралы айтып беріңізші…
– Жолдасым – зейнеткер, отставкідегі полковник. Үш қызым – заңгер. Өздерінің қалауы солай болды. Кенже қызым әлі мектепте 9 сыныпта оқиды. Ол дәрігер болғысы келеді. Төртіншімді ұл болады деп үміттенген едім. Бірақ, Құдайдың қалауы шығар, қыз берді. Менің осал тұсым осы… Есесіне, қыздарым кілең ұл немерелер сыйлап қуантып жатыр. Кейде бір жігіттер қылмыс жасап, бірнеше рет істі болып, алдыма келіп жатады. Жүректері езіліп, бауыр еті — балапаны үшін шырылдап аналары тұрады. Сол кезде тәубеме келемін. «Бір бұзақыны тезге түсіре алмай жүрер ме едім мен де» деп. Қыз деген жақсы ғой, өзіңе мейірімді келеді екен.
– Кабинетіңіз гүлге толы екен. Шамасы, гүл өсіргенді жақсы көресіз-ау…
– Иә, гүлге қатты қызығамын. Көктем шыға саяжайға асығамыз. Демалыс күндері мені гүл базарынан кездестіруіңіз әбден мүмкін. Себебі, өзімде жоқ гүлдерді сатып алып, жаңа түсімді қызықтаймын. Гүлге қызығатын құрбы-құрдастарымды да гүлдің тамырларына қарық қыламын. Менің саяжайым түрлі-түсті гүлге толы. Бір ғана роза гүлдің 70 түбі бар. Гүлді жұлғанды жаратпаймын. Қыздарым сыйлыққа апаруға бақшадағы гүлдерден алғысы келеді. «Тимеңдер, сатып алыңдар» десем, ренжиді «не үшін егесіз, сыйлыққа бермесеңіз» деп. Мен үшін гүл өсіп, жайқалып тұру керек сияқты. Өзім де тимеймін, өзгені де жолатпаймын. Көріп отырсыз, кабинетте де гүлдің ортасында отырамын. Бір хатшым қарамайды осыларға, өзім күтіп-баптаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА