Шымкенттік жастар Ата заңымыздың құрметіне арнап флэшмоб ұйымдастырды. Қала әкімдігі ұйытқы болған бастама қалалықтардың көңілінен шықты. Бұл — жерлестеріміз үшін үлкен жаңалық.
Айгүл Елібаева, қатысушы: «Ортаға шығып би билеу деген жоспарда болған жоқ, қарасам бәрі билеп жатыр екен. Мен де қосылып билеп кеттім. Өте қызық болды. Ортаға шыққанда қатты қобалжыдым, әлі де толқып тұрмын. Мен бақытты ұрпақпын деп ойлаймын. Болашақта білікті де, білімді техника саласының қызметкері болып, елімнің болашағына өз үлесімді қосқым келеді».
Желбіреген көк байрақ. Мерекелік көңіл күй. Конституция күні. Осының барлығы қаламыздағы Әл Фараби алаңының сәнін кіргізді. Жиналған көпшілік қуанып, әсерін жасырмай жүр. Бәрінен бұрын Ата заңымыз қабылданған күннің мән-мағынасын, төркінін құрметтейді.
Айман Құрметбайқызы, қала тұрғыны: «Осындай Конституция күніміз бар біз бақытты ұрпақпыз! Бұл күнді армандап, азаттықты армандап жүрген елдер қаншама?! Қадірлейік, құрметтейік осы тәуелсіздігімізді. Ата заңымызды ардақтайық, ағайын! Дәл осылай тойлау біздің парызымыз, міндетіміз!»
Тәуелсіз Қазақстанның айтулы куні мерекелік концертке ұласты. Халқымыздың ұлттық билері де сахнаны жандандырды.
Ал кеш қонақтары қас қарайғанымен үйлеріне қайтқысы келмеді. Халық болып, ел болып үлкен қуанышпен тойлауды жөн көріпті. Бұған қоса ауқымы кең концерттік шара көрерменнің көңілін баурап үлгерген. Концерттік бағдарлама аясында Қазақстанға танымал эстарда жұлдыздары, оның ішінде жерлестеріміз айтулы мерекеге арнайы шақырылған. Сахнаны әнмен тербеген өнер жұлдыздары осылайша баршаға керемет кеш сыйлады. Ал көпшілік көк аспанның астында Қазақстанның, Ата заңымыздың мәңгі жасағанын қалайды.