Кешегі аптада Шымкенттің СМУ-4 ауданындағы №70 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі пара алып жатқан жерінен қаржы полицейлерінің қолына түсті. Бала күтіміне байланысты демалыста болып, өзінің бұрынғы қызметіне оралған тәрбиешіден пара дәметкен меңгерушінің түлкібұлаңға салған әрекетінен түк шықпады.
Ақша көрсе жолдан таятындардан аяқ алып жүре алмай қалдық. Бастықтың орынтағынан бастап, қыстақтағы 5 сыныптық мектепке еден жуушы болып кіру үшін де пара бермесең болмайды. Қысқасы парасыз жұмысқа кіре алмайсың, тірлігің алға баспайды. Қазақ қоғамындағы ешкім теріске шығара алмайтын құбылыс бұл. Шырмауықтай маталған осы жүйені ыдыратуға әзірге ешкімнің шамасы келер емес. Шамасы келеді-ау дегендердің өзі сондай қылмыс жасап жүргенде кімге өкпелерсің…
Дегенмен шенеуніктер қазір пара алуға аздап қорқақтайтын болыпты. Ұсталып қалғандардың зар қағып жүргенін көрген шығар. Әйтсе де тегін ақшаға қолын сілтей салатындар ілуде біреу ғана.
Парақорлардың көптігінен Оңтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша талай жылдардан бері алғашқы орынды бермей келе жатқанын жұрттың бәрі біледі. Парақорлықпен қоса сыбайлас-жемқорлық та бет қаратар емес. Биылдың өзінде үлкен қызметтегі бірнеше кісі істі болып, талай жылғы жиған абырой-беделі құмға сіңсе, соларға қатысы бар тағы бір-екі адам орынтағымен асығыс қош айтысып, құмға сіңбесе де елге сіңіп, көрінбей кетті.
Қазақстанда бизнес жасау қиынның қиыны дейді осы салада жүргендер. Таяуда тендерге қатысып, тірлік істеп жүрген бір жігітпен әңгімелесіп қалдым. Тендерге қатысты біраз шындықтың бетін ашып берді. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Айтуынша мем.тапсырысты жеңіп алу үшін міндетті түрде бірнеше пайызын тиісті адамына беруің керек. Оны бәріміз де естіп-біліп жүрміз-ау, бірақ бұл жігіт нақты қаншасы кімге беретіндерін тәптіштеп тұрып айтып берді.
— Қазір негізі 10% деген жоқ. Келісіп, түсіртіп, 12-13 % қыласың. Ең көп дегенде 15%. Ал 20-ға келіскенше, істемей-ақ қойғаның жақсы. Жалпы 15-тен көп болса, жеңіп алудың еш мәні жоқ. Өйткені, қаншама жұмыс, еңбек. Адамдардың айлығы бар. Салықтар бар. Жақсы мамандар жалдау керек. Тексеруші органдар бар. Технадзор өлгенде бір процент сұрайды. Оның бәрі ертеңгі күні ақша. Объектіні алып алғаннан кейін бәрі басталады. Құрылысқа рұқсат аласың. Оның өзі ақша. Оған бермесең, рұқсат бермей қояды. Әкімшілік «ойбай, сендер құртып жатырсыңдар» деп ойбайлайды. Оларға бересің. Қорға аударып бер дейді. Аударып бересің. «Техника бер» дейді. Техникасын бересің. Мұнан соң «участковыйың» келеді. «ЧС»-тың бір қолы 500-ге барады. СЭС бар. Архитектурный. Сонымен общым өткізем дегенше… Білмеймін. Бизнес негізі қиын. Ақша бермей жұмыс істеу мүмкін емес, – дейді әлгі жігіт.
Осыдан кейін бизнесмендерді аямай көр. Бір шетінен қатып қалған бюрократияның да парақорлықтың біздің елде өрістеуіне үлкен септігі тиіп отырғанын байқау қиын емес. Жоғарыдағы жігіттің айтып отырған шындығының бәрі де сол қағазбастылықтың кесірі. Сосын жүйе әбден қалыптасып, тап бір мафияның жазылмаған заңындай нәрсеге айналып кеткен. Жоғарыда ОҚО елде осындай қылмыстар бойынша ешкімге біріншілікті бермей келе жатқанын айтқан едік, мына сандар соның дәлелі. Өткен жылы ОҚО-да 576 қаржылық қылмыс орын алған. Оның басым бөлігі, яғни 124-і мемлекет қаржысын жымқыру фактілері екен. Сондай-ақ, алаяқтық – 86, жалған кәсіпкерлік – 19, салық бойынша заңсыздық – 15, экономикалық контрабанда – 19 және заңсыз ойын кәсібі – 133. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты 187 қылмыс тіркелген. Оның басым бөлігі, 142-сі жеке меншікке қарсы жасалған. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш дейді мамандар. Қылмысқа жиі баратындардың көшін жергілікті басқару органдарының қызметкерлері бастап тұр (63). Олардан кейін құқық қорғаушылар.
Бүгіндері парақор, жемқорлықтың көкесін білім саласы да көріп отыр. Халық көп, жұмыс орны аз біздің облыста 1000-нан астам мектеп пен 517 мектепке дейінгі мекеме бар екен. Мұнда қызмет ететіндердің жалпы саны 200 мыңға жуық. Осыншама білім, тәрбие ошақтарына кіру үшін міндетті түрде бастықтың туысы болмай не болмаса пара бермей тұрақты жұмысқа кірем деу ақірет күннен де алысырақ.
Қаржы полициясының деректеріне жүгінсек, өткен жылы облыс бойынша 16 адамға қатысты 26 қылмыстық іс қозғалыпты. Соның 18-і сотқа өткен. Мақтаралда, Сарыағашта, Бәйдібекте мектеп директорлары парамен қолға түсіп, сотталып тынды.
Мектеппен қоса балабақша да парқорлардың ордасы. Таяуда ғана Шымкенттің СМУ-4 ауданындағы №70 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі пара алып жатқан жерінен қаржы полицейлеріне құдай ұрып, ұсталып қалды. Оқиға былай болыпты. Осы балабақшада тәрбиеші боп қызмет ететін Р. есімді әйел бала тууына байланысты «декреттік» демалысқа шыққан. Содан ақша керек боп, баласы 1 жасқа жетпесе де жұмысқа түскісі келген ғой. Сөйтсе бастығы біз сені жұмыстан шығарып жібергенбіз, қайтадан кіргің келсе, 500 доллар әкел депті. Алып барған. Ақшаға құныққан меңгеруші мұның аз, тағы 500 көк қағаз әкелмесең жұмысқа алмаймын деп қиғылықты салады. Қалтасында бар 200 долларын берсе, бетіне лақтырған. Әбден соры қайнаған келіншек осыдан соң қаржы полициясына арызданады. Өзара әрекет етуге бел буған қаржы полициясы өкілдері жәбір көрген әйелге сұраған ақшаны меңгерушіге апарыңыз, біз сол кезде оны ұстаймыз деп келіседі. Ақырында пара алып жатқан жерінде қанағатсыз меңгеруші қолға түседі. Әзірге бұған қатысты қаржы полициясы ресми мәлімет берген жоқ. Дегенмен зәбір көрген әйелдің ағасының айтуынша оқиға дәл осылай болған көрінеді.
Жалпы оңтүстік өңірде мұндай мысалдар аз емес. Ұсталмай жүрген ұрылар қаншама. Балабақша басшылары парақорлықтан өзге, мемлекет қаржысын қымқырудың да неше түрлі әдістерін меңгеріп алған. Бір бала жататын орынға екі баланы, бір баланың тамағын екі балаға бөліп беретін фактілерге де ұшырасып жүрміз. Одан қалса заңсыз қосымша топтар ашып, одан түскен ақшадан мемлекетке бір тиын да салық төлемей, байлыққа белшесінен батып жүрген қылмыскер меңгерушілер де бір төбе. Балабақшаны тексеруге келетін СЭҚ мамандары да жетісіп тұрған жоқ дейді осы салада жұмыс істейтіндер. Айтуларынша тексерген боп келіп, бастықтың кабинетінен қайтатын көрінеді. Ал бастық болса, ол кетісімен қызметкерлерден ақша жинап алады екен. Бұл да жазылмаған заңдардың біріне айналған құбылыс. Әзірге оны қойғызатын амал болмай тұр. Өйткені қызметкерлер бірдеңе дейін десе, жұмысынан айырылып қалудан өлердей қорқады. Осыдан кейін диктатор-меңгерушінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бір сөзбен айтқанда дәурені жүріп тұр.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
P.S. Баяғыда ауылда бір ақсақал айтушы еді, «Балам, ертең ер жетесің, қызмет істейсің. Сонда абай бол. Пара алма, берме де. Парақорды да жемқорды да тозақтың оты күтіп тұр. Біреудің үстінен ақша жеу, пайда көру күнәнің үлкені, ешқашан ондайға барушы болма қарағым», – деп. Ақсақалдың ақылы ақыл-ақ…
Жарқынбек Сейтімбетұлы, ОҚО білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитетінің төрағасы:
– Бұрындары мектепке мұғалім болып кіру ставкасы 500 доллар болатын. Қазір 3 мың долларға көбейіп кетті. Бұл дегенің параның ставкасы 6 есе көтерілген деген сөз. Ордабасы ауданының орталығы Темірланға барсам, мұғалімдер бастығымыз ай сайын бізден 2 мың теңгеден жинап алады дейді. Бір мектепте 150 мұғалім бар. Олардан «не үшін жинайды, неге бересіздер десем» – «аман есен жүргендерің үшін беріңдер» деп айтатын көрінеді.