Оңтүстікті басқарған жылдары Асанбай Асқаровтың өңірдің экономикасының ғана емес, рухани өркендеуіне қосқан үлесі де мол. Содан да болар Асанбай аға төңірегінде аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Соның бірін сексенінші жылдары қазығұрттық қариялар бірінші хатшыға иіліп сәлем салып, пәтерлі болған келін жайлы жыр ғып айтатын. Есте қалған сол әңгіменің кейіпкерін іздеп Қазығұртқа, Атбұлаққа тарттық. «Асқаровтан пәтер алған ана қайда жүр екен? Қазір жағдайы нешік?». Жауап іздеген сауалымыз осы-тұғын. Ал сізге, қадірлі оқырман түсінікті болсын, әрі Атбұлаққа дейінгі жол қысқарсын, Шәрипа ананың Асқаровтан пәтерді қалай алғанын айтып берейік.
…Кеңестік заман. Киелі таудың баурайында тұратын Шәрипа мен Әзбергеннің үйелмелі-сүйелмелі 15 ұл-қызы бар. Негізі Шәрипа ана 20 құрсақ көтерді. Алланың ісіне қарсы тұрар пендең қайсы? Аман-есен жетілгені осы болды. Оған мойымады. Қайта ауыл-аймақ: «Әзбергеннің әулеті одақтас 15 республикадай» деп әзілдейтін қызыға. Бұған Шәрипа мен Әзбергеннің мерейі өсіп, марқайып қалады. «Одақтас республикалар» жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Алды Шымкентке барып білім қуып, оқуды, жұмыс жасауды бастады. Қаланың тіршілігі белгілі. Бір-бірімен жетектесіп өскен ұл-қыз қалада да бір-біріне бас-көз болса екен, – дейді Шәрипа ананың жүрегі. Қаладан пәтер алу – ол заманда мүмкін емес. Мал бағып күнелтетін әулеттің қол қысқалығы тағы бар. О заманда бүгінгідей қазақ елінде 4 бала – көпбалалы ана атандыратын кез емес. «Батыр Ана» атану үшін кемі 10 бала туып, өсіруің қажет. Ал бұл әулетте 15 бала. Төсбелгіні тағынды. Ауыл арасында автобуста тегін жүреді. Ал қаладан пәтер алу мүмкін емес. Осылай жүргенде қаладан бала-шағасы қамкөңіл болып келеді. «Жалға алған пәтердің егесіне көрші орыс кемпір шағымданыпты. Мына үйге ауылдан қонақтар келеді де тұрады. Бауырлары да көп. Таусыла ма бұлар өзі?!» депті. Ана көкірегіне мұң қонды. Намыс кернеп барады. «Қалада өзге ұлттың итіне дейін пәтерлі. Ал, қазақтың ауылдан қалаға барған бала-шағасы әркімнің босағасында жәутеңдеп жүреді, жалданып». Шәрипа ана белді бекем буды да, облыс басшысы Асқаровқа тіке тартты.
Алдына бірден кіре алмады. Көмекшілері, хатшысы кідіртті. Мән-жайды жайып-салды.
– Балаларыңның туу туралы куәлігін көрсетші деді, – Асқаровтың көмекшісі Мәмбетов. Бар баласының құжатын көрсетті. Көмекшінің қасы керіліп кетті.
– Мынаның барлығын сіз тудыңыз ба?
– Иә!
15 баланың құжатын қолтықтаған күйі көмекшісі бірінші хатшының бөлмесіне кіріп кетті.
Аз-кем уақыттан соң ішке Шәрипа ана шақырылды.
– Ауылда үлкендердің тәрбиесін көріп өстік қой. Атшаптырым кабинетке кіріп барғанымда қазақы дәстүрмен алдымен бірінші мәрте көріп тұрған бөлмеге сәлем салдым, – дейді Шәрипа ана сол күнді бүгін сағынышпен, күлімсіреп отырып еске алып. – Сосын сол бөлменің иесіне сәлем салдым. Асқаров қатты риза болды. «Мың жаса, қарағым» деп қолымды алып, орындыққа отырғызды. Содан отбасымның, ауылдың жағдайын сұрады. Бәрін жасырмай айттым. Азамат екен, көмекшісін шақырып алып, «мына кісіге тез арада пәтер берілсін» деп тапсырма берді. Бір айдың ішінде қаланың қақ ортасынан 4 бөлмелі пәтер берілді. Бұл шаңырақ бүкіл ағайынға құт баспана болды. Балаларымның барлығы сол жерден аяқтанды, сол пәтерден шаңырақ көтеріп, енші алды, жетілді. Бір мүгедек балам бар, соның тағдырына алаңдап, Асқаров берген пәтерді қазір соның атына жаздырып қойғанбыз.
– Қазір жағдайларыңыз қалай? Ұл-қызыңыз өсіп, немеренің қызығын көріп отырсыз ба?, – дейміз сыр суыртпақтап.
– Жағдайымыз да, тұрмысымыз да жаман емес, – дейді Шәрипа апа – 35 немере, 20 шөбереміз бар. Ауылдың күйбең тіршілігі біткен бе, сірә. Шалым Әзберген екеуіміз Сабыр деген баламның, Жанар атты келінімнің қолында немере-шөберелерімізді бағып-қағып, солардың тәтті қылығына тоймай жүрген жағдайым бар. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деп атам қазақтың айтқаны рас екен ғой. Әйтеуір, осы балапандарым аман болсын, солардың тілеуін тілеп отырамын. Алланың осы көрсеткен күніне мың мәрте шүкіршілік. Балаларымның бәрі осы киелі қара шаңырақта өсіп-өнді. Бұл береке дарыған қасиетті шаңырақ. Қолымызда мал бар, бау-бақша, жер бар, балаларым кетпен шауып, егіс егіп, жұрт қатарлы күнін көріп жатыр. Қолымдағы баладан басқасының бәрі Шымкент қаласында тұрады. Барлығының өз кәсібі бар. Сауда-саттық, кәсіпкерлікпен айналысады. Раушан деген қызым өмір бойы ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Осы қызым бауырларына қамқорлық жасап, бас-көз боп өсті. Осыншама баланы өсіп-жетілдіру де оңай болған жоқ. Әйтсе де жастай еңбектеніп, шаруашылықтың жұмысынан да қол үзгеніміз жоқ.
– Биыл Отбасы күні алғаш рет тойланды ғой елімізде. Отбасы құндылығына да үлкен мән беріліп келеді. Асқаровтан кейін сіздің көпбала туып, азамат етіп өсірген еңбегіңізді елеген басшы болды ма облыста?
– Елбасыға мың да бір рахмет. Осының барлығы соның арқасында болып жатыр. Жастарға қазір барлық мүмкіндік жасалған. Не ішем, не кием демейді. Ал анау күнгі мерекесін тойладық. «Отан – отбасынан басталады» деген, барлық жақсылық, береке, қасиет осы отбасыдағы тәрбиеден басталады. Қазір аналарға, әсіресе көпбалалы аналарға жасалып отырған қамқорлық ерекше. Өзім де мемлекеттің қолдауын көріп отырмын. 15 ұл-қызды тәрбиелеп-өсіріп, қатарға қосқан еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Биылғы жылдың наурыз айында Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданынан 2 бөлмелі пәтер берілді. Бұл да балаларым мен немере-шөберелерімнің несібесі болса керек. Лайым, бұл шаңырақ та біздің әулетке құт-берекесін әкеле берсін.
— Апа аман болыңыз. Атам екеуіңізге шөбереден шөпшек көруді жасын.
– Рахмет. Қарақтарым. Арнайы іздеп келгендеріңе. Елге айта барыңдар «Асқаровқа сәлем салған ана Атбұлақта бала-шағасының арқасында қымыз ішіп, ет жеп, аман-есен жүр екен деп».
Шәрипа апа ақжарыла күлді. Аналардың жүзін мұң шалмасын! Алтын құрсақ аналар көп болсыншы!
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ