Жаңа бастама – ауыл әкімдерінің сайлауы ойдағыдай өтті. Енді сол жаңадан сайланған әкімдері ауыл ішіндегі мәселелерге білек сыбана кірісетін шығар. Осы орайда Шаян ауылындағы бірқатар мәселелерді ортаға сала кетейін.
Бәйдібек би көшесіне ағын су келмегелі көп жыл болды. Оған себеп — кезінде көшеге аяқ жол салуға қаладан біреулер келді де, опай-топай істеп, ештеңеге басын ауыртпай су ағатын арықты бітеп кетті. Сол құрылысшыларға мен қанша айтсам да көнбеді, олардың жұмысын ешкім бақыламады. Содан қыс-көктемде бітеліп қалған арық орнынан аққан су тасып, тұрғын үйлерге жайылады. Қазір Әділет департаментінің алдындағы арықтан бастап, сонау ауыл басындағы «лотокқа» барар жолдағы арықтар талапқа сай емес. Бір бөлігі бітеліп қалса, бас жақта біреулер құрылыс жұмыстарын жүргізіп, олар да арықты жауып тастаған.
Сонан кейін «ДЭУ» (бұрынғы) мекемесінен ары қарай Қазата ауылындағы бұрылысқа дейін жүрсең, біраз кемшіліктің куәсі боласың. Бұрыңғы МАИ бекеті қазір қараусыз, іші қоқысқа толған. Ары қарай қиылыстағы «лотоктың» жанында шиферден жасалынған, шатыры жоқ, ұсқынсыз дәретхана тұр. Осы тұстан жолаушылар әжетіне дені дұрыс дәретхана жасап қоюға болмас па еді?! Ал, Қазатаға қарай көлік күтіп отыратын жолаушылар аялдамасы болса құлағалы тұр. Біреуді басып қалмаса жарар еді. Отыратын орындықтары жоқ. Оның артқы жағы болса күл-қоқысқа толған.
Сондай-ақ, Асан деген кәсіпкер тас таппағандай тура Әділет департаментінің артқы жағынан трактормен тас алуда. Оның қасында үйлер бей-берекет салынып жатыр. Ол жерде не ауыз су, не ағын су жоқ. Одан әрмен Таңатар ауылына қарай түссең сол жақтан тура үйлердің жанынан топырақ алынған шұңқыр көрінеді. Ондағы тұрғындар болса, шұңқырға күл-қоқыстарын төгуде. Өзен маңында шұңқырлар тола бастаған. Өйткені кәсіпкерлер әр жерден барып тас пен құм ала береді. Не деген бей-берекетсіздік! Ауыл әкіміне «тасты мына жерден, топырақты мына жақтан алу керек» деп, бөліп қоюға болмас па еді?!
Артықбай КӘРІБАЕВ, ауданның «Құрметті азаматы», Еңбек ардагері