Шахматшы Зейнеп

Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінде шахматтан дәріс алатын Зейнеп Сұлтанбек қазіргі таңда «Шұбарсу» орта мектебінде оқиды
Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінде шахматтан дәріс алатын Зейнеп Сұлтанбек қазіргі таңда «Шұбарсу» орта мектебінде оқиды
Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінде шахматтан дәріс алатын Зейнеп Сұлтанбек қазіргі таңда «Шұбарсу» орта мектебінде оқиды

Зейнептің ақ-қара жолақты тақта үстіндегі шахмат фигураларының тұрқы мен жүріс-тұрысына деген қызығушылығы 6 жасында басталады. Анасы Алтыншаштың да осы бір патшалардың ойынынан хабары бар болатын. Қызының көне ойынға деген ерекше құлшынысын байқаған ол Зейнепті шахмат ойнауға үйрете бастайды. Ана мен бала арасында басталған дайындық — үй ішілік шеңберге сыймайды.

Талабын байқаған ағасы өз мектебіне алдырып, баули бастайды. Ағасынан үш айдай тәжірибе жинап, Ләззат Тажиева атындағы мектепте өткен шахмат жарысына қатысады. Өзінен үлкен аға-әпкелерінен басым түсіп, алға шығады. Дарыны байқалып тұрған Зейнепті арнайы шахмат бапкерлері қолына алады. Тыңғылықты еңбектің арқасында облыс көлеміндегі жарыстарда топ жарып, респуб-лика, тіпті шетелге де шығып, жүлдемен оралып жүрді.

Зейнеп бұған дейін шахматтар өтетін Қазақстан чемпионатына екі рет қатысып, Азияға берілген жолдаманы ұтып алған. Негізі, әр жылы Астанада Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол чемпионатта бірінші орын алған шахматшыға әлем чемпионатына қатысатын жолдама беріледі. Ал, екінші орын алса, Азия чемпионатына жіберіледі.

Тез шахматтан және рапидтен балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында рапид пен блицтен бірінші орын алса, классикалық шахматтан күміс жүлде иеленді.

2012 жылы Шри-Ланкада болған Азия чемпионатында 2011 жылдың чемпионын ұтып қойыпты.

Биылғы жылы да классикалық шахматтан екінші орынға ие болып, Иранда өткен Азия біріншілігіне барып қайтты. Одан кейін Грек елінде Қазақстанның намысын қорғады.

Анасы Алтыншаш: «шымкенттік шахматшылар өзге облыстарға дес бермейді. Алдыңғы орындардан көрініп, жүлде алып жүреді. Шымкенттен аз барғанмен, саз барамыз. Басқа облыстардан, мысалы Астанадан көп бала қатысады, бірақ медаль аз алады», – дейді.

Ләззат Тажиева атындағы №4 спорт мектебінде шахматтан дәріс алатын Зейнеп Сұлтанбек қазіргі таңда «Шұбарсу» орта мектебінде оқиды. Мақсаты көп. Біріншісі, гроссмейстер болу. Әр жылы көктемде тез шахматтан және рапидтен балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан чемпионатында бірінші, алдыңғы екі жылда да бірінші орын алған Бибісара Асаубаеваны ұту. Осылайша әлем чемпионатына жолдама алу. Осы күзде Шымкентте шахматтан республикалық жарыс болады. Сол сайыста жеңіске жетуге дайындалып жатыр.

Жәнібек НҰРЫШ