Бүгін Сайрам ауданының орталығындағы сауда орны өртке оранды. Тілсіз жау осындағы 100 шақты кәсіпкердің мүлкін күлге айналдырған. Ең сорақысы, дәл сол нысанда жергілікті «Елнұр» телеарнасының ұжымы да жұмыс істейтін. Қызыл алауға оранған ондағы бүкіл техника бүлінді.
Ақсу ауылындағы сауда орталығындағы өрт таңғы 5:30-дар шамасында басталған. 3 қабатты ғимараттың 2 қабатында 100-ге жуық кәсіпкер сауда жасайтын. Енді барлық тауары көкке ұшқан саудагерлер жыларман хәлде.
Кәсіпкерлердің айтуынша, нысанда өрт қауіпсіздігі бұрыннан сақталмайтын көрінеді. Оған дәлел ретінде ғимаратты қоршай бей-берекет салынған дүңгіршектерді келтіреді. Тілсіз жаудың дәл сол дүңгіршектерден шыққанын осындағы жалғыз қарауыл да растайды.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=E-rD9HL1_A4[/youtube]
Электр жарығының өшірілуін күткен өрт сөндірушілер де қызыл жалынды ауыздықтауды кеш бастаған. Соның салдарынан олар тілсіз жау 3-ші қабатқа жетіп қалған. Ал мұнда жергілікті «Елнұр» телеарнасы орналасқан болатын. Барлық техникасын өрт жалмаған журналистер үшін бұл жағдай төбеден жай түскендей болды. Аман қалғаны — өрт шарпыған мына құжаттар ғана.
Абырой болғанда тілсіз жаудан құрбан болғандар жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын құқыққорғау орындары анықтауда. Бұған қоса өрт қауіпсіздігіне жауаптылардан түсініктеме алынып, саудагерлердің шығыны есептеліп жатыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=u7Qt1WNXXho[/youtube]
Енді оқыс оқиға орнында арнайы түсірілген фоторепортажға назар аударыңыз.