Енді Оңтүстікте ауызсудың әлегі азаяды. Өйткені ТМД-да жоқ жер асты сусорғылары біздің өңірде шығарылады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша өте қажет-ақ қондырғылар шығаратын зауыт жұмысымен кезекті іс-сапарымен Шымкентке келген Елбасы да танысты.
Қазақ-неміс бірлескен зауыт толық қуатына енгенде жылына 7,5 мың данаға дейін сусорғы шығарады екен. Әзірге бір ауысым бойынша жұмыс жасап жатқан кәсіпорын жыл сайын 2,5 мың құрылғы шығаруды місе тұтып отыр. Ал жұмысшыларының барлығы да жақында Германияда біліктігін арттып келіпті.
Илья Разваляев, сусорғы құрастырушы: «Германияда бізді осы құрылғыны жинаудың барлық түріне үйретті. Оқытуда болған 1 ай ішінде біз, тіпті, аспаптарды құрастыру жылдамдығы жағынан неміс әріптестерімізді де таң қалдырдық».
Бір қызығы, зауыт басшылығы сусорғыларының бағасын әлі күнге нақтыламапты. Бұл — батырмалы насостар нарықта қымбат болуы да мүмкін деген сөз. Біздегі осындай бірқатар кәсіпорынды Елбасының өзі келіп ашып кеткені есімізде. Алайда солардың кейбірінің қазір тоқтап тұрғаны жасырын емес. Осы ретте жаңа зауыттың да болашағы бұлыңғыр болып кетпей ме деген сауал туындайды.
Зұлқайнар Жылқайдар, кәсіпорынның бас директорының орынбасары: «Алла қаласа, жұмысты ұзақ істейміз. Өйткені, нарықта біздің шығарған өнімге қажеттілік бар. Біздің кәсіпорын 2003 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бастапқыда дилерлік жолмен жұмыс атқарғанбыз. Одан соң маркетингтік есептердің барлығы жасалып, осындай кәсіпорын ашылды. Сондықтан да зауытымыз жуық арада жабылып қалады деген күмән жоқ».
Батырмалы насостардың ерекшелігі — оның сапалығында. Болат сусорғыларға сұраныс осы күннен-ақ түсе бастаған. Зауыт жетекшілігі шығарылған өнімнің жартысын еліміздегі кәсіпкерлерге сатып, қалғанын шетелге экспорттамақ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9imxqCpl8gY[/youtube]