№36 мектеп апатты деп табылыпты
№36 мектеп апатты деп табылыпты
№36 мектеп апатты деп табылған

Оқу жылы да басталды. Шымкентте биыл 89 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Облыс көлемінде 22 жаңа мектеп ашылды. Бірақ айтулы Білім күнінде бірнеше мектепте күміс қоңыраудың күмбірі естілген жоқ. Осы білім ошақтарының арасында №31 мектеп те бар. Мұнда жөндеу жұмыстары әлі күнге жалғасып жатыр.

ОҚО ауданаралық экономикалық соты тамыз айында өңірдегі 245 мектепті уақытша жабу туралы шешім шығарған. Білім ұяларының 213-де өрт қауіпсіздігі талаптары өрескел бұзылған деп тапты. Ал 30-ның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жауап бере алмайтыны анықталған еді. Апатты мектептердің жайы өз алдына. Бұл кемшіліктердің көбі өткен оқу жылының барысында анықталған.

Бақытжан Құлмағанбетов, ОҚО ТЖД басшысының орынбасары: «Ақпан айынан бастап біз тексердік, наурыз-сәуір айларында бітірдік. Содан бері 6 ай уақыт болды. Мынау мектеп басшылығы, білім басқармаларының басшылығы бұған немқұрайлы қарайды. Одан ешқандай нәтиже шығарған жоқ».

Осындай кемшіліктерді биылғы жаңа оқу жылында болдырмас үшін, Оңтүстікте бас-аяғы 109 білім ұясына күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс мамыр айының соңында қолға алынған. 25-тамызда толық аяқталуы да тиіс болатын. Білім саласының басшылары уәдені беріп те қойған еді.

Нышан Байғұтов, ОҚО білім басқармасы басшысының орынбасары: «Мектептердің 99 пайызы жаңа оқу жылына дайын. Қалған кем-кетіктері бар мектептер қазір қабылдану үстінде. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болады».

Алайда…

Оқушылар мектепке қоғамдық көліктермен жеткізіліп жатыр
Оқушылар мектепке қоғамдық көліктермен жеткізіліп жатыр

Шымкенттегі №31 мектептің оқушылары қоғамдық көлікпен басқа мектепке жеткізіліп жатыр. 2-ауысымға да оқушылар кезекпен барады. Олар сағаттап автобусты күтуге мәжбүр. Ал автобус жүргізушілері уақыттың тарлығын тілге тиек етіп, көліктің аузы-мұрнын кішкентай оқушылармен лық толтырып әкетіп жатыр.

Роза Қонарбаева балаларын оқытқысы келмейді
Роза Қонарбаева балаларын оқытқысы келмейді

 

Роза Қонарбаева, ата-ана: «Міне, қанша бала келе жатыр. Оның ешқайсысы сыймайды қазір, бәрі қалып кетеді, сабақтан кешігеді. Одан бұрын автобусқа сығылысып мінген бала қиналып қалады. Содан баланың ынтасы кетеді, оқығысы келмейді. Тіпті, оқытпасам деп отырмын қазір».

Бір ғана бұл мектеп емес, іргесі 1970 жылы қаланған №1 А.С. Пушкин атындағы мектептің 3 ғимаратының екеуі апатты деп танылыпты. Жаңа оқу жылын мектеп шәкірттері іргесі бекем бір ғана ғимаратта бастады. Салынғалы күрделі жөндеуді көрмеген оқу ошағындағы 1700 оқушының 300-і көрші мектептерге қатынап жүр. Апатты корпусты жөндеуге мемлекет қоржынанан 160 миллион теңге қаралған екен. Бірақ, білім ұясының басшысы жұмысты жүргізер мердігердің өзі түгілі, көлеңкесін көрмегенін айтады.

Гүлназ Әбілдаева, №1 мектептің директоры: «Бұл әңгіме наурызда айтылған. Содан осы уақытқа дейін созылып, міне, қазір тамыз бітіп, қыркүйек басталды. Енді ғана белгілі болып отыр ғой мердігердің кім екені. Бірақ оларды әлі көргеніміз жоқ».

Ал қалалық білім бөлімінің басшылығы бұған не дейді?

Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің басшысы: «Шындығына келгенде, осы күрделі жөндеу жұмыстарын барлық мекемелерде 2 бөліп өткіземіз. Яғни, біз оны толығымен жүргізер болсақ, 3 айда біз үлгере алмаймыз».

Мұндай жағдайлардың соңы кей мектептерде оқушылар санының артуына себеп болып отыр. Мысалы, № 65 мектепте тек 1-сыныпқа қабылданғандардың ғана саны 536-ға жетіп жығылған. Арнайы 14 сынып ашылыпты. Оның 12 сыныбы түске дейінгі ауысымда болса, 2-уі түс қайта келеді мектепке. Салдарынан дайындық сыныптары жойылған. Осылайша 1251 оқушыға шақталған білім ұясында 3000 шәкірт 2 ауысымда білім алып жатыр. Тиісінше, оқулық жөнінен де мәселелер туындап жатыр.

Қатира Кәдірбаева, №65 мектептің директоры: «Сыныптардың 90 пайызына оқулықтар жетеді. Қалғанын ата-аналар сатып алады. Ең бірінші аз қамтылған отбасыға, әлеуметтік жағдайына қараймыз».

Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері оқушылардың өз аудандарына қарасты мектептерде оқуын ата-аналарға талай рет айттық дейді. Өтініп, талап етіп те көрген. «Бірақ тыйым салуға қауқарсызбыз» деп отыр мамандар.

Айтпақшы, бүгінге дейін №33 мектептің оқу жылына дайындығы ата-аналар мен білім саласының басшыларын қатты алаңдатқан еді. Бірақ бұл білім ұясындағы күрделі жөндеу жұмыстары 3 жарым ай бойы жүріп, шала-шарпы болса да бітті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=acd3vHy_q4I[/youtube]