Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір адам қырым қанды безгегіне шалдықты. 53 жастағы азамат — Бәйдібек ауданы, Бөген ауылының тұрғыны. Мал бағумен айналысады екен. Бірақ өзін қандай да бір кене шағып алғанын байқамапты.
Тек өзін жайсыз сезінгеннен соң дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осыдан кейін бұл азаматты дәрігерлер оқшаулап, облыстық жұқпалы дерт ауруханасына жатқызыпты. Осы жерде оның расында да қырым қанды безгегін жұқтырғаны расталған. Айта өтейік бұл — биыл өңірде қырым қанды безгегін жұқтырудың үшінші фактісі.
Нұрбек Нышанов, ОҚО санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы: «Науқаспен байланыста болған 12 адам анықталды. Олардың барлығын дәрігерлер тексерді. Алайда олардан безгектің белгілері байқалмады. Ал мына науқастың жағдайы қалыпты. Дәрігерлердің бақылауында жатыр».
СЭҚБ мамандарының сөзіне сенсек, осы күнге дейін өңірдегі ірі қараның 77 пайызына дәрі бүркіліп, 75 пайызы тоғытылған. Ал қора-жайдың 89 пайызы дәріленіпті. Осы уақыт аралығында 40 мыңға жуық кене тексеріліп, оның 65-нің қауіпті екені анықталған.
Былтыр 4600 адамды кене шақса, биыл, осы уақытқа дейін 1900 оңтүстікқазақстандықты аталған жәндік тістеп алыпты. Кенеден қорғану жұмыстары 25-қыркүйекке дейін жалғасады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Br1Qv9iLbbY[/youtube]