Көліктер көбейген сайын ауаның ластану деңгейі де жоғарылай береді

Шымкент Қазақстандағы ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың тізіміне енді. Жуырда өкілетті органдармен бірлесіп, рейд жүргізген мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы осындай мәлімдеме жасады. Автокөліктерден шығатын қалдықтардың нормативтерге сәйкестігін арнайы аспаптармен өлшеген мамандар қалада ауаның ластану деңгейі жоғары деген қорытынды жасады.

Көліктер көбейген сайын ауаның ластану деңгейі де жоғарылай береді
Көліктер көбейген сайын ауаның ластану деңгейі де жоғарылай береді

Олардың сөзіне сенсек, Шымқала атмосферасынының ластау индексі 10 балға тең. Оған қаладағы көліктер санының көптігі себеп дейді мамандар. Жол полициясының мәліметтері бойынша, қалада 54 мыңнан астам автокөлік, соның ішінде 4805 жүк машинасы, 2424 жолаушы көлігі және 47 040 жеңіл машина тіркелген. Жыл өткен сайын қалада автокөлік саны арта түсуде. Мамандардың пайымынша, ауаның ластану деңгейі индексі бойынша 5-тен аз немесе оған тең болса — төмен, 5-7 — артқан, 7-14 — жоғары, 14 болса — өте жоғары болып есептеледі. Облыстық гидрометеорологиялық орталық қала бойынша атмосфералық ауаның ластануы туралы ақпарат ұсынды. Онда 19 932 бақылау мәліметтері бойынша зиянды заттардың шоғырлануы көрсетілген. Зиянды заттар атмосфераға мұнай өңдеу, энергетика, түсті металдар өнеркәсібі кәсіпорындарынан таралады. Алайда, осы талдау зиянды заттардың жалпы көлемінің 70 пайыздан астамы жылжымалы көздерден таралып отырғанын да көрсетті.