Сайрамдық кәсіпкер өз ауылынан тігін цехын ашып, жерлестерін жұмыспен қамтып отыр. Әзірге мұнда 10 тігінші арнайы киімдер тігуде. Медицина халаты, күзетшілердің күртелешері мен өзге де арнайы киімдердің әр түрінен жылына 700 данадан тігіледі. Жаңадан ашылған тігін цехы үшін бұл үлкен жетістік дейді өздері.
Гүлнар Минязова, тігінші: «Қазір қыстық күртешелер тігіп жатырмыз. Күртеше, халаттан күніне 10-15 данаға дейін тігеміз. Өз жұмысым өзіме ұнайды. Айлығымыз 40 мың теңгеден асады. Осыған дейін үйде отырып, зерігіп едім. Осы жұмыс ашылып, жұмысқа орналасқаныма өзім қуанамын».
Тігін цехын ашуды кәсіпкер Абрар Толаметов біраздан бері жоспарлап жүріпті. Бірақ қалтаның жұқа, қолдың қысқалығы мақсатына жетуге кедергі келтірсе керек. Осы жобасын облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына көрсеткеннен соң орталық мамандары инвестор тауып беріп, жобаға қолдау көрсеткен.
Абрар Толаметов, тігін цехының директоры: «Келген инвестицияға біз тігін мәшинелерін сатып алып, жөндеу жұмыстарына жұмсадық».
Тігін цехының ұжымы бүгінде несиеге алған 3 миллион теңгені қайтару мақсатымен талмай еңбек етуде. Киімдерге дәл осындай қарқынмен тапсырыс түсіп жатса, кәсіпкер қарызын жарты жылда-ақ қайтаруды оайлап отыр. Одан кейінгі мақсат — цех ауқымын кеңейтіп, үлкен тігін фабрикасына айналу.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=91DTePmrBHM[/youtube]