Сайлаудан кейінгі сарсаң

Егін егіп, мал бағуға жер таппай отырған ақдалалықтардан бүгінде маза қашты
Егін егіп, мал бағуға жер таппай отырған ақдалалықтардан бүгінде маза қашты
Егін егіп, мал бағуға жер таппай отырған ақдалалықтардан бүгінде маза қашты

Арыс ауданы «Ақдала» ауылдық округінің жұртшылығы жаңадан сайланған ауыл әкімінің қызметінен кеткенін қалап отыр. Айтуларынша, билік тізгінін ұстаған жаңа басшы халықтың мәселесін шешудің орнына, қарамағындағы кадрлық ауыс-түйістен қолы босамай жатқан көрінеді. Ал, онсыз да жапырақтай жайылым жерге зар болған ауылда мал қырылуда.

Өйткені, билік тізгінін ұстағанымен, ауыл әкімі Ағатай Тәженов ауылдың бас ауруына айналған жер проблемасын шешіп беруге сыңай танытар емес
Өйткені, билік тізгінін ұстағанымен, ауыл әкімі Ағатай Тәженов ауылдың бас ауруына айналған жер проблемасын шешіп беруге сыңай танытар емес

Егін егіп, мал бағуға жер таппай отырған ақдалалықтардан бүгінде маза қашты. Ауыл әкімдерін сайлаудан үлкен үміт күткен ағайынның бүгінде көңілі су сепкендей басылған. Өйткені, билік тізгінін ұстағанымен, ауыл әкімі Ағатай Тәженов ауылдың бас ауруына айналған жер проблемасын шешіп беруге сыңай танытар емес. Ақдала ауылының тұрғындары қарап отырып, егістік жерлерінен айырылып қалған. Заңнан хабары жоқ шаруалар өз үлесіндегі жерді заңдастырып үлгермепті. Енді 5 мыңға тарта адам қалай күн көрерін білмей, абдырап отыр. 2008 жылы жер үлестірілгенде, осы әкімдікке қарайтын үш елді мекеннің бірде-бір тұрғыны пайын ала алмапты. Қазір олардың күні жерді заңдастырып алған бір-екі кәсіпкерге қарап қалған. Солардан жерді гектарына 50-60 мың теңге төлеп, жалға алып күнелтуге мәжбүр. Ауылдың егістік алқабы 90-шы жылдары шаруашылық болып құрылып, Ауылшаруашылығы министрлігіне қараған. Алайда, сол жылы бұл ұжым банкрот болып, жердің бәрі Арыс қаласы әкімшілігінің иелігіне өтіп кеткен. Бірақ, содан бері бес жыл өтті, қарапайым жұрт жер ала алмай келеді. Есесіне, егістік жерді жергілікті кәсіпкерлер пайдаға асырып жатыр. Ал, жергілікті билік ауыл халқының жер үлесінсіз қалуына өздерін кінәлап отырған сыңайлы. Яғни, шаруашылық банкрот деп танылғанда, ешкім жерін заңдастыруға әрекеттенбеген. Ал, жаңа заң бойынша жер енді жекеге берілмейді. Әкімдік өкілінің айтуынша, ауыл тұрғындарына енді жер алу үшін өзара бірігіп ұжым не шаруашылық құруы тиіс.

Ал жергілікті билікті тізгіндеп отырған Ағатай Тәженов ауылдың ахуалынан енді хабардар болып жатқанын айтады
Ал жергілікті билікті тізгіндеп отырған Ағатай Тәженов ауылдың ахуалынан енді хабардар болып жатқанын айтады

Жайылымның жоқтығынан ауылдағы онсыз да азын аулақ мал сары аурудан қырылып жатыр. Алайда, жергілікті биліктің жедел емдік шараларды жүргізіп, жұттың алдын алу қамына қашан кірісетіні белгісіз. Ауыл биі Орынхан Арынбаевтың айтуына қарағанда, дерт дендегелі ауылда 22 бұзау өлген. Орынхан ақсақал өз малының да ауруға шалдыққанын айтады. Еп-септі жұрт малын өздерінше дәрілеп көрген, алайда онысынан түк шықпапты. Ауылдың көсегесін көгертетін ауылнайға зәру ағайын ауыл әкімін сайлау кезінде жергілікті халықпен санаспаған аудан әкіміне де ашулы. «Біз діттеген үміткерлер тіпті дауысқа да түспеді. Бізге ауылдың тұрмысын заманауи бағытқа бастайтын жас, білгір басшы керек» дейді. Ал жергілікті билікті тізгіндеп отырған Ағатай Тәженов ауылдың ахуалынан енді хабардар болып жатқанын айтады. Жұртшылық бұрын қаржы полициясында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан А.Тәженовтің орнына ауылдың проблемасымен етене таныс білікті азаматтың атқа қонғанын қалайды. Алайда, тұрғындарды тиісті шаралар көрілетініне сендірмек болған ол ызалы ағайынды сабырға шақырып әлек. Арысы мен берісі ат шаптырым жерді алып жатқан шағын ауылдың түйткілді мәселесі шаш етектен. Мұнда не жан бағар өндірісі, не мал жаяр өрісі жоқ ел қамығып отыр.

Мақпал РЫСБАЕВА