Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары Сайрам ауданындағы «СемьЯ» сауда орталығының не себепті отқа оранғанын жариялады. Үш қабатты ғимаратқа жоғары кернеулі тоқ тартылғаны белгілі болды. Өрт те сол электр желісінен шығыпты.
Бақытжан Құлмағанбетов, ОҚО ТЖД басшысының орынбасары: «Бізде арнайы өрт сөндіру зертханасы бар. Сол зертхананың қорытындысы бойынша анықтағанымыз — өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан».
Айта өтейік, өткен аптаның жұмасында Сайрам ауданының орталығында орналасқан сауда орталығынан өрт шығып, үш қабатты ғимарат толықтай жанып кеткен болатын. Салдарынан жүзге жуық кәсіпкер нәпақасынан айрылса, аудандық телеарнаның техникасы мен он жылдық мұрағаты күлге айналды.
Өртке оранған сауда орталығының басшылары жергілікті өрт сөндірушілерді сотқа беруге бел байлап отыр. «Олар өз міндетіне жүрдім-бардым қарағаны үшін заң алдында жауап беруі тиіс» дейді орталық әкімшісі.
Ал төтенше жағдай департаментінің басшылығы өз қызметкерлеріне араша түсті. Олардың өз қызметтерін дер кезінде орындағандарына сенімді. Сол себепті орталық әкімшісінің сөзімен келіспейміз деп отыр.
Бақытжан Құлмағанбетов, ОҚО ТЖД басшысының орынбасары: «Ол жерде өрт көлемі үлкен болғандықтан, 11 автокөлік пен 109 адам жұмылдырылды. Біздің қызметкерлер міндеттерін толықтай атқарды деп айта аламыз. Сол сауда орталығын мамыр айында тексеруден өткізгенбіз. Ол кезде өрт шыққан дүңгіршек болған жоқ еді. Орталыққа жоғары кернеулі электр желілері тартылған. Біздің бригада барған кезде сол желімен 380 вольт тоқ келіп тұрған. Сондықтан жарыққа жауаптыларды сағат 05:51-де шақырдық. Олар сағат 06:02-де келіп жетті».
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TwPa03d9M5o[/youtube]